Шымкент қаласында мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мақсатында цифрландыру үдерісі қарқынды жүзеге асырылып жатыр. «Мемлекеттік органның ұйымдастырушылық дамуы» бағытында «Ақпараттық технологияларды қолдану» көрсеткіші 2022 жылы 46 пайызды құраса, былтыр бұл көрсеткіш 85 пайызға дейін жетіп отыр. Бұл – басқарманың жүйелі жұмысының нәтижесі. Сонымен қатар, «Ақпараттандыру туралы» заң аясында бекітілген «Ақылды қалалар» эталондық стандарты бойынша көрсеткіш те айтарлықтай өскен. 2022 жылы – 55 пайыз болса, былтыр 76 пайызға жетті. Бұл – қаламызда Smart city қағидаттары тиімді түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Қаланың білім беру мекемелерінде Alaqan биометриялық жүйесі пилоттық режимде енгізіліп, өзінің тиімділігін көрсетті. №65 мектеп-гимназиясында 6 ай ішінде оқушылардың 99 пайызы жүйеге тіркеліп, мектепке кіру, шығу және тамақтану процесі автоматтандырылды. Бұл бастама 1-4 сынып оқушыларының 92 пайызын тегін ыстық тамақпен қамтуға мүмкіндік берді. Әлеуметтік осал санаттағы 261 оқушыға арнайы ас мәзірі ұсынылып, бұл ретте бюджеттен 2,3 млн теңге үнемделген. Бұл – цифрлық бақылаудың нақты экономикалық және әлеуметтік пайдасы бар екенін дәлелдейді.
Қаланың экологиясына оң әсер ету мақсатында қоқыс алаңдарын цифрландыру жобасы да жүзеге асты. Желтоқсан көшесіндегі №88 мекенжайда орналасқан қоқыс алаңшасында бейнебақылау жүйесі мен QR-код арқылы тікелей өтініш беру мүмкіндігі енгізілді. Жарты жыл ішінде жүйе 52 мәрте алаңшаның толуын, 164 заңсыз автокөлік тұрақтауын және 1 өрт фактісін тіркеді. Сонымен қатар, Желтоқсан, Мангельдин және Измир көшелеріне QR-код тақтайшалары орнатылып, 109 байланыс орталығына тұрғындардан 21 өтініш келіп түскен. Бұл – тұрғындардың белсенді қатысуына мүмкіндік беретін ашық әрі тиімді тәсілге айналып отыр.
Кадрлық құжат айналымын автоматтандыру мақсатында №2 қалалық емханада «HR-process» атты бұлтты жүйе пилоттық негізде енгізілді. 7 айлық сынақ мерзімі нәтижесінде 403 қызметкер жүйеге тіркеліп, 47 қызметкердің жұмысқа келмеуі белгілі болған екен. Жүйе арқылы уақытты есепке алу, кешігулерді бақылау, жұмыс кестесін конфигурациялау және қызметкерлердің іс-әрекетін бақылау жүзеге асады. Сонымен қатар, QR-код арқылы қолжетімділік қамтамасыз етіліп, адам факторының әсерін барынша азайтуға мүмкіндік берілді. Бұл – ашықтық пен тиімділіктің нақты көрсеткіші.
«Цифрлық комплаенс ассистент» – жемқорлықпен күрестегі жаңа қадамға айналды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және бақылау мақсатында «Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына» қарасты «Қуатжылуорталық-3» МКК-да «Цифрлық комплаенс ассистент» жүйесі енгізілді. Бұл платформа басшылар мен қызметкерлердің антикоррупциялық нормаларды сақтауын бақылауға бағытталған. Сатып алулар, келісімшарттар, төлемдер мен дебиторлық қарыздарға қатысты тәуекелдер сараланып, 63 тәуекел анықталды. 21 қызметкер мен контрагентпен сұхбат жүргізіліп, 84 нақты ұсыныс әзірленді, соның ішінде 27 ұсыныс іс жүзінде жүзеге асырылып келеді. Бұл жүйе – парасаттылық мәдениетін қалыптастыруда маңызды құрал десек те әбден болады.
Сондай-ақ, Шымкент қаласында жоғары жылдамдықты мобильді интернетке қолжетімділік те артып келеді. Kcell АҚ-мен бірлесе отырып, 5G технологиясын қолданатын 78 базалық станса іске қосылып, 321 нүкте қамтылды. Сонымен қатар, коммерциялық нысан иелерімен келісу арқылы тағы 30 нүктеге 5G базалық станса орнатылып, тұрақты жұмыс жасап отыр. Ал Kar-Tel ЖШС тарапынан 15 антенналық мұнараның 9-на базалық стансалар қойылған. Биыл қала маңындағы шалғай орналасқан елді мекендерді талшықты-оптикалық интернетпен қамту көзделіп отыр. Қазір 23 елді мекеннің тізімі жасақталып, соның ішінде 4 елді мекен (195 орам, Елтай, Сайрам, Қатынкөпір) кең жолақты интернетке қосылды. Бүгінде қаладағы 63 шағын аудан мен тұрғын алаптардың тұрғындары кең жолақты интернет желісіне қосылуға нақты мүмкіндік алып отыр.