Редакция таңдауы

Қарабастаудан шыққан алыптар

Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, белгілі кәсіпкер Бәйкен Әшірбаев – қазақтың жел өтінде жүрген азаматы. Шымкенттің іргесіндегі Қарабастаудың тумасы.

Кешегі Рамазан айында осы Бәйкен Қарабастаудың кіре беріс қақпасына жүк көліктерін тіреп қойып, тұрмыс жағдайы төмендеу отбасыларға қап-қап ұн, сұйық май бастаған азық-түлік себетін таратады. Аз-кем дүние ешкімнің жыртығын жамамас. Алайда, «елде болса ерінге тиеді. Алла бізге дәулет берді, жақсы кәсіп берді. Сондықтан, сауап істі сауыңда жаса деген бар. Алғыс алған адамның көсегесі көгереді» дейді ол.

«Отан-отбасыңнан басталады» деген бар. Отбасы, сосын туған ауылың. Жиылып келіп Отанға сияды. Яғни, ізгі істің бастауы-ауыл, туған бесігің.

Осы Бәйкен бір жүздескенде ауылының тұлғаға айналған азаматтары жайлы айтты. «Біздің Қарабастаудан үш азамат дүние жүзіне танылды», – деді.

Мырзағали Айтжанов. Әуесқой бокстан әлемнің екі рет үздік бапкері атағын алды. Бапкері Нұрғали Сафиуллин «Айтжанов-Олимпиада ойындарының алтынына лайық шәкіртім еді» дегенді айтады. Бұйырмапты. Бірақ, өзі Қазақстан құрамасының бас бапкері ретінде талай олимпиада ойындары, әлем чемпиондарының томағасын сыпырды. Өзінің жеке шәкірттері де әлемдік жарыстарда көш басынан көрініп жүр.

Есбол Сұлтанов. Таэквондо спортынан былтыр әлемнің ең үздік бапкері атанды. Тунис деген шағын мемлекет бар. Бұрын соңды әлемдік санаттағы спортшы дайындап көрмеген. Ал, әлі ыстық суығы басылмаған Париж олимпиадасында Тунис құрамасы таэквондодан бір алтын, бір күміс медаль жеңіп алды.

Құраманың бас бапкері қазақ Есбол Сұлтанов. Қызығы сол, Қазақстанда таэквондодан бір ғана қола жүлдегер бар. Арман Шілманов.

«Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деген. Сұлтановтың қадірін біздің мамандар білмеді. Осы ащы шындықты Мемлекет басшысы үлкен жиында айтып, білікті мамандарды елге шақырудың жайын ескертті.

Берік Сұлтан. Әуелгі мамандығы заңгер және мұғалім. Корреспондент. «Ойшоғыр» сайтының бас редакторы. Бүгінде ол Қазақстанның бес дүркін чемпионы, Азия чемпионаты, Азия ойындары мен Әлем чемпионатының жеңімпазы Жәнібек Әлімханұлының кәсіпқой бокстағы PR-менеджері. Бүгінде қазақ халқы ғана емес әлем жанкүйерлері Жәнібек Әлімханұлының жеңістеріне үмітпен қараса, оның танымалдылығының артуына Беріктің сіңірген еңбегі орасан.

Міне, шағын Қарабастаудан шыққан талантты тұлғалардың бір шоғыры.

Айтқандай, Есбол Сұлтанов елге оралды. Таэквондо құрамасының бас бапкері, шағын ғана мемлекетке, алтынды армандамаған, қолаға қанағат қылатын елге алтынмен апталған үлкен абырой әперді. Ел тарихына алтын әріптен есім сойы жазылды.

Әлемде екі рет үздік Бапкер атағына қол жеткізген, өзі де халықаралық турнирлерде жасындай жарқыраған Мырзағали Айтжанов түбі ертең аңыз болып айтылатын ер.

Шағын мақалада шағын ауылдан шыққан үш жампоз туралы ғана айттық. Мұның бәрі оңайлықпен келмейді. Қай-қайсында да теңіздей төгілген тердің өтеуі жатыр. Ауылдан басталған соқпақ әлемдік дара жолға айналды.

Бәйкен орынды мақтаныш қылған үш азаматтың қысқаша тарихы осы. Алыптарды жарқыратар ауыл аман болсын.

Бақтияр ТАЙЖАН

Соңғы жаңалықтар