Редакция таңдауы

Өмір мен өнер арасындағы үнсіз сұхбат

Шымкент қаласы әкімдігі мен Түркістан облысы делегациясының қатысуымен Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында көрнекті жазушы, журналист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың шығармашылығына арналған апталық аясында «Жоғалған жұрнақ» драмасы сахналанды.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қазақ жастарының тағдырына арналған бұл қойылым – ұлт рухын қайта серпілткен, тарихтың ауыр жүгін арқалаған нәзік тақырыпқа батыл барған туынды. Шығарма авторы Мархабат Байғұттың көркемдік және азаматтық позициясы – бұл пьесада айрықша анық сезіледі. Режиссер Бекболат Құрманғожаевтың үш жылдық ізденісінің нәтижесінде дүниеге келген қойылым алғаш 2021 жылы көрерменге жол тартқан. Содан бері көрермен ықыласына ие болып келеді.

Қойылым желісі Желтоқсан көтерілісінен кейін туған ауылына оралған жас жігіт – Жұрнақтың қайғылы тағдыры арқылы өрбиді. Ол шындықты айтып, ұлт мүддесі үшін алаңға шыққан ержүрек жастың бейнесі. Алайда, қоғам оның еңбегін елемеді, жындыға балады, қоғам оның не үшін бұл күйге түскенін емес, қазіргі күйін күлкіге айналдырды, қажетсіз қалғанда теріс айналды. Бұл жерде жынды болған Жұрнақ емес, оның айналасындағы түсінуден, түйсінуден қалған, рухани бейшара күйге түскен орта екені көрерменге ашық жеткізіледі.

Қоғам және мемлекет қайраткері, профессор Дархан Қамзабекұлы қойылымнан кейінгі пікірінде бұл драманың тарихи ғана емес, көркемдік жағынан да ерекше дүние екенін атап өтті:

– Жалпы, бұл – тарихымызда сирек кездесетін, бірақ, терең із қалдырған оқиғалардың бірі. Қазір біз оны «Желтоқсан көтерілісі» деп атаймыз. Бұл – ұлт санасының серпілісі, рухтың оянуы еді. Мархабат Байғұттың бұл тақырыпқа баруы – үлкен ерлік. Себебі, Желтоқсан сияқты күрделі тақырыпты сахнаға шығару оңай емес. Қойылым бүгінгі жас ұрпаққа терең ой салады, – деді ол.

Қойылымдағы Алматайдың рөлін сомдаған театр актрисасы Ақмарал Амангелді өз сөзінде бұл шығарманың рухани салмағына тоқталды. Оның айтуынша, қойылым әр көрерменнің жүрегіне ой салып, рухани сілкініс тудыруға тиіс. «Біз сол мақсатқа қызмет еттік. Бүгінгі жастардың көпшілігі рухани құндылықтарға мән бермей бара жатқан секілді. Ал, бұл қойылым – сол құндылықтарды қайта жаңғыртудың бір жолы», дейді ол. Ал қойылымды тамашалаған Анкара қаласындағы Хаджи Байрам Вели университетінің академигі Джемилия Кнаджи де өз әсерімен бөлісті.

«Мархабат Байғұттың «Жоғалған жұрнақ» атты әңгімесін оқыған едім. Бірақ, сахналық нұсқасы тіптен әсерлі болды. Актерлердің шынайы ойыны, сахнаның атмосферасы мені терең толқытты. Қойылым арқылы Желтоқсан оқиғасының рухани салмағын тереңірек түсіндім. Бұл туынды – тек өнер ғана емес, тарихи сабақ», деді түрік ғалымы.

Шынында, «Жоғалған жұрнақ» – жай ғана спектакль емес. Бұл – бір адамның трагедиясы арқылы тұтас бір дәуірдің, тұтас бір ұрпақтың тағдырын, қайсарлығын, адами болмысын сахнада шебер бейнелеген драма. Бұл – Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың елі мен жері үшін жасаған адал күресін, сол күресті қоғамның түсінбеуі, қабылдай алмауын бейнелейтін ауыр шындық.

Қойылым соңындағы Жұрнақтың «жынды» атануы шын мәнінде қоғамның өзі жынданып бара жатқанын білдіретін көркем ишара. Рухани құндылықтан, ұлт тарихына деген құрметтен алыстаған орта – нағыз трагедияның бастауы екенін еске салады. Расында да, жұрты үшін «жынды» атанған Жұрнақтың үмітін жалғайтын қоғамның осыншалықты қайырымсыз болуы «Алманың аманатына адал бола алдық па?» деген сауалды амалсыз қойдыратыны да түсінікті.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар