Шымкент Жастар театры өз көрерменін жаңа, әсерлі қойылымдармен қуанта бастады. Өткен аптада театр ұжымы «Бұл – махаббат» атты жеңіл комедиялық қойылымының премьерасын ұсынды. Қойылым – махаббат пен отбасылық өмірдің алғашқы қадамдарын, жас жұбайлардың бір-бірін түсінуге деген ұмтылысын, сенім мен сүйіспеншіліктің нәзік байланысын астарлы әзілмен жеткізді. Көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған туынды театр сахнасындағы жаңа лептің бастауы болды.
Шығармашылық ұжым жұмысын биыл қаңтарда бастаған. Алғашқы кезеңде театрдың арнайы ғимараты болмағанымен, бекітілген жоспарға сәйкес көшпелі қойылымдар ұйымдастырылып, О.Қожамбердиевтің «Ажырық» драмасы, Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» комедиясы және А.Шаяхметтің «Ахмет» реквиемі қала аумағында сахналанды. Бұл қойылымдар 2500-ден астам көрерменнің ықыласына ие болды.
Жақында Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ғимараты жастар театр ұжымының меншігіне беріліп, өнер ордасы драматург Болат Ұзақовтың «Жан дауа» қойылымымен өз шымылдығын ашты.
Жастар театры жас мамандармен де толықтырылуда. Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Драма театры және кино артисі» және «Музыкалық театр артисі» мамандықтары бойынша білім алатын 4-курс студенттері театр құрамына қосылып, алғашқы шығармашылық жұмысын бастап кетті. Жас әртістердің Орыс драма театры сахнасында қойған Уильям Шекспирдің «Король Лир» трагедиясы көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметіне ие болды.
Театр алдағы уақытта татар драматургі Т.Миннулиннің «Диляфруздың төрт күйеуі» комедиясы, «Әнім сен едің» поэтикалық-музыкалық композициясын ұсынбақ. Сонымен қатар, көрермендерін жылдың екінші жартысында М. Шахановтың «Сенім патшалығы» және «Отырардың күйреуі», Ж. Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірік» пластикалық ертегісі, «Арыстан патша» және «Шығыстың шайырлары» атты музыкалық-поэтикалық қойылымдарымен қуантпақ.
Жастар театры көрерменге сапалы өнер ұсынумен қатар, өскелең ұрпақтың театрға деген қызығушылығын арттыруды мақсат тұтады. Бұл жолғы қойылымдағы кейіпкерлер – Зәуреш пен Қасымның болмашы қызғаныш пен күдіктің жетегіндегі наз бен еркелікке толы кикілжіңіне қосыла уайымдаған залға жиналған жастар осының айғағы десек болады.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА