Шымкент қаласында оқушыларға болашақ мамандығын дұрыс таңдау, жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелерді талқылауға арналған республикалық форум өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, ЖОО ректорлары, мектеп басшылары, ата-аналар, кәсіби бағдар беру педагогтері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – оқушыларға болашақ мамандығын дұрыс таңдауға бағыт беру, еңбек нарығындағы сұранысқа ие өзекті кәсіптермен таныстыру, жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыру және тұлғалық дамуының қалыптасуына ықпал ету.
Қала әкімінің орынбасары мамандықты дұрыс таңдау өмірімізге береке әкелетінін және жастарға кәсібін терең меңгеру қажет екенін айтты. Қазіргі таңда шаһарда мектептерде кәсіби бағдар беруші педагогтер жұмыс істеуде.
Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Р.Емелбаев мамандықты дұрыс таңдау бағыттарын түсіндіріп, еңбек нарығындағы сұранысқа ие өзекті кәсіптермен таныстырды.
Жиында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта нақты шешімдерге негіз болмақ.
Сондай-ақ, жиында құқық қорғау органы өкілдері жазғы демалыста қауіпсіздік ережелерін естен шығармау керектігін айтты.
Тағабай ҚАСЫМОВ