Редакция таңдауы

«Қазығұрт» жаңа автобекеті ашылды

Шымкент қаласы аумағынан Түркістан облысының оңтүстік аудандарына бағыт алған жолаушылар ағынын реттеу және заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою мақсатында А-2 тас жолының бойынан жаңа «Қазығұрт» автобекеті ашылды.

Жаңа нысанның ашылу рәсіміне қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов, Тұран ауданының әкімі Берік Әшірбеков және ауданның ардагерлері қатысып, автобекеттің жұмысына сәттілік тіледі.

Жаңа автобекеттің жалпы аумағы – 1,2 гектар, ауданы – 1200 шаршы метр. Автотұрақтағы орын саны – 150. Тәуліктік жолаушылар ағыны – 600-1000 адамды құрайды.

Қазіргі таңда «Дархан» сауда үйі мен «Көмешбұлақ» базары маңынан қатынайтын 14 облысаралық тұрақты бағыттағы, шамамен 65 автокөлік және 150-ге жуық тұрақты емес жеңіл такси көліктері «Қазығұрт» автобекетіне көшірілуде. Жолаушылардың жаңа автобекетке ыңғайлы жетуін қамтамасыз ету мақсатында «Көмешбұлақ» аялдамасынан «Қазығұрт» автобекеті арқылы өтетін 9 қалалық маршрут сызбасы ұйымдастырылды. Олар – №5, 21, 32, 34, 35, 43, 56, 60 және 147 бағыттары.

Сонымен қатар, «Көмешбұлақ» базары маңындағы бейберекет автотұрақтардың орындарын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, Республика даңғылынан Бадам өзеніне дейінгі аралықта арнайы қоршаулар орнатылады. Бұл шаралар жолдағы көлік қозғалысын реттеуге және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

«Көмеш бұлақ» базары аумағында Жетісай, Сарыағаш, Мақтарал, Шардара, Қазығұрт аудандарына 500-ге жуық көлік қатынайды. Соның салдарынан халық көп шоғырланатын аумақта көлік қозғалысы қиындап, кептелістер орын алатын. Осыған байланысты автотұрақты А-2 автомобиль жолының жолайырығы маңына көшіру туралы шешім қабылданып, жұмыстар жүргізілді. Озық үлгідегі автостанция жеке инвестордың есебінен салынды.

Т.ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар