Редакция таңдауы

Құрбан айт – құтты мереке

Шымкент қаласында Құрбан айт мерекесіне байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қаладағы өкілдігі Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында арнайы брифинг өткізіп, жұртшылықты маңызды мәліметтермен таныстырды.

Баспасөз мәслихатына ҚМДБ Шымкент қаласы бас имамының орынбасары Мұсабек Ақтамберді мен дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров қатысты. Дін өкілдері брифинг барысында мұсылман жұрты үшін ұлық болған мереке туралы кеңінен ақпарат беріп, өзекті діни мәселелер төңірегінде де қойылған сұрақтарға жауап берді.

«Құрбан айт – Исламның ұлық мерекелерінің бірі. Бұл күннің маңызы тек құрбандық шалумен шектелмейді. Мейірімділікке, бірлікке, жанашырлыққа үндейтін ерекше рухани күн», деді Мұхамеджан Естеміров өз сөзінде.

Дінтанушылардың айтуынша, «Құрбан» сөзі «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Яғни бұл – адамның Аллаға шынайы ықыласымен жақындауы. Қасиетті Құранның «Хаж» сүресінің 37-аятында: «Олардың еті де, қаны да Аллаға жетпейді. Бірақ Оған сіздердің тақуалықтарыңыз жетеді», деп айтылған. Бұл аятта адамның жасаған амалының сыртқы емес, ішкі ниеті маңызды екені айқын көрінеді.

Сондай-ақ брифинг барысында айтылғандай, Құрбан айтта тұрмысы жақсы, жолаушы емес мұсылманға құрбан шалу уәжіп болып есептеледі. Ал тұрмыстық жағдайы төмен жандар үшін бұл міндет емес. Сонымен қатар, айт күндері садақа беру, жетім-жесірге, мұқтаждарға көмектесудің сауалы көп.

«Ата-бабамыз бұл мерекеге ерекше мән беріп, ұрпағына өнеге етіп қалдырған. Құрбан айт – тек құрбандық шалу ғана емес, адамдар арасындағы бауырмалдықты, қамқорлықты арттыратын мейрам», деді Мұсабек Ақтамберді.

Биыл Құрбан айт намазы Шымкент қаласындағы барлық мешіттерде 6 маусым күні таңғы сағат 06:00-де оқылады. Ал ерлер мен әйелдерге де бұл намазға қатысу – сауапты амал.

Дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміровтің сөзінше, заман талабына сай құрбан шалуды жеңілдету мақсатында qurban.muftyat.kz онлайн платформасы жұмыс істейді. Бұл сайт арқылы кез келген азамат құрбан шалуға тапсырыс беріп, мұны бейнебақылау арқылы көре алады.

ҚМДБ өкілдігінің мәліметінше, биыл қала әкімдігімен бірлесіп «Балаларға базарлық» атты мерекелік іс-шара өткізіледі. Бұл өз кезегінде балаларға қуаныш сыйлауға бағытталған игі жоба.

Сондай-ақ, Құрбан айтқа байланысты кеңес беру мақсатында «Құрбан айт Call-Center» орталығы құрылып отыр. Барлық діни және ұйымдастыру мәселелеріне қатысты тұрғындар +7 708 478 57 22 нөміріне хабарласа алады.

ҚМДБ өкілдері атап өткендей, Құрбан айт – мұсылман қауымы үшін өзара түсіністік пен кешірімнің, тақуалық пен шүкірліктің мерекесі. Бұл күні қарттар мен жетімдерге көңіл бөлу, мұқтаж жандарға құрбандық етін тарату ежелден халқымыздың рухани мәдениетінің көрінісіне айналған.Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл дәстүрдің тәрбиелік мәні зор. Сондықтан дін өкілдері халқымыздың рухани жаңғыруына үлес қосатын Құрбан айт сынды ұлық мерекені ардақтау – баршамызға ортақ парыз екенін ерекше атап өтті.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар