Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек кезекті рет баспасөз брифингін өткізді. Сәрсен Абайұлы шаһарда әлеуметтік салада және құқық қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Қала әкімінің орынбасары өткен аптада өткізілген мәдени, көпшілік іс-шаралар, білім саласында атқарылған жұмыстар, азаматтарды жұмыспен қамту, құқық бұзушылықты азайту бағытында жүзеге асып жатқан жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Қала күніне арналған онкүндік жоғары деңгейде ұйымдастрылды. Келесі жылы да қала күнін ұлттық сипатқа ие болатындай, мәнді өткізу ұйғарылып отыр.
– Биыл – жұмысшы мамандықтар жылы. Осы аптада техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына мемлекеттік грант бөлу бойынша комиссия отырысы өтті. 29 колледж мемлекеттік тапсырыстарды алу бойынша өтінім берген еді. Оның 26-сы конкурстан өтті. Енді талапкерлер 25 маусымнан бастап құжаттарды электронды түрде тапсыра алады. Жалпы, 2024-2025 оқу жылын 269 358 оқушы аяқтады. 15 мыңнан астам бітіруші түлектің 680-і «Алтын белгіге» үміткер болды. Оның 650-і «Алтын белгі» иегері атанды. 1128 түлек үздік аттестатқа ие болды, – деді қала әкімінің орынбасары.
Ресми өкілдің айтуынша, өткен аптада шаһарда 143 қылмыстық іс тіркелген. Оның 17-і сотқа жолданған. Қазіргі уақытта азаймай отырғаны – алаяқтық қылмыстар.
Сәрсен Абайұлы қала тұрғындарын «жеңіл жолмен жәрдемақы, несие алып беремін» дейтін алаяқтардан абай болуға, жалпы адал еңбек етіп, адал табыс табуға шақырды. Сондай-ақ, ол қалада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша полиция департаментімен бірлескен жұмыстар атқарылып жатқанын да атап өтті.
Баспасөз мәжілісінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жұмыссыздықты азайту мәселелері, азаматтарды баспанамен қамту бойынша сұрақтар қойды. Қала әкімдігінің ресми өкілі барлық сауалға және өткен брифингте айтылған мәселелерге де толыққанды жауап берді.
Т.ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ