Редакция таңдауы

Жәрмеңке – жас түлекке нақты қолдау

2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылына орай көптеген жәрмеңкелер, іс-шаралар жоспарлы түрде өткізілуде. Таяуда Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжінде бітіруші түлектерге арналған «Жас маман – 2025» бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Іс-шарада оқу орнын аяқтаған жас мамандар назарына көптеген жұмыс орындары ұсынылды.

Соңғы жылдары Түркістан облысы мен Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер бар. Атап айтқанда, еңбек нарығындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, халықты жұмыспен қамтуда тиісті жұмыстар қолға алынған.

Жәрмеңкенің басты мақсаты – жұмыс беруші мекемелерге қажетті мамандарды табуға, ал бітіруші түлектерге жұмысқа орналасуға жағдай жасау. Іс-шараға Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы түрлі меншік нысанындағы жұмыс беруші мекемелер, «Атамекен» ҰКП өңірлік кәсіпкерлер палатасы, халықты жұмыспен қамту және мансап орталығы, жоғары оқу орындарының үгіт-насихат топтары қатысты.

Биыл колледжді 13 мамандық бойынша 615 білім алушы тәмамдады. Жәрмеңкеде колледждің 2024–2025 оқу жылындағы бітіруші түлектеріне 40-қа жуық мекемеден бос жұмыс орындары ұсынылды. Келген мекемелердің басшылары мен кадр бөлімінің мамандары түлектермен тікелей сұхбаттасып, өз талаптарын таныстырды. Атап айтқанда, жас мамандарға қажетті бос жұмыс орындарын таңдау, жастар тәжірибесінен өту, әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыстарға қатысу, кәсіпкерлікті бастау үшін берілетін мемлекеттік несие және қолдау тетіктері бойынша кеңестер берілді.

Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының өкілдері бітіруші түлектерге білім беру ұйымдарына қабылдаудың үлгілік қағидалары және жоғары білім беру бағдарламалары туралы толық ақпарат ұсынды.

«Жас маман – 2025» жәрмеңкесі бітіруші түлектер мен жұмыс берушілер арасында өзара тиімді серіктестік орнатуға сеп болды. Бұл – жастарды қолдауға, олардың еңбек нарығына бейімделуіне және кәсіби жолын табуына бағытталған маңызды алаң.

 

Ә. АЙТӨРЕ

 

Соңғы жаңалықтар