Өткен аптада Шымкент қаласындағы Қазақстан-Түркия достығы саябағында қала күніне арналған кең көлемді мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Әсем безендірілген саябаққа жиналған тұрғындар көтеріңкі көңіл-күймен мерекелік бағдарламаның куәсі болды. Іс-шара аясында концерттік бағдарлама, балаларға арналған анимациялық қойылымдар, цирк өнері, ән мен биден шашу шашылды. Мереке соңында бүлдіршіндерге арналып аниматорлар арнайы бағдарлама ұсынып, қуаныш сыйлады.
Салтанатты іс-шара барысында аудан басшылығы қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, ауданның дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар табыстады.
– Бүгінгі мерекелік жиынды Еңбекші ауданына қарасты 12-шағынауданда орналасқан Қазақстан-Түркия достығы саябағында өткізіп отырмыз. Қала күніне орай ауданымызда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бүгінгі жиынға қала тұрғындары, өнерпаздар мен қоғамдық белсенділер қатысып отыр. Атап айтқанда, коммуналдық салада, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген азаматтарымызды аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттадық. Барлығы он азамат құрметке бөленді, – деді Ерлан Күзенбаев.
Мерекелік жиын тек осы бір күнмен шектелген жоқ. Қала күніне дейінгі аптада Шымкенттің барлық аумағында, соның ішінде саябақтарда, гүлзарлар мен скверлерде мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілді. Еңбекші ауданының өзінде «Жеңіс» саябағында бірнеше концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, тұрғындар назарына ұсынылды.
– Шымкент қаласы жылдан-жылға көркейіп келеді. Әсіресе халық көп шоғырланған аудандарда демалыс орындары көбейіп, жаңа гүлзарлар мен саябақтар пайдалануға беріліп жатыр. Мысалы, былтыр Еңбекші ауданы аумағында бес бірдей гүлзар ел игілігіне ұсынылды. Сонымен қатар демеушілердің қолдауымен екі жаңа саябақ ашылды. Ауылдық округтерде көріктендіру, көгалдандыру жұмыстары қарқын алып келеді. Балаларға арналған спорт алаңшалары да салынып жатыр. Биылдың өзінде аудан көлемінде тағы бес жаңа гүлзар салу жоспарда бар. Бұдан бөлек, балаларға арналған ойын және спорт алаңшалары бой көтереді, – деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, қала күні мерекесі жыл сайын кең көлемде ұйымдастырылды. Ал биылғы мереке әдеттегіден де үлкен ауқымда өтіп, бұрын соңды болмаған тағылымды, рухани іс-шараларымен қуантып отыр. Бұл қаланың даму қарқынын, тұрғындардың белсенділігін және рухани-мәдени өмірдің жандана түскенін айқын көрсетті.
Жадыра МҮСІЛІМ