Редакция таңдауы

Шартараптың иқылқалам шеберлері қызғалдақтар қаласын бейнеледі

Шырайлы қала Шымкентте биыл Қала күні мерекесі айрықша сән-салтанатымен аталып өтті. Елімізде тұңғыш рет халықаралық деңгейдегі ұсталар басқосуы, жас киногерлер фестивалі, ақындар айтысы, суретшілер симпозиумы өтті. А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында «Шымкент – қызғалдақтар қаласы» халықаралық суретшілер симпозиумы аясындағы алғашқы ресми шара – суретшілердің қатысуымен баспасөз конференциясы болды.

Халықаралық симпозиумға Қазақстанның әр өңірінен және Түркия (Анталия), Қырғызстан (Бішкек), Тәжікстан (Душанбе), Ресей Федерациясы (Қазан) және Өзбекстаннан жалпы 16 қылқалам шебері қатысты. Осынау тарихи сәтте, сонымен қатар, өнертанушылар, мәдениет саласының өкілдері мен зиялы қауым бас қосып, шығармашылық байланыс орнатуға әрі тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

Жиында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қала күніне орай өткізіліп жатқан іс-шараларға тоқталып, суретшілер симпозиумының да маңыздылығын айқындай түсті.

– Шараның басты мақсаты – қала келбетін, өңірдің тарихы мен салт-дәстүрін сурет өнері арқылы кескіндеу және ұлттық мәдени қорды жаңа туындылармен толықтыру. Симпозиумға қатысушы суретшілер Шымкент қаласының әртүрлі көрікті нысандарында шығармашылық жұмыспен айналысты. Атап айтқанда, Шымкент қаласының жалпы көрінісі, «Шымқала» тарихи-мәдени кешені, Шымкент  теміржол вокзалы, «Қызғалдақ сарайы», Shymkent City саябағы, Түркістан сарайы, «Есжанұлы Сейітжан қари» атындағы мешіт, А.Асқаров атындағы дендросаябақ, Бәйдібек би ескерткіші, Шымкент қаласының әкімдігі, «Арбат» мәдениет және демалыс саябағы, «Қызғалдақ» субұрқағы, Ордабасы алаңы, Әл-Фараби алаңы, Д.Қонаев даңғылы, Ту тұғыры сияқты орындар қамтылды. Суретшілердің туындылары қаламыздың музейлеріне тарту етілді, – деді С.Құранбек.

Ал Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов бейнелеу өнері мәдениетіне көзқарас дұрыс болмай, бұл бағыттың кенжелеп, көркемдік құндылықтар материалдық құндылыққа айналмай жатқан тұста осынау симпозиумның ұйымдастырылғанын жақсылыққа балады.

–Музейлеріміз бен көрме залдарымыздың қоры көршілес және жергілікті қылқалам шеберлерінің туындыларымен толыға түскені ғанибет емес пе?! Мұндай шығармашылық байланысқа көпір болатын іс-шаралар дәстүрлі түрде жыл сайын өтсе де артықтық етпейді. Үйге кіргенде қабырғада ілініп тұрған картинаға бірден көзіміз түседі. Сол сияқты қаламыздың мәдени келбеті осы суретшілердің еңбегі, картиналар арқылы бағаланады, – дейді Өмірбек Орынбасарұлы.

Симпозиум аясындағы басты мәдени оқиға – «Шымкент – қызғалдақтар қаласы» көрмесінің ашылу салтанаты, суретшілерді марапаттау рәсімі және симпозиумның ресми жабылуы да Пушкин кітапханасының қабырғасында ұйымдастырылды. Шара аясында симпозиумға қатысқан суретшілер марапатталды.

Кеш барысында Шымкент қалалық опера және балет театрының солистері концерттік бағдарлама көрсетіп, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Көрмеде  қылқалам шеберлері кенеп бетінде шаһарымыздың  көрікті жерлері мен табиғатын, бүгінгі келбеті мен қала рухын,  сан түрлі бояумен  бейнелеп, қайталанбас жаңа өнер туындыларын қаламызға тарту етті.

Симпозиумның басты мақсаты – қала келбетін, өңірдің тарихы мен салт-дәстүрін сурет өнері арқылы паш ету және ұлттық мәдени қорды жаңа туындылармен толықтыру.

Алдағы уақытта қалалық А.Пушкин атындағы әмбебап кітапхананың көрме залында «Шымкент қызғалдақтар қаласы» атты көрмесі  бір ай бойы қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылатын болады. Шараға арнайы қатысқан Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев симпозиумның қала мәдениеті мен руханиятына берер маңыздылығына тоқталып, суретшілерге қала әкімінің арнайы алғыс хаттары мен сертификаттарын табыстады.

 

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ,
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар