Бүгінде қоғам мен билік арасындағы сенімді диалогты орнатудың маңыздылығы арта түсті. Бұл орайда Шымкент қалалық Қоғамдық кеңес тарапынан айтылар сын-ескертпелерді елеп-ескеруге ден қойыла бастады. Жөн ғой. Өйткені, кеңес мүшелері жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп, қоғамдық мәселелерді шешуде белсенді рөл атқаруға тиіс. Шымкент қаласы әкімдігінде өткен Қоғамдық кеңестің кезекті жоспарлы отырысында тағы да шаһардың дамуына қатысты мәселелер кеңінен сөз болды. Жиында кеңес мүшелері қаладағы Абай ауданы әкімдігінің, сондай-ақ, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының биылғы алғашқы жартыжылдықта атқарған жұмыстарының есебін тыңдады.
Күн тәртібіне сәйкес, бірінші Абай ауданы әкімдігінің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму барысы таныстырылды. Бүгінде аудан аумағында 27 елді мекенде 55 159 жеке үй, 220 көпқабатты тұрғын үй орналасып, жалпы халық саны 257,7 мың адамды құрап отыр. Бұл аумақта 1274 көше мен 230 әлеуметтік нысан бар. Аудандағы инфрақұрылым жүйелерімен қамту көрсеткішіне келсек, ауыз су мен электр жарығымен 100 пайыз қамтылған. Ал, 25 елді мекеннің газбен қамтылуы 92,6 пайызды құрап отыр. Былтыр 2 елді мекенде, атап айтқанда, Қайнарбұлақ тұрғын алабы және Қайнарбұлақ саяжайын табиғи газбен қамтуда құрылыс жұмыстары аяқталып, газға қосу жүргізілген. Нәтижесінде газбен қамтылмаған елді мекендер саны қазір екеу ғана. Аудан аумағындағы 95 көшеге былтыр 4,3 миллиард теңгеге 77 асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліпті. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, биыл аудандағы тас және топырақ көшелерді толығымен асфальттау жоспарланып, қазір жүзден астам көшеге асфальт төселіп жатыр. Жыл соңына дейін аудандағы қанағаттанарлық жағдайдағы көшелердің үлесі 59,8 пайыздан 100 пайызды құрайтын болады.
Аудандағы жарықтандырылған көшелер саны былтырға дейін 193 көше болса, биыл қалған көшелердің барлығына 100 пайыз жарықшам орнатылмақ. Сондай-ақ аудан аумағында көгаландыру және абаттандыру жұмыстарының үлесін арттыру мақсатында 5 жерге әмбебап демалыс орындарын салу жоспарланып, бүгінде құрылыс жұмыстары басталып кеткені айтылды. Ауданда 34 мың шаршы метрге 50 көшеге аяқ жол салу жоспарланып, құрылыс жұмыстары аяқталған. Қала көшелеріне әдемі көрініс беру үшін Темірлан тас жолындағы 410 дана түнгі жарық шамдарының бағаналарына қосымша әсемдік жарық шамдары орнатылатын болады.
Аудан әкімінің баяндамасынан соң кеңес мүшелері тарапынан қойылған сауал да көп болды. Әсіресе, аудандағы кәсіпкерлік, инфрақұрылым және қоғамдық кеңістіктерді жақсартуда істеліп жатқан жұмыстарға байланысты ескертпелер де естілді. Аудан көлемінде тіркелген кәсіпкерлік нысандар саны қазір шамамен 27 мың. Соның ішінде шағын, орта және ірі кәсіпорындар бар. Демек бұл өңір қала экономикасының тірегі. Алайда, осы кәсіпорындардан түсетін салық көлемі мен олардың нақты экономикалық үлесі жөнінде толық әрі ашық ақпараттың болмауы отырғандарды ойландырып қойды. Осы ретте кеңес мүшелері аудан әкімдігі мен тиісті салық органдары бірлесе отырып, нақты деректер базасын түзуі қажеттігін алға тартты. Бұл болашақта бюджет қалыптастыру мен даму бағдарламаларын жоспарлау кезінде аса маңызды болмақ. Олардың айтуынша, ауданның жалпы жылдық бюджеті 2 миллиард теңге көлемінде, бұл көлем жыл сайын артып отыр. Биыл қосымша 500 миллион теңге қаражат тарту жоспарланған. Дегенмен, үшінші мегаполис ретінде Шымкент қаласы, соның ішінде Абай ауданы өз-өзін қаржыландыру деңгейіне жетуге тиіс. Алматы мен Астана қалаларының тәжірибесіне сүйенсек, жергілікті кірістерді 25 пайыз деңгейге дейін жеткізуге ұмтылу қажет.
Көтерілген тағы бір маңызды мәселе аудандағы ойын алаңшаларының тозуы және инфрақұрылым жағдайы болды. Сонымен қатар, көгалдандыру мен жасыл желектерді суару мәселесі де назардан тыс қалмауға тиіс. «Атап айтқанда, тамшылатып суару жүйесі енгізілуге тиіс және бұл жұмыстар тұрақты бақылауға алынуы қажет. Ауданның әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерін жүйелі шешу үшін жергілікті салық түсімдерін ұлғайту, жеке инвесторлармен әріптестікті дамыту және ашық есептілік жүйесін қалыптастыру басты басымдық болғаны жөн» деп отыр кеңес мүшелері. Себебі үшінші мегополис атанып, республикалық маңызы бар шаһар статусын алғанымен, қаланың қақ ортасында тұратын балалар топырақтың үстінде ойнайды. Оның қасында осы күні ауылдардың өзінде бірнеше ойын алаңшасы бар. Мәселен, Самал-3 шағынауданында, нақты айтқанда, 34-кварталдың ішінде де ойын алаңы жоқ.
Әйткенмен аудан әкімі кеңес мүшелері көтеріп отырған мәселе орынды екенін мойындады. Бірақ әкімдік балаларға арналған ойын алаңдарын салуға бос жер жоқтығын жеткізді.
«Ойын алаңшасын салу үшін алдымен жер керек. Бүгінде тұрғындардың көбі «үйдің іргесіне салып беріңіздер» дейді. Бірақ, қаланың әр бұрышына жеке-жеке ойын алаңшасын салып беру мүмкін емес. Біз аудан әкімдігі тарапынан бос жер анықталса, жер актісі жасалып, жобалық жоспарға енгізіліп, міндетті түрде ойын алаңшасы салынады. Алайда, қазір сол аумақтағы жерлердің көбі жекеменшікке өтіп кеткен. Көптеген жер телімі 2007 жылғы заңдастыру аясында жеке меншікке берілген. Мұндай жағдайда біз мемлекеттік қажеттілік үшін мұндай жерлерді ала алмаймыз. Сол себепті тұрғындар тарапынан бос жер көрсетілсе, біз бірден жобалық ұсыныс әзірлеп, алаңша салуға кірісеміз. Мысалы, Қайнарбұлақтағы саяжай аймақта бос тұрған жерге ойын алаңшасын салу үшін ұсыныс бердік, бірақ, жер телімінің иесі «үш миллион теңгеге сатылады» деп отыр. Бұл баға бюджетке сай келмейді», – деді Абай ауданы әкімі Шәкір Сұлтанхан.
Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының да атқарған шаруасы кеңес мүшелеріне кеңінен жеткізілді. Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Ундасинованың айтуынша, шаһарда бұл саланың дамуы күннен-күнге қарқын алып келеді. Қазір басқармаға қарасты 22 мәдениет ұйымы қала тұрғындары мен қонақтарына мәдени қызмет көрсетіп, 2537 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жыл басынан бері басқарма 2005 мәдени-көпшілік және ресми іс-шара ұйымдастырып, оған 1,5 миллионға жуық көрермен тартылыпты. Биылға салаға бөлінген 16,7 млрд теңгенің 6,4 млрд теңгесі есепті кезеңде игеріліп отыр. Инфрақұрылым бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, «Қазығұрт» мәдениет үйі, «Ерлік» музейі, Пушкин атындағы кітапхана және Ж.Шанин театрының ғимараттарын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Бұл нысандардағы жағдайдың жақсаруы мәдениет мекемелерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам болмақ.
Бүгінде қаладағы 6 кітапхана 140 мыңға жуық оқырманға қызмет көрсетіп, бес айда 11 мыңнан астам жаңа кітап қорымен толыққан. Жалпы кітапхана қорындағы 1,88 миллионнан астам кітаптың үштен бірі қазақ тіліндегі басылымдар. Ал қаладағы 7 театрда биыл 33 премьера жоспарланса, қазірдің өзінде 16 жаңа қойылым көрерменге жол тартқан. Мыңнан астам репертуарлық спектакль көрсетіліп, 96 мыңға жуық көрермен қамтылған. Сонымен қатар, зообақ, цирк, көрме орталықтары мен концерт залдарында өткен іс-шаралар қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге сеп болды. Мәселен, «Шымқала кештері» жобасы аясында апта сайын ұйымдастырылатын концерттерге 7 мыңнан астам көрермен жиналған. Музейлер жұмысы да жүйеленіп келеді екен. «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» қарамағындағы 5 бөлімде 37 көрме, 889 экскурсия ұйымдастырылып, 20 мыңға жуық келуші қабылданған. Жалпы музей қорындағы 31 774 экспонаттың 70 пайызға жуығы электронды форматқа көшірілген.
Тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау және насихаттау бағытында да бірқатар жұмыс атқарылыпты. Қалада 188 нысан тіркеуге алынып, олардың 15-і мемлекеттік маңызы бар тізімге енгізілген. Тіл саясаты бағытында биыл алғаш рет тұрғындардың мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін меңгеру деңгейін анықтауға бағытталған әлеуметтанулық зерттеу жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге, тіл заңнамасын сақтауда 16 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан зерделеніп, 2380-іне түзету ұсыныстары берілген. Мемлекеттік архивтерде 5 202 сақтау бірлігін цифрландыру жұмысы 100 пайыз орындалып, архив құжаттарының қолжетімділігі артты. Сонымен қатар, жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасымен 21 991 бала 37 түрлі үйірмемен қамтылған.
Бұдан кейін кеңес мұшелері басқармаға қарасты 22 мекеменің ішінде өз-өзін қаржылай қамтамасыз етіп отырғандардың саны мен сапасы, қайта құрылымдау жұмыстарының мақсаты туралы сұрады. «Музейлерді біріктіруіміздің басты себебі, Шымқала тарихи-мәдени кешеніне туристер көптеп келіп жатса да, бұрын оған кіру ақылы емес еді. Себебі, нысан салынған кезде құжаттық қиындықтар болған, соның салдарынан билет сатуға рұқсат етілмеді, яғни, табыс көзі болмады. Қазір құжаттарды реттеу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз бюджетке қосымша салмақ салмай, керісінше, табыс табу жолдарын қарастыру мақсатында музейлерді бірлестіріп, бір мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын аясында топтастырдық. Себебі жаңа мекеме ашуға мораторий бар. Осылайша, біз бір заңды тұлғаны пайдаланып, өзге музейлерді соның құрамына енгіздік. Нәтижесінде қазір Шымқала тарихи-мәдени кешені өз бетімен табыс таба бастады. Шетелдік туристер үшін билет бағасы 1000 теңге, ал, өзіміздің тұрғындарымыз үшін 600 теңге, оқушыларға 200-300 теңге көлемінде белгіленген. Қазір күніне 4–5 автобус турист келеді. Осы табыстың арқасында ағымдағы жөндеу жұмыстарын өздері жүргізіп отыр», – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Сондай-ақ, бұрын әр музейдің өз директоры болған. Қазір бір ғана директор тағайындалып, қалғандарына меңгеруші деңгейінде қызметкерлер бекітілді. Бұл да бюджет қаражатын үнемдеуге себеп болып отырған көрінеді. Жалпы, қазір 22 мекеменің ішінде табыс әкеліп отырған ұйымдар да бар. Мәселен, театрлар мен концерттік ұйымдар өз-өзін қаржыландырып отыр. Зообақ, көрме орталықтары секілді мекемелер де табыс табуға қабілетті. Олар жалға орын беріп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Сондықтан өз жоспарларын орындауға мүмкіндік алып жатқанын жеткізген басқарма өкілі кітапхана секілді мекемелерге табыс табу міндеттелмегенін, олар идеологиялық бағытта, яғни қоғамдық сананы тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеумен айналысатыны баяндалды.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан жүйелі және ауқымды жұмыстар қала халқының өмір сапасын арттыруға бағытталғаны баян етілді. Медициналық инфрақұрылымды жаңарту, жаңа нысандар салу, кадрлық әлеуетті арттыру, сондай-ақ заманауи технологияларды енгізу қалалық медицинаның даму қарқынын арттырыпты. Атап айтқанда, бүгінде медициналық мекемелерді жабдықтау деңгейі 88 пайызға жетіп, 10 мекеме күрделі жөндеуден өтті. Жеке инвестиция есебінен 14 жаңа емхана іске қосылып, халыққа медициналық қызметтің қолжетімділігі артқан. ПЭТ/КТ орталығы, жаңа бөлімшелер ашылып, жоғары технологиялық оталар саны өскен. Орта және жоғары медициналық кадрларды даярлау, олардың біліктілігін арттыру жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында тұрғын үймен қамту мәселесі де назардан тыс қалмаған. 2029 жылға дейінгі тұжырымдамаға сәйкес, салаға 642 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Бұл қаражат есебінен 17 жаңа нысан салу, 200 орындық перинаталдық орталық пен 900 орындық университеттік клиника ашу, жасанды интеллект пен медициналық туризмді дамыту көзделген. Мұның бәрі Шымкент қаласының Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Саламатты қалалар» желісіне қосылуына бағытталған кешенді жұмыс екенін айғақтайтыны айтылды.
Жадыра МҮСІЛІМ