Редакция таңдауы

Инвестиция көлемі 1 триллионтеңгеден аспақ

Шымкент қаласының экономикасы соңғы жылдары тұрақты түрде өсіп келеді. Бұл – шаһар экономикасына инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуінің нәтижесі. Нақтырақ айтар болсақ, биыл қаңтар-сәуір айларында Шымкент қаласына 233 млрд теңге инвестиция тартылды. Мұның өзі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 54 пайызға жоғары көрсеткіш. Ел Үкіметі бекіткен декомпозицияға сәйкес 2025 жылы Шымкентке 1 триллион 054 миллиард теңге инвестиция тарту көзделген.

Қала экономикасын одан әрі дамыту үшін 2025-2029 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібінде 112 кәсіпорын ашылады деп жоспарланған. Ол үшін инвестициялық жобалардың арнайы пулы әзірленді. Бұл жобаларға 406 млрд теңгеге инвестиция тартылуы тиіс. Онда 8,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.

Бес жылдық пудды орындау қазірдің өзінде басталып кетті. Биыл қалада өңдеу өнеркәсібі саласында 73 млрд теңгеге 22 кәсіпорын ашу жоспарланған. Онда 1,2 мыңнан астам жұмыс орны пайда болады. Оның ішінде «QazAlPack» ЖШС-нің алюминий қаптамасын өндіретін зауыты биыл  наурыз айында іске қосылды.

Аталған жобалардың іске қосылуы өнеркәсіп өнімінің көлемін 50 млрд теңгеге ұлғайтуға және экспорт көлемін 18 млн АҚШ долларына дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Аталған жобалар бойынша Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан тұрақты мониторинг жүргізілуде.

Жобаны іске асыруға ниетті инвесторларға өнеркәсіп алаңдарында инфрақұрылымы дайын, ұзақ мерзімге жалға берілетін жер телімдері ұсынылады. Кәсіпорындар коммуналдық қызметтердің ақысын арзандатылған тарифпен төлейді. Ал, арнайы экономикалық аймаққа қатысушыларға салық жеңілдіктері беріледі.

Қазір қалада 1 276 гектар жерді алып жатқан 7 өндірістік алаң жұмыс істеп тұр. Оның ішінде аумағы 306 гектарлық «Жұлдыз» және 132 гектарлық «Бозарық» индустриалды аймақтары 2024 жылы іске қосылды.

Бүгінде инвесторларды қолдаудың ашық және сындарлы диалогқа ықпал ететін көп деңгейлі инфрақұрылымы қалыптасты. Инвестициялық капиталды тартудың ашық, тұрақты және болжамды шарттарын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Осылайша, отандық және шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асырылатын инвестициялық жоба бастамашыларына инвестициялық келісімшарттарға қол жеткізуге көмек көрсетілуде.

Инвестициялық қызметті мемлекеттік қолдаудың негізгі құралы – инвестициялық келісімшарттар (арнайы, басымдылық), инвестициялық келісімдер және инвестициялық міндеттемелер.

Инвестициялық келiсiмшарттың негiзгi артықшылықтары – кедендiк төлемдерден босату, мемлекеттiк заттай грант беру мүмкiндiгi және 5 жылға дейiнгi мерзiмге шикiзат пен материалдарды импорттау кезiнде ҚҚС алып тастау. Инвестициялық келісімшарт жасалған кезде кәсіпкер жаңа өндірістерді құруға, кеңейтуге немесе жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңартуға инвестиция салуы тиіс. Басым бағыттардағы жобалар корпоративтік табыс салығы, жер және мүлік салықтарынан да босатылады.

Қала экономикасына тартылатын инвестиция көлемін арттыру мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 24 қаңтардағы № 248 қаулысымен «Shymkent Invest – Front office» инвестицияларды тарту және инвесторларды қолдау орталығы» ЖШС-і құрылды. Аталған ұйымның негізгі міндеттеріне қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша аналитикалық зерттеулер жүргізу, инвесторлардың қызметін сүйемелдеу,  қолайлы инвестициялық имиджін ілгерілету, оның ішінде инвестициялық мүмкіндіктер туралы ақпарат беру, «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторлармен өзара іс-қимыл жасау жатады.

 

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар