Редакция таңдауы

Құрылыста серпінді  жоба көп

2025 жылдың алғашқы бес айында Шымкент қаласында құрылыс саласында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар атқарылып, қаланың әлеуметтік, инженерлік және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Қаланың сәулеттік келбетін көркейту, тұрғындарға қолайлы өмір сүру орта қалыптастыру, сонымен қатар, сейсмологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – құрылыс басқармасы алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі.

Айталық, 2025 жылы 104,9 миллиард теңгеге 69 жоба немесе 98 нысанның құрылысы көзделген. Оның 57-сі көпқабатты тұрғын үй болса, қалғаны инженерлік инфрақұрылым, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік бағыттағы нысандар болып табылады. Жоспарланған нысандардың 68-і ағымдағы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Ал, 29 жоба келесі жылға өтпелі болып отыр. Қазір бір нысанның құрылысы толықтай аяқталып, ел игілігіне тапсырылды.

Бүгінде қала аумағында жалпы көлемі 283,5 мың шаршы метрді құрайтын 3 592 пәтерлі 57 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 16-сы «Тұран», 36-сы «Бозарық», 5-еуі «Ақжайық» шағынауданында бой көтеруде. Жыл соңына дейін 2412 пәтерлі 31 тұрғын үй (190,7 мың шаршы метр) пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, өңірде әлеуметтік әлсіз топтар мен жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамту бағдарламасы да белсенді жүзеге асырылуда. 2025 жылы 1 379 пәтер сатып алу көзделген. Оның 900-і – жастарға, 379-ы – әлеуметтік осал топтарға арналады.

Қазіргі таңда құрылыс басқармасы есебінде кепілдік мерзімі бар 197 көпқабатты тұрғын үй тіркелген (10 562 пәтер). Атап айтқанда, 88 көпқабатты тұрғын үй – «Тұран-2», 40 көпқабатты тұрғын үй – «Бозарық», 28 көпқабатты тұрғын үй – «Нұрсат», 26 көпқабатты тұрғын үй – «Ақжайық», 15 көпқабатты тұрғын үй – «Шымкент сити» шағынауданында орналасқан. Жыл басынан бері осы көпқабатты тұрғын үйлердің 50-інде әртүрлі ақаулар анықталып, кемшіліктер мердігер мекемелер тарапынан қалпына келтірілді.

Мердігерлерге келісімшарт талаптарын орындамауына байланысты жалпы сомасы 5,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның ішінде 3,75 млн теңге – кепілдік мерзіміндегі ақауларға байланысты, 1,88 млн теңге – мердігерлерге, 0,105 млн теңге – техникалық және авторлық қадағалаушыларға қатысты өндірілді. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, 2024 жылы бұл көрсеткіш 176,5 млн теңгені құраған.

Қала аумағындағы 66 апатты және ескірген көпқабатты тұрғын үйді жаңарту бойынша арнайы жол картасы әзірленіп, бекітілді. Осы бағдарлама аясында қазіргі таңда 113 пәтер иесі жаңа көпқабатты тұрғын үйлерге көшірілді. Жалпы қалада 2021 жылдан бері бүгінге дейін 233 көпқабатты тұрғын үйге техникалық зерттеу жүргізілді. Соның нәтижесінде 68 көпқабатты тұрғын үйге «сейсмонығайту», 67 көпқабатты тұрғын үйге «апатты деп тану», 98 көпқабатты тұрғын үйге «тұрақты жағдай» деген қорытынды берілді. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес Мангельдина №33, №36 және Иляева №7 мекен-жайындағы үйлерде ҚазҒСҚЗИ мамандары зерттеу жүргізуде. Қажетті шешімдер қабылданғаннан кейін бұл үйлерде де сейсмонығайту жұмыстары қолға алынатын болады.

Айта кетейік, биыл қалада 8 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 6 нысан – «Бозарық», 1 нысан «Ақжайық» шағынауданында орналасқан. Келесісі – Телман мектебі. Осы жобалардың жетеуінде құрылыс жұмыстары биыл аяқталады деп күтілуде. Ал, бір нысан келесі жылға өтпелі болмақ. Сонымен қатар, 2025 жылы қаладағы 22 көпқабатты тұрғын үйдің жалпы мүлкі күрделі жөндеуден өткізіледі. 9 көпқабатты тұрғын үйдегі ескірген 17 лифт заманауи және қауіпсіз жаңа жедел сатыларға ауыстырылады.

Түйіндей келгенде, Шымкент қаласының құрылыс басқармасы 2025 жылдың алғашқы бес айында қала тіршілігінің барлық маңызды салаларын қамтитын кешенді жобаларды жүзеге асырып, тұрғындар үшін жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру жолында елеулі қадамдар жасап отыр. Қаладағы құрылыс қарқыны, жобалардың жүйелі орындалуы мен сапасы Шымкенттің дамып келе жатқан ірі мегаполис ретіндегі рөлін айқындап отыр. Алдағы уақытта да бұл жұмыстардың жалғасын табатынына және шымкенттіктердің өмір сүру сапасын арттыруға серпін береріне сенім мол.

Соңғы жаңалықтар