Елімізде туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Туризмді дамыту арқылы Қазақстанның экономикалық жағдайын жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болатыны да белгілі. Қазақстанда туризмді дамыту үшін барлық қажетті мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар жеткілікті. Тәуелсіздік алған соң мәдени және тарихи құндылықтарды жаңартуға бағытталған бұл саланы дамытуға алғышарттар жасалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет. Бұл бағытта біз артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр. Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет. Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек» деген болатын.
Туризм көптеген елдерде экономиканың басымдықты салаларының біріне айналып келеді. 2030 жылға қарай бүкіл әлемде туристердің ағыны 1,8 млрд адамға жетеді деп күтіліп отыр. Осынша адам халықаралық шекаралардан өтіп, шет мемлекеттерде саяхаттайтын болады.
Қазақстанда туризм саласының дамуы енді ғана басталып келеді. Әлем Қазақстанда демалу, саяхаттау және оны танып-білу мүмкіндіктері жайлы енді ғана біліп жатыр. Еліміз туристік бағыт ретінде бұрыннан бәріне белгілі, бірақ, бұл жерде туризмнің алуан түрлері бойынша қандай мүмкіндіктердің бар екенін, оның ішінде экологиялық және этнотуризм туралы әлем енді біліп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, отандық туризмнің даму динамикасы жақсы. Елімізге сырттан келетін туристер саны жыл сайын орта есеппен 10 пайызға өсіп келеді. Соңғы 5-6 жылда ішкі туризм бойынша да оң динамика бар екен. Бұл бағыттағы даму көрсеткіші жылына 10-15 пайыз деңгейінде. Біздің азаматтарымыз барынша көбірек Қазақстандағы демалыс орындарын таңдауда. Өзінің бір демалысын Қазақстанда өткізуге ниетті адамадар саны көп. Шетелге жылына үш рет шыға алатын адамдар бар, бірақ, олар кемінде бір демалысын Қазақстанда өткізеді. Туризм түрлері бойынша беталыстар туралы айтатын болсақ, әлемде этнографиялық және саяхатшылық туризм кеңінен танымал болып келеді. Егер эко және этнотуризм әрқашан қызықты болса, аdventure-туризмге сұраныс жыл сайын 46 пайызға дейін артуда.
Осы орайда орнықты дамып келе жатқан отандық туризм индустриясынан Шымкент қаласы да өзінің лайықты орнын иеленуі тиіс. Шымкент қаласында туризм саласының әлеуеті жоғары. Өткен жылы қалаға 507 866 турист келген. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1 пайызға жоғары. Шымкентке саяхаттап келгендердің басым көпшілігі (475 235 адам) Қазақстан азаматтары. Былтыр қалаға шет елдерден 32 631 турист келді. Статистикалық ақпаратқа сәйкес, қаладағы орналастыру орындарында 615 503 адам келген. Бұл көрсеткіш те алдыңғы жылғыдан 15,4 пайызға жоғарылаған. Бүгінгі күні Шымкент қаласында 146 орналастыру орны орналасқан. Орналастыру орындары 2024 жылы 11 млрд 341 млн 336,4 мың теңгенің қызметін көрсетті. Бұл 2023 жылсен салыстырғанда 37,6 пайызға өскен. Айта кетейік, туристер саны бойынша Шымкент қаласы елімізде 4 орында тұр.
Қазір Шымкент қаласында 17 туристік маршрут қызмет көрсетуде. Олардың ішінде Түркістан – Ташкент – Ақсу-Жабағалы – Шымкент 4 күндік туристік маршрутын туристер жиі таңдайды. Сонымен қатар, әр бейсенбі күні шетелдік туристерге арналған тегін автобустық экскурсия өткізілуде. Бұл шара туристерге қаланың көрікті жерлерімен танысуға, мәдениеті мен тарихын зерттеуге мүмкіндік береді.
Шымкент қаласынан Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Көкшетау, Жезқазған, Петропавл қалаларына тікелей ұшатын 7 ішкі және Ыстамбұл, Мәскеу, Анталья, Дубай, Доха, Жидда, Шарм-Эль-Шейх, Пхукет, Медина, Фукуок бағыттарында 10 халықаралық әуе рейстері бар. «Scat» әуекомпаниясы тарапынан алдағы уақытта Бейжің, Сиань, Санья, Будапешт, Прага және Мюнхен қалаларына да тікелей халықаралық рейстер ашу жоспарлануда.
Туризм саласын одан әрі дамыту үшін бірқатар жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, былтыр жылы «Қарашаш ана» және «Ибрагим ата» кесенелері жаңа санитариялық-гигиеналық торап, жаңа орындықтар, жарық шамдары және ақпараттық стендтер орналастырылды. Оған қоса былтыр «Спутник» гүлзары мен Тәуке хан даңғылының бойында 2 санитариялық-гигиеналық торап іске қосылды Сондай-ақ, өткен жылы Qazaq Hotel, Diamond Hotel, Aurum Hotel, Cannes Hotel, Zhamal Hotel, Makhambet, Mirotel секілді 7 қонақ үй іске қосылды.
Туристік инфрақұрылымды одан әрі дамытып, шаһарға саяхаттап келген адамдарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыс биыл да жалғасын табады. 2025 жылы Ибрагим ата, Қарашаш ана, Мірәлі баба, Әбділ Әзіз баб, Хызыр мұнарасы, дендросаябақ және цитадель секілді 7 туристік нысанға төлқұжат орнатылады Оған қоса Ибрагим ата, Қарашаш ана, Әбділ Әзіз баб секілді 3 сакралды нысанға турникет орналастырылады. Қалада адам көп жүретін жерлерге 5 smart cанитариялық-гигиеналық торап пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Mardan hotel, Zeinnur tau, Keremet және Altai hotel атты 4 қонақ үй іске қосылады.
Оқиғалы туризмді дамыту үшін «Дәмдәсtour» гастрономиялық фестивалі ұйымдастырылды. Осынау айтулы шараға биыл 50-ден аса мейрамхана өкілдері қатысты. Онда Қазақстандағы ең үлкен самса дайындалып, ол Қазақстан рекордтар кітабына енді. Сондай-ақ, фестиваль аясында гастрономиялық сайыстар ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Сарапшы мамандар мұндай іс-шаралардың жыл сайын тұрақты әрі дәстүрлі түрде өткізілуі, әрі оның жоғары деңгейде, қызықты қызықты етіп ұйымдастырылуы Шымкентте гастрономиялық туризмнің дамуына серпін беріп, қаламыздың тартымды туристік бағыт ретіндегі танымалдығын арттыра түседі.
Оған қоса биыл «Қызғалдақ жолы» фестивалі ұйымдастырылады. Шымкентті қызғалдақтың отаны ретінде әлемге танытуды көздейтін бұл фестивальдің аясында қатысушылардың шеруі өтеді. Сондай-ақ, осы тақырыпқа сәйкес ауқымды театрландырылған көрініс ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Ал, бұл фестивальдің ең маңызды бөлігі деп флористердің көрмесі мен конкурсын айтуға болады. Сондай-ақ, айтулы іс-шараның аясында балалар суретінің байқауы және фотокөрмесі, сондай-ақ, концерттік бағдарлама да қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылады.
«Әуе шарлары» фестивалінде 15 әуе шар ұшырылса, «Батпырауықтар» фестивалінде әр түрлі пішіндегі 1000-нан аса батпырауық ұшырылады. «Жарық шамдар» фестивалі аясында балаларға арналған конкурстар, түрлі сайыстар ұйымластырылып, концерттік бағдарлама өтеді.
«Street food fest» фестивалінде гастрономиялық жәрмеңке және сайыстар өтеді. Оған жалпы саны 50-ден аса фаст-фуд орталықтары қатысады. Ал, «COMIC CON SHYMKENT» фестивалінде 120 костюмді түрлі стильдегі адамдар қатысады. Онда командалық сайыстар ұйымдастырылып, «Ең үздік киім үлгісі» номинациясы бойынша қатысушыларды марапаттау жоспарланған.
Бүгінде отандық туризмді дамытуда Түркістан қаласына ерекше көп көңіл бөлініп отырғаны жасырын емес. Бұл қалада жаңа әуежайдың іске қосылғанына қарамастан, киелі шаһарға келушілер ағыны әлі де Шымкент қаласынан өтетінін ескерген жөн. Осы орайда, Түркістан мен Шымкент қалалары қандай жағдайда да бірге дамитынын түсіну қажет. Яғни, көрші өңірдегі киелі орындарға келген саяхаттаушыларды Шымкент қаласына да тартудың мүмкіндігі зор. Сол үшін биыл қаладағы Этноауыл аумағын абаттандыру және қайта құру жоспарланған.
2024 жылы туристік индустрия өкілдеріне арналған семинар-тренинг өткізілді. Оған гид-экскурсоводтар, қонақ үй бизнесі әкімшілері, мейрамхана қызметкерлері, барлығы 90 маман қатысып өздерінің кәсіби біліктілігін шыңдай түсті. «Visit Shymkent» туристік ақпарат орталығының дүңгіршектері бірнеше орындарда ашылды Оған қоса «2ГИС» қосымшасына туристік нысандар енгізілді және «Red Bus» атты шетелдік туристерге экскурсия ұйымдастырылды.
Биылда бірқатар іс-шаралар қолға алынбақ. Атап айтқанда, Шымкент қаласына келген қонақтарға және туристерге хабарлама тарату қолға алынбақ. Туристік индустрия өкілдеріне арналған семинар-тренингтер ұйымдастырылады. «Visit-Shymkent.com» ресми туристік порталын (сайт) cүйемелдеу жұмысы жалғасады. Тревел-блогерлер мен контент мейкерлерге арналған мастер-класс ұйымдастырылып, «2ГИС» қосымшасына ұлттық және шығыс асханалар жиынтығы енгізіліп жатыр.
Туристік нысандар мен тур маршруттарды цифрландыру, атап айтқанда, туристік объектілер үшін 3Д-тур жасау жолға қойылады. «Visit Shymkent» орталығының туристік аралы ашылмақ. Оған қоса 24/7 режимінде жұмыс істейтін Гастрономиялық аллея ашу және Бадам су қоймасы аумағында туристерге қолайлы жағдай жасау жоспарланып отыр.
А.САЙЛАУҰЛЫ