Сыбайлас жемқорлық – ел дамуына кедергі келтіретін күрделі әлеуметтік мәселе. Онымен күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Еңбекші ауданында сыбайлас жемқорлықпен күресу мақсатында нақты жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, бюрократияны азайту және ашық диалог құру арқылы тұрғындардың мемлекеттік органдармен байланысы жеңілдеп келеді. Көптеген қызметтер электрондық форматқа көшіріліп, «Электрондық үкімет» порталы арқылы қолжетімді болып отыр.
«Ашық әкімдік» жобасы аясында аудан тұрғындарын жеке қабылдау тұрақты ұйымдастырылып, өзекті мәселелерге нақты шешімдер қабылдануда. Әлеуметтік желілер мен ресми сайттар арқылы кері байланыс артып, халықтың ұсыныс-шағымдарына жедел әрекет ету жолға қойылған.
Жемқорлықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік қызметшілерге арналған семинарлар мен түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Жуырда өткен семинарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің өкілдері, сондай-ақ бірнеше облыс әкімдіктерінің әдеп жөніндегі уәкілдері қатысып, қызметкерлерге заң мен әдептілік нормаларын түсіндірді. Арнайы бейнероликтер көрсетіліп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берілді.
Бұдан бөлек, аудан әкімдігі Шымкент қаласы Әділет департаменті және Адвокаттар алқасымен бірлесе отырып, шалғай елді мекендерде тегін заң көмегін тұрақты түрде ұсынып келеді. Әсіресе, шалғай елді мекендерде орналасқан ауыл тұрғындары үшін бұл – маңызды бастама. Тұрғындарға күнделікті өмірде туындайтын құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес беріліп, құжаттарды рәсімдеу мен өтініш беру тәртібі түсіндірілуде және бұл бағытта жұмыстар тұрақты жүрде жүргізілуде.
Ауданымыздың дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ең басты ұстанымдарымыздың бірі – ашықтық пен адалдық. Бұл құндылықтар бізге тек қана мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруды ғана емес, тұрғындар арасында сенім мен өзара түсіністікті орнатуды да қамтамасыз етеді. Біз әрқашан халықтың пікірі мен ұсыныстарын тыңдауға дайын болуымыз керек, өйткені тек сол жағдайда ғана ауданымыздың дамуын нақты әрі әділ бағытта жүргізе аламыз.
Біздің мақсатымыз – әділ және ашық қоғам құру!
Бүгінгі күннің талабы – бәріміз бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске кірісу. Әрбір аудан тұрғынының міндеті – әділетті қоғам орнату жолында адалдық пен жауапкершілік таныту. Тек бірлескен күш-жігеріміз арқылы ғана біз ауданымызды таза, әділ әрі гүлденген жерге айналдыра аламыз.
Д. ЕСІЛБЕК, Еңбекші ауданының әкімі