Шаттық қаласы – Шымкентте Қала күні биыл он күн бойы ерекше аталып өтті. Онкүндік «Түркістан» сарайында «Шырайлы, шежірелі, құтты мекен» атты республикалық ақындар айтысымен жалғасын тапты. Айтыс аламанына қатысқан қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек алқалы әлеуметке құттықтау лебізін жеткізді.
–Шырайлы Шымкенттің жеті жылда жеткен жетістігі кемел. Республикалық дәреже алғанына күні кеше 7 жыл толды. Қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлының тікелей тапсырмасымен осы мерейлі сәтті жоғарғы деңгейде атар өтуді ұйғардық. Нәтижесінде онкүндіктің аясында біраз шаруалар атқарылды. Оркестрлер шеруі, ұсталардың басқосуы, суретшілердің симпозиумы өтті. Соның ішіндегі бірі әрі бірегейі – осы республикалық ақындар айтысына қош келдіңіздер! Қаламызда осындай кең көлемдегі айтыс өтпегелі 5-6 жылдың жүзі болыпты. Ұлық өнерді қастерлеп келген баршаңызға жақсы рухани демалыс болсын!, – деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы.
Жыр дүлділдері жиналған сахнада айтыс өнері салтанат құрды. Айтыстың тізгінін белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев ұстады.
– Бүгін бабадан аманат болған ұлық өнеріміз, қазақтың қасиетті бекзат өнері Күн астында салтанатын өшірмей, Батыстан шығысқа дейінгі ұшса құс қанаты талатын, көсілсе тұлпардың тұяғы тозатын алып даламыздың төрт құбыласын біріктіріп, шырайлы Шымкент шаһарының төріне келдік. Келген адам кеткісі келмейтін, кеткен адам қайта келсем деп тұратын, бір көрген адамың туғаныңдай боп кететін, Алла тағала пейіліне берген, мейірімділіктің төрі, қазақтың ақ пейілінің төрі, ең дархан халық – біздің шырайлы Шымкенттің халқы. Қадамымыз оң болғай! Республикалық жыр аламаны құтты болсын!, – деп айтыстың ақтаңгері сахна шымылдығын ашты.
Бұл қала мәдениеті мен руханияты ұлықталған іс-шарада елімізге танымал суырыпсалма айтыс өнерінің жүйріктері бір сахнада бас қосты. Елдік рухты көтерген, ұлт мәдениетін дәріптеп, жас буынға рухани тәрбие берген айтысқа еліміздің әр өңірінен халыққа кеңінен танымал ақындар қатысты. Олардың қатарында Мұхтар Ниязов, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев, Дидар Қамиев, Арғынбек Қалбаев, Марат Ахметов, Ержан Әміров, Алтынкүл Қасымбекова, Біржан Байтуов, Нұрлан Есенқұлов, Қажымұхан Абзалов, Нұрғали Әнапия сынды айтыскерлер бар.
Осынау жыр аламанында шырайлы, шежірелі, құтты мекен Шымшаһардың өткені мен бүгіні ғана қамтылған жоқ. Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл, Өтебай Тұрманжановтың туғанына 120 жыл, қазақ айтысының аруанасы Әселхан Қалыбекованың туғанына 75 жыл, Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл, Ұлы Жеңіске – 80 жыл сияқты тақырыптар арқау болды.
Арқалы ақындардың әрбірі Шымкентті жырына қосты. Шымқалаға небір теңеу арналды. Қала күнімен құттықтап, көркем де мағыналы жыр маржанын төкті.
Павлодардан келген Аспанбек Шұғатаев пен шиелілік Ержан Әміров жұбының тартымды айтысында:
«Жыл сайын халық қосқан қалалар көп,
Ал, Шымкент күн сайын дамып тұрад(ы).
Бүгін өткен жеріңе ертең барсаң,
Орнында бір жайқалып парк тұрад(ы).
Сыздықбеков жасаған сызбаменен,
Су жаңа ғимараттар салып тұрад(ы).
Көркейген бет-бейнесі қаламыздың,
Көрген көздің жауына қарықтырад(ы).
Оу, ағайын, әділ басшы ел-жұртының,
Жұлдызын жарық, жүзін жарқын қылад(ы).
Бүгінгі Қала күнің құтты болсын,
Дақпыртың дүниеге сай жаңғырған.
Әнші, жырау, оркестр, қолөнердің
Шеберлерді жинапсың ойдан-қырдан.
500 дрон аспанға көтеріліп,
Адам түгіл көктегі Ай жаңғырған.
Шымкент тойға ұшырып ойнап жүрген,
Сол дронмен шетелде майдан қылған.
Өздеріңдей еңбекқор ел көрмедім,
Бейнетке белін буып байлам қылған.
Көшелерін 100 пайыз жарық қылып,
Қара туды қақ жарып қайран қылған.
Жасыл желек жайқалған Шымқаланы,
Жап-жарық шамқалаға айналдырған», – деп Ержан Әміров жырына қосты. «Қала саны азайып кеткенімен, бала саны азайып көрмеген ел» деді Аспанбек Шұғатаев. Ал, Арғынбек Қалбаев «Оңтүстіктің қара халқы аман болсын, Аққа аузын тигізген Алты алаштың!», «Құл қожа Ахмет Яссауиді туып берген, Қазақтың соғып тұрған жүрегісің» деген теңеулерін келтірді.
«Гүл қаламыз жатыр күнде гүлденіп, Мешіттер де ашылуда түрленіп. Тілімнің де қуат-күші – Шымкент, ділімнің де шырақшысы – Шымкент» деп Нұрғали Әнапия өлеңін өрді.
Жеңге мен қайнының жарасымды айтысын шымкенттік Нұрлан Есенқұлов пен Жамбыл облысынан келген Алтынкүл Қасымбекова жасады.
«Мақшардың бағында жайнаған Шымкент. Гүлзардай құлпырған, Ай туған Шымкент», «2 мыңнан асқан жасы бар, ғасырлар куәсі», «Бүгінгі қала күнінде, Жауғандай жырдың жауыны», «Шымкентім – шынарсың, Алыптардың алыбы» деп Алтынкүл ақын ағынан жарылды.
«Ең қымбат құндылықтың бәрі осында, ең арзан болғанымен палаулары. Өзбек, орыс, кәріс те бұл қалада, Мемлекеттік тіліне адал бәрі. Ең үлкен мешітіміз жарқырап тұр, Сұлулыққа сән қосып қаламдағы», – деп Біржан Байтуов қаламыздың бар жақсысын жырына арқау етті.
Бүгінгі республикалық айтысқа қатысқан барлық ақын қал-қадерінше шапты. Халық та айтысты сағынып қалыпты. Әр ақынның оза шапқан тұсында қиқулап, қолдап, қошаметтеп отырды.
Алты жұп бір күн бойы Шымкенттің халқын атадан қалған асыл мұрамыз – айтыспен сусындатты. Жыр көрігін қыздырған аламанның нәтижесі бойынша Бас жүлдеге тігілген автокөлікті Нұрлан Есенқұлов алды. 1-орын – Жансая Мусинаға ( жүлдесі 2 миллион теңге), 2-орын – Біржан Байтуов пен Аспанбек Шұғатаевқа ( әрқайсысына 1,5 миллион теңге), 3-орынға – Дидар Қамиев пен Ержан Әміровке (әрқайсысына 1 миллион теңге) бұйырды. Әкімнің Майлықожа атындағы сыйлығын (700 мың теңге) Алтынкүл Касымбекова қанжығасына байлады. Қалған ақындарға 500 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы берілді.
Ұлттық өнер айтыстың арқасында халықтың жүрегінде ақындардың жүрекжарды жыры мен әуезді мақамы қалды. Бұл айтыс біразға дейін көптің аузынан түспейтіні аян.
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ