Редакция таңдауы

Бала ана тілінде тәрбие алуы керек

Елімізде балабақша мен мектеп таңдауда ата-аналар орыс тілінде білім беретін мекемелерге көбірек бет бұра бастады. Мұның бәрін «ата-ананың жеке құқығы» деп жылы жауып қою – тым жеңіл. Шын мәнінде, бұл – мемлекеттік тілдің қоғамдық кеңістіктен ығысуының көрінісі. Бұл – ертең ел боламыз десек, бүгін ескеретін өте маңызды дабыл.

Қазақ баласының өз тілінде білім ала алмауы – жеке отбасының емес, тұтас ұлттың мәселесі. Егер тіл саясатында, ақпарат кеңістігінде, білім беру жүйесінде нақты әрекет жасалмаса, мемлекеттік тіл қағаз жүзінде ғана қалып, іс жүзінде ығыстырыла береді. Бүгінде қазақ тілінің ең әлсіз тұсы – қаладағы мектеп пен балабақша. Әсіресе мегаполистерде қазақ тілді мектепке сұраныс көп болса да, орын жетіспейді. Керісінше, орыс сыныптары артық тұр. Бұл – демографиялық көрсеткішпен мүлде сәйкес келмейді. Мұны билік те, білім беру саясаты да ашық мойындауы керек.

БАҚ өкілдері бұл тақырыпты жүйелі көтермей отыр. Мемлекеттік арналар мен ресми порталдарда қазақ тілді білімнің жетістіктері мен артықшылықтары жөнінде нақты, тартымды, сенімді материалдар аз. Әсіресе телевизия, интернет және әлеуметтік желі кеңістігінде қазақ сыныбын насихаттайтын мықты жобалар жетіспейді. Тілге жанашыр журналистер тек тіл туралы емес, қазақ тілінде білім алу туралы да нақты әрі заманауи форматта жиі жазуы тиіс. Журналистиканың ендігі миссиясы – жай ақпарат тарату емес, ана тілімізді тұтас қоғамға насихаттауда үлес қосу. Билік бұл мәселеге тек есептік көзбен қарамауы керек. “Қанша мектеп ашылды”, “Қанша оқушы қамтылды” деген статистика мәселені шешпейді. Қазақ сыныбында оқуға ниетті ата-аналарға нақты таңдау ұсыну керек. Бұл – балабақшадағы топ санын көбейту, қазақ сыныбын ашуға жергілікті деңгейде шектеу қоймау, мұғалім тапшылығын шешу арқылы ғана жүзеге асады.

Қазақ сыныбына деген сұраныстың төмендеуі – жай статистика емес, бұл ұлттың өз болашағына күмәнмен қарауының белгісі. Оған кінәлі тек ата-ана емес. Бұл – тұтас жүйенің, оның ішінде білім беру саясатының, ақпараттық кеңістіктің, әкімшілік шешімдердің, тіпті кейде үнсіз қалған зиялы қауымның да ортақ кемшілігі. Мемлекеттік тілде білім алуға нақты, сапалы, қолжетімді мүмкіндік ұсыну – жергілікті әкімдіктің де, Білім министрлігінің де, мәдениет және ақпарат саласы басшыларының да жауапкершілігі.

Бұл мәселеде БАҚ өкілдері тек баяндаушы емес, қозғаушы күш болуы тиіс. Тілге қызмет ету — ұлтқа қызмет етумен тең. Ал қазақ тіліндегі білім беру кеңістігін сақтау — Қазақстанның шын мәнінде егемен ел екенін дәлелдеудің жолы. Қазір біз таңдауға емес, шешімге келетін кезеңге аяқ бастық. Ендігі сөз – нақты істе.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар