ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында бірқатар нысандарды аралады. Мәжіліс депутаты қалалық төтенше жағдайлар департаментінің жұмысымен танысып, бірқатар мәселелерді талқыға салды.
Respublica партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты қазіргі таңда материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға көңіл бөлу қажет екенін айтты.
– Қала халқы жылдан-жылға өсіп келеді. Одан бөлек, Шымкент қаласы ыстық аймақтардың бірі болғандықтан, өрт қауіпсіздігі – басты назарда тұратын мәселе. Осы сапар аясында департаменттің материалдық-техникалық базамен қамтылуы, жаңғыртылуы, жеке құрамның жағдайымен таныстық. Жалпы, өрт сөндіруге шыққан кезде жеке құрамның киімі сапалы болуы қажет. Адамның ағзасына зиян тигізбейтін, сапалы киімдер алынуы тиіс, – деді О.Құспеков.
Қазіргі таңда жергілікті атқарушы орган тарапынан азаматтық қорғау саласына тиісті қолдау көрсетілуде. Шымкент қаласында бүгінде 10 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. Жалпы, норматив бойынша оның саны 22-ге жетуі тиіс. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен биыл 5 өрт сөндіру бөлімі құрылысы жүргізіледі.
Айта кетсек, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі О.Құспеков жұмыс сапары аясында азаматтар мен жол саласындағы кәсіпкерлермен жеке қабылдау өткізді.
Т.ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ