Мемлекет, қоғам және отбасы үшін басты міндеттердің бірі – өскелең ұрпақтың білімін, дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл мақсатта елімізде қосымша білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа реформалар қолға алынып келеді. Елордадағы Орталық Коммуникациялар алаңында өткен брифингте Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Майра Мелдебекова қосымша білім беру саласына ваучерлік қаржыландыру тетігі енгізілгенін жеткізді.
Жаңа жүйенің арқасында әрбір бала бір үйірме немесе секцияға тегін қатысу үшін электронды ваучер алу мүмкіндігіне ие болады. Биыл маусым айынан бастап Астана, Шымкент, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда қалаларында пилоттық жоба іске қосылды. Бұған дейін ата-аналар тарапынан кезектің ашық болмауы, қызмет сапасына бақылау жоқтығы, өтінімдердің қайталануы сияқты жүйелі мәселелер жиі көтерілген болатын. Жаңа жүйе осы олқылықтардың алдын алуға бағытталып отыр. Енді бала сабаққа нақты қатысқан жағдайда ғана қаржыландыру жүзеге асырылады. Әр сабаққа қатысу цифрлық платформада тіркеледі, ата-ана оны өз тарапынан растауға тиіс. Балалар 12 әлеуметтік санатқа бөлініп, әрқайсысы жеке кезекпен бақыланады. Бұрынғыдай бір бала жеңілдікке ие болған жағдайда, өзге ата-аналардың кезектен ығыстырылуы енді болмайды. Барлық процесс электронды түрде жүзеге асып, ата-аналар кезек барысын ашық көре алады.
Шымкент қаласында қосымша білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған пилоттық жоба аясында бірқатар жүйелі мәселелер анықталды. Бұл жөнінде брифингке қатысқан қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек пікір білдіріп, маңызды жайттарды атап өтті.
«Пилоттық жобаны дайындау барысында бірқатар олқылықтар белгілі болды. Мәселен, бұған дейін бір бала бір уақытта бірнеше үйірмеге, тіпті екі түрлі өнім жеткізушіге тіркеліп, екі түрлі ваучермен қатар қызмет алуға мүмкіндік алған. Яғни, бір бала бір мезетте екі орында есепте тұрып, мемлекеттік те, жекеменшік те орталықтардан бірдей қызмет алып жүрген жағдайлар тіркелді», – деді Сәрсен Абайұлы.
Бұл жүйедегі ретсіздіктің айқын мысалы ретінде қалада бір баланың жеті түрлі үйірмеге қатар барып жүргені анықталған. Мұндай қайталанған тіркеулердің нәтижесінде қазір қалада 25 мың баланың қосарланған есепте тұрғаны белгілі болып отыр. Бұл жағдай бюджет қаржысының тиімді әрі әділетті жұмсалуына кері әсер етіп келіпті.
Осы ретте қала әкімінің орынбасары жобаның басты мақсаты «бір бала – бір ваучер – бір орын» қағидатын нақты жүзеге асыру екенін баса айтты. Мұндай қағида арқылы мемлекет тарапынан бөлінетін қаражатты тиімді әрі ашық басқаруға жол ашылады. Сонымен қатар, әр бала нақты бір үйірмеде оқитынын әрі сол үйірмеге шын мәнінде барып жүргенін бақылауға мүмкіндік туады. Бұл – қосымша білім беру саласындағы әділеттілік пен ашықтықты қамтамасыз ететін маңызды қадам.
Бұдан бөлек, Сәрсен Абайұлы қосымша білім беру қызметін ұсынатын өнім жеткізушілерге қойылатын талаптар арнайы алгоритм түрінде пилоттық жобаның бұйрығында нақты белгіленгенін атап өтті. Егер өнім жеткізуші осы талаптарға толық сәйкес келсе, бұл тиісті мемлекеттік органға – Шымкент қаласы жағдайында бұл қалалық білім басқармасына ресми хабарлама жібереді. Бұдан кейін мониторингтік топ нысанды тексеріп, барлық талаптардың сақталуын анықтайды. Егер талаптар толық орындалса, келесі күні-ақ өнім жеткізуші өз жұмысын бастай алады.
Қазір Шымкент қаласында білім, мәдениет және спорт басқармалары тарапынан жалпы саны 344 өнім жеткізуші тіркелген. Пилоттық жобаның іске қосылуына байланысты бұл көрсеткіш артуы да мүмкін екені айтылды. Дегенмен басты назар қызмет сапасына аударылмақ. Бұйрықта көрсетілген талаптарға сай келген кез келген өнім жеткізуші өз қызметін кез келген уақытта бастай алады. Ең бастысы, балаларға сапалы әрі қауіпсіз білім беру.
Сондай-ақ Сәрсен Құранбек қосымша білім беру қызметі мемлекеттік қызмет екенін еске салды. Яғни, бұл қызметті тікелей мемлекеттік орган жүзеге асыруға тиіс. Алайда қазіргі тәжірибеде бұл саладағы қызметтер көбіне жеке меншік ақпараттық жүйелер арқылы атқарылып келген. Осы олқылықты жою мақсатында Үкіметтің тапсырмасымен Ұлттық білім беру деректер базасын жетілдіру жұмыстары басталды. Пилоттық кезеңнің алғашқы сатысында өңірлер бұрыннан қолданылып келе жатқан ақпараттық порталдар арқылы жұмыс істеуді жалғастыра береді. Дегенмен жыл соңына дейін немесе келесі жылдың ортасында бұл қызмет толықтай мемлекеттік жүйеге – Ұлттық білім беру деректер базасына көшіріледі.
Бұдан бөлек, қала әкімінің орынбасары қауіпсіздік мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жүз адамнан артық адам шоғырланатын орындар террористік тұрғыдан осал нысандар қатарына жатады. Мұндай нысандарға арнайы қауіпсіздік талаптары қойылады. Әсіресе, мың балаға дейін шоғырлана алатын қосымша білім беру орталықтарына бұл талаптар міндетті түрде орындалуға тиіс. Өйткені, бұл балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды әрі қажетті шара екені белгілі.
Бүгінде еліміздің әр өңірінде ірі спорт кешендері мен қосымша білім беру орталықтары көптеп салынып жатыр. Мұндай нысандар бір уақытта мыңнан екі мыңға дейін бала қабылдай алатын мүмкіндікке ие. Олар мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс шеңберінде белсенді қызмет атқарып келеді. Шымкент қаласында да осындай қуатты инфрақұрылымы бар өнім жеткізушілер бар. Осылайша, пилоттық жоба арқылы қосымша білім беру саласында жүйелілік, әділеттілік және ашықтықты қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Жадыра МҮСІЛІМ