Редакция таңдауы

Қазына қаржысы ысырапшылдықты көтермейді

Биыл қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсау керегін айтқан болатын. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді. Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды аңдап басу қажет», – деген еді.

Президенттің осы тапсырмасына орай бүгінде Шымкент қаласында мемлекеттік бюджет қаражатын басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Шымкент қаласы мәслихатының осы айда өткен кезекті жиырма жетінші сессиясында бюджеттің атқарылуы мәселесі кеңінен талқыға салынды. Депутаттар тиісті атқарушы орган өкілдерінен бюджеттің кіріс бөлігін арттыру бойынша қандай жұмыстар жүргізілгені, қазына қаражатының қандай басым бағыттарға жұмсалғаны жөнінде есеп алып, тиісті ұсыныстарын жолдады.

Шымкент қаласы қаржы басқармасының басшысы Р.Бақтыбаевтың айтуынша, жалпы қала экономикасындағы оңды өзгерістер бюджет кірісінің артуына ықпал етіп, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізілген.

– 2024 жылға бюджет көлемі 653,9 млрд. теңгеге бекітілген болса, жыл көлемінде бюджет 5 рет нақтыланып, 129,5 млрд. теңгеге ұлғайып 783,5 млрд. теңгені құрады. Бұл жерде, өзіндік кіріс 66,5 млрд. теңгеге, атап айтқанда: табыс салығы –   24,3 млрд. теңгеге, әлеуметтік салықтар – 11 млрд.теңгеге, әкімшілік айыппұл – 1,6 млрд.теңгеге, басқа да салықтық емес түсімдер – 7,4 млрд. теңгеге, тіркелген үшін алымдар – 10,4 млрд. теңгеге, пәтерлер сату түсімдері 3 млрд. теңгеге, жерді сату 5,4 млрд. теңгеге ұлғайтылған. Сонымен қатар, республикадан берілетін трансферттер түсімдері 12,1 млрд. теңгеге, бағалы қағаздар (облигация) – 43,5 млрд. теңгеге көбейген. Сонымен қатар өткен жылғы бюджеттің кірісі 2023 жыл соңындағы бос қалдықтар есебінен 7 млрд. теңгеге өскен. Осыған байланысты бюджет шығыстары да сәйкесінше ұлғайтылып, нақтыланып, түзетіліп отырды. – деді басқарма басшысы.

Р.Бақтыбаевтың айтуынша, бюджет түсіміне 783,5 млрд. теңге болжанып, нақты 791,4 млрд.теңге түсіп, 7,9 млрд. теңгеге артық орындалған. Кіріс құрамындағы өзіндік кірістер көлемінің жоспары 412 млрд. теңге болса, нақты 422 млрд. теңге түсіп, 2,4 пайызға немесе 10 млрд. теңгеге асыра орындалған.

Басқарма басшысы қала бюджетінің өзіндік кірістері қандай көздердің есебінен артқанын да талдап айтып берді. Оның сөзіне сүйенер болсақ, салықтық түсімдер жоспары 363,5 млрд. теңге болса, 7 млрд. теңге артық орындалған. Қаладағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны жыл сайын артып келеді. Нақты айтар болсақ, 2022 жылы – 91 мың, 2023 жылы – 122 мың, ал, 2024 жылы -131 мың нысан жұмыс істеді, яғни, салтықтық түсімдер жоспарының өзгеріп, қазынаға түсетін қаржының көбеюі шағын және орта бизнес субъектілерінің өткен жылға қарағанда 9 мыңға көбеюінің нәтижесі екен. Оған қоса бюджеттік ұйымдар мен ірі кәсіпорындарда жалақының өсуі есебінен табыс және әлеуметтік салықтар және бензин мен дизель отынынан артқан.

Нақты деректерге тоқталсақ, табыс салығы жоспар 119,3 млрд. теңге болса, нақты 122,2 млрд. теңге түсіпті. Сол сияқты әлеуметтік салық жоспар 50,9 млрд. теңге болып белгіленгенімен,  іс жүзінде 38,7 млрд. теңгені, ал, акциз жоспары 142 млрд. теңге болса, нақты 145,2 млрд. теңге бюджетке түскен. Сондай-ақ, шет елдік 163 мың автокөліктерді тіркеу және қайта тіркеу түсімінен жоспары 866 млн. теңгеге артық орындалған (жоспар –  12,4 млрд.тг, нақты 13,3 млрд.тг, 2023 жылмен салыстырғанда 5 мыңға артқан). Ал, салықтық емес түсімдер жоспары – 19,6 млрд. теңге болса 2,5 пайызға немесе 486 млн. теңгеге артық орындалған. Бұл коммуналдық мүлікті, тұрғын үйлерді жалға беруден – 75 млн. теңге, әкімшілік айыппұлдан «Сергек» арқылы 334 млн. теңге, ал, 75 млн. теңгесі сот шешімі, тексеру нәтижелерімен қайтарылған  қаржылар. Негізгі капиталды сатудан түсім жоспары 28,7 млрд. теңге болса, нақты 31,1 млрд. теңгеге орындалған. Оның ішінде 21 млрд. теңгесі пәтерлерді, 9 млрд. теңгесі жер учаскелерін сатудан түскен.

Басқарма басшысы өз баяндамасында бюджет шығыстарының жоспары 783,5 млрд.теңгенің нақты 780,2 млрд.теңгесі игерілді немесе 99,6 пайызға орындалғанын атап өтті. Оның ішінде республикалық бюджет жоспары 110,9 млрд. теңгеге немесе 98,6 пайызға, ал, жергілікті бюджет жоспары 669,3 млрд. теңгеге немесе 99,7 пайызға орындалған.

Жыл соңындағы қалдық 3 млрд. 303 млн. теңгені құрапты. Бұл қалған қаражаттың 1 млрд. 810 млн. теңгесі объективті себеппен үнемделген көрінеді. Атап айтқанда, 1 млрд. 365 млн. теңге – республикалық бюджетте қаражат жеткіліксіз болуына байланысты  жастардың кәсіпкерлік бастамашылығына арналған кредит түспеген, 445 млн. теңге –  еңбекақы мен мемлекеттік сатып алудан  үнемделген қаржы екен. Ал, субъективті себептермен 1 млрд. 492 млн. теңге мердігерлермен тауарлар мерзімінде жеткізілмеуі, атқарылған жұмыс актілері ұсынылмауы, сот процесстері аяқталмауы себептерінен игерілмей қалған. Дегенмен де, Шымкент қаласы бюджетті игеру көрсеткіші бойынша өңірлер арасында 2 орыннан көрінген екен

Басқарма басшысы 2025 жылдың 1 қаңтарына бос қалдық 11,2 млрд. теңгені құрағанына тоқталды. Оның ішінде 7,9 млрд. теңге – артық түскен түсім, 3,3 млрд.теңге – игерілмеген қаржы екен. Республикалық бюджет есебінен игерілмеген 172,4 млн. теңге Бюджет Кодексінің 44-ші бабына сәйкес республикалық бюджетке кері қайтарылыпты. Ал, қалған 10 млрд 992,8 млн. теңгесі 2025 жылы наурыз айында өткен бюджеттік нақтылауда қажетті салаларға қайта бағытталған.

– Жалпы бюджеттің үлкен үлесі келесідей салаларға  бағытталды: білім саласына – бюджеттің 40 пайызы (314 млрд.тг),  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа – 19 пайызы (148 млрд.тг), көлiк және коммуникацияға – 12 пайызы (92,6 млрд.тг), әлеуметтiк көмек көрсетуге – 5 пайызы (37 млрд.тг),  мәдениет, спорт, туризм салаларына – 4,2 пайызы (33 млрд.тг), қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік мәселелеріне  –4 пайызы (31 млрд.тг), ауыл шаруашылығын қолдау мен дамытуға – 3,5 пайызы (27 млрд.тг), денсаулық сақтау саласын дамытуға – 2 пайызы (15,6 млрд.тг), басқа да салаға – 10,3 пайызы (82 млрд.тг) бағытталған. Құрылымына сәйкес, бюджеттің 75 пайызы, яғни, 584 млрд. теңге  ағымдағы шығыстарға,  ал, 25 пайызы немесе 196 млрд. теңге  даму бюджетіне бағытталды. Ағымдағы шығыстарға тоқталатын болсақ, мәселен, бiлiм саласына 244 млрд. теңге, әлеуметтiк салаға 36 млрд. теңге, денсаулық сақтау саласына 15 млрд. теңге және мәдениет пен спорт салаларына 30 млрд. теңге игерілген. Ал, бюджеттің даму шығыстары  204 жобаны жүзеге асыруға 196 млрд. теңге бағытталды. Жыл қорытындысы бойынша 234 нысанның 132 нысаны аяқталып пайдалануға берілді. Жалпы, 33 бағдарлама әкімшілері бойынша 263 бюджеттік бағдарламада 1 123 тікелей көрсеткіштер жоспарланып, нақты 1 104 көрсеткіштер немесе 98,3 пайызға орындалып, нәтижелерге қол жеткізілген, ал, 12 бағдарлама әкімшілері бойынша жоспарлы 19 тікелей көрсеткіштер орындалмаған. Осының салдарынан жоспардағы 348 түпкілікті нәтиже көрсеткіштерінің 336-на немесе 96,5 пайызына қол жеткізіліп, болжанған 12 көрсеткіштер өз нәтижесіне жетпеді. Бюджет қаражатының сапалы толық игерілуіне жауапкершілікті күшейту шаралары тұрақты бақылауда, – дейді Р.Бақтыбаев.

Басқарма басшысы 2023 жылы бюджетті атқару барысында жіберілген кемшіліктер үшін 31 қызметкерге шара қолданылғанын, оның ішінде: 2 қызметкер жұмыстан босатылғанын, 2 қызметкерге қатаң сөгіс, 11 қызметкерге сөгіс, 16 қызметкерге ескерту берілгенін атап өтті.  Жыл бойында бюджеттің сапалы атқарылуына байланысты бюджеттік бағдарлама әкімшілерімен бірқатар іс-шаралар атқарылыпты.

Біріншіден, білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында, яғни есепшілердің қаражаттарды артық немесе қате аударуға жол бермеу үшін, екі реттен артық төлем жасауға шектеу, қолмен түзетуге тыйым салу, есеп жүргізу кезінде салыстыру автоматты түрде орындалып, айырмашылықтарды көрсететін бағдарламаға өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, мекеме басшылары бақылауды күшейту мақсатында ұялы телефондарына «Қызметкерлер кабинеті» мобильді қосымшасы орнатылды.

Екіншіден, бухгалтерия мен қаржылық есептілікті шоғырландыру мақсатында, 2025 жылдан бастап, қаладағы 10 квазимемлекеттік мекеменің бухгалтерлік операцияларының ішкі айнылымына қол жетімді және Е-Минфин порталында көріну үшін бірыңғай деректер қоймасына берілуде (2025 жылдың соңына дейін барлық квазимемлекеттік мекемелерді қосу жоспарлануда).

Үшіншіден, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға бөлінген қаражаттың нысаналы пайдаланылуына және салықтық түсімдерді толық аударуына бақылау жүргізу мақсатында, Қазынашылық қолдау жүргізілуде.

Мәселен, 2024 жылы Қазынашлыық  департаментімен құны 2,0 млрд. теңгеден асатын 59 нысан, ал 2025 жылы құны 1,0 млрд. теңгеден асатын 86 нысанына қазынашылық қолдау қызметі көрсетілуде. 2024 жылдың қортындысымен салыстырғанда 2025 жылғы нысандар саны 1,5 есеге өсіп отыр.

– Сонымен қатар, бюджеттің атқарылу процесі халыққа ашық болу үшін, Shymkent.gov.kz, Ашық e.gov электрондық үкімет порталына ай сайын азаматтық бюджеттің жоспары мен атқарылуы туралы ақпараттар орналастырылады, сонымен қатар әр бағдарлама әкімшісі бөлінген қаражаттары және бюджеттік бағдарлама көрсеткіштерінің орындалу нәтижесін жариялайды. Жалпы бюджеттің атқарылуы мен туындап жатқан мәселелер бойынша негізгілерін  баяндап өттім. Алдағы уақытта бюджеттің сапалы әрі тиімді атқару үшін тиісті жұмыстар атқаратын боламыз, – деді қалалық қаржы басқармасының басшысы.

Иә, бюджет қаражатын тиімді әрі үнемді жұмсау – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған қатысты республикалық және жергілікті өкілетті органдардың алдына тиісті талаптар қойғаны мәлім. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму мен алға басудың басты көзі іспетті бюджет қаражаты ысырапшылдықты көтермейді.

А.САЙЛАУҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар