Cәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдің тәуелсіздік жылдарындағы ең басты әрі маңызды жетістіктерінің бірі – елдің ынтымақ-бірілігінің сақталуы екенін айтты. Мемлекет басшысы Қазақстанда этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі қалыптасқанын және әлем қауымдастығының бұл үлгіні мойындағанын ерекше атап өтті.
– Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да. Барша азаматтарға бірдей мүмкіндік берілген. Бұл – нағыз әділдік, әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі. Тағы да айтарым: елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтарымыздың қатарында тұр. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты тұғыры. Болашақта да солай болмақ. Осы стратегияның арқасында түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – мағынасы терең нақты жетістік. Отаншылдық, азаматшылдық, өзара сенім мен жауапкершілік – Қазақстан халқының жалпыұлттық бірегей болмысын айқындайтын құндылықтар. Қазақ жерінде тұрып жатқан барлық этнос өкілдері өздерінің тілін, мәдениетін және салт-дәстүрлерін жан-жақты дамыта алады. Оған қажетті барлық жағдай жасалған. Біз біреуге еліктеп, жан-жағымызға жалтақтаған емеспіз. Ең бастысы, ұлтаралық қатынастар саласында озық әдіс-тәсілдерді қолданып, тек алға қарай жүрдік, болашақта да солай болу керек.Соның арқасында біздің елімізде қалыптасқан қоғамдық келісім үлгісі шын мәнінде біздің халықаралық «брендімізге», беткеұстар жетістігімізге айналды, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы аталмыш құрылымның елдегі тұрақтылық пен бірлікті сақтаудағы рөлін жоғары бағалады.
Иә, бүгінде еліміздің әр өңіріндегі Ассамблея жұмысы жанданып, одан әрі дами түсті. Мәселен, Шымкент қаласында 16 этно-мәдени бірлестіктер бүгінге дейін ілкімді істерді атқарған. Ассамблея жанындағы әрбір құрылым 33-інші сессиясының шешімдерін іске асыру мақсатында «Адал азамат», «Салауатты сана», «Жомарт жан», «Ассамблея айнасы», «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» және тағы басқа жобалар аясында кешенді жұмыстарды жүзеге асырды. Соның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін арттыру мақсатында түрлі бағдарламалар мен республикалық жобаларды жүзеге асырды.
Жыл сайын елорда төрінде ұйымдастырылатын сессияға биыл Шымкент қаласынан этно-мәдени бірлестік төрағалары және қала әкімдігінің өкілдері қатысты. Еліміздің барлық өңірлерінен жиналған делегаттар ҚХА төрағасы Қ.Тоқаевтың жетекшілігімен өткен жиында айтылған байыпты бастамалар мен тиянақты тұжырымдарды тыңдап, ішкі татулық жолында атқарылуы тиіс бірқатар тапсырмалар арқалап қайтты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзі елдің ішкі тұрақтылығы мен бірлігін сақтау жолындағы маңызды стратегиялық бағдарымен таныстырды. Президент баяндамасында Ассамблеяның 30 жылдық тарихын бағамдай отырып, оның ел тәуелсіздігімен бірге қалыптасып, мемлекеттілікке қызмет еткен қоғамдық институт ретінде рөлін ерекше атап өткен еді. Бұл сөз – Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің бірегей үлгісі орныққанын тағы бір дәлелдеді. Шымкент қаласынан XXXIV сессияға қатысқан бірнеше делегаттан пікір сұраған едік.
Абдурахим ПРАТОВ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі:
– Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірқатар маңызды мәлімдемелер жасады. Әрине, айтылған баяндаманың негізінде іс-шаралар жоспары бекітілді. Осы жоспарға сәйкес, 2025 жылы түрлі мәдени, әлеуметтік және ақпараттық іс-шаралар өткізу көзделіп отыр. Осыған байланысты Қазақстандағы өзбек тілді әдеби және мәдени ұйымдар да бірқатар маңызды іс-шараларды жоспарлауда. Бұл шаралар этносаралық татулықты нығайту, ұлттық мәдениетті сақтау және жастарды рухани тәрбиелеуге бағытталған. Тек ол белгіленген шаралардың, Президенттің тапсырмасында айтылғандай, уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының әр ісі оңға басып, мерейі үстем болу үшін барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың бірлесіп жұмыс істеуінің маңыздылығын Мемлекет басшысы өз сөзінде атап өтті.
Ең бастысы, жанымызда жүрген, адамдарға оның ұлтына, тіліне, діни сеніміне қарамай, үлкен сүйіспеншілікпен, сыйластықпен қарым-қатынас жасай білгеніміз ләзім. Біз, қаламгерлер қауымы үшін әр зиялы қауым өкілінің әдеби немесе мәдени мұрасын мұқият сақтап, болашақ ұрпағымызға жеткізу бар уақытта да үлкен міндетіміз болып қала бермек.
Эркинай СҰЛТОНОВА,
«Шымкент» шығармашылық ұйымының төрайымы, Білім беру ісінің үздігі, ақын, аудармашы:
– Абдурахим ака әр ұлттың әдеби және мәдени мұрасы жайлы жақсы айтты. Осы орайда “ЭКСПО 2017” көрмесіне сыйға тарту үшін “Шырайли Шымкент шайырлары” атты кітапты дайындағанымызды айтқым келеді. Ол жинаққа өзбекшеден арнайы қазақ тіліне аударылған 30-ға жуық ақынның Отанды, туған жер мен туған тілді сүю жайлы шығармалары енді. Сонымен қатар, біздің «Шымкент» шығармашылық ұйымында Қазақстандағы этносаралық келісім мен бірлікті сақтау мәселелері жиі көтеріліп тұрады. Оған дәлел ретінде айта кетсем, жуырда ғана Шымкент қаласындағы Жұмабек Ташенов атындағы университет жанынан осы оқу орны мен Әндіжан мемлекеттік педагогикалық институты арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандумның негізінде «Өзбек тілі мен мәдениеті орталығы» ашылды. Жұмабек Ташеновтің есімі берілген орталықтың басты мақсаты Қазақстандағы өзбек этносының тілі мен мәдениетін сақтау, дамыту және насихаттау болып табылады. Орталықтың жұмысы өзбек тілі мен әдебиетін оқыту, ұлттық салт-дәстүрлерді таныстыру, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру арқылы туысқан екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Мохида ЮЛДАШОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудармашы:
– Елдің тілі мен ділін сақтауға шығармашылықтың алатын орны ерекше. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының бағдарламаларын әзірлеуде Шымкент қаласындағы өзбек тілді ақын-жазушылар мен әдеби ұйымдардың белсенді түрде қатысып, этносаралық келісімді нығайтуға өз үлестерін қосудағы ұмтылысын айтуға болар. Олар бұған дейін де түрлі мәдени-әдеби іс-шаралар ұйымдастырып, жастарды рухани тәрбиелеу мен ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған жұмыстар жүргізуде. Соның бірі – «Рух сардары» атты жас ақындар айтысы. Осындағы барша тіркі тілдес халыққа ортақ «сардар» деген анықтауштың өзбек тілді этностың арасында жиі айтылатыны көпке мәлім. Бұл дегеніңіз Өзбекәлі Жәнібековтің ел үшін жасаған қызметі мен мұраларын насихаттау мақсатында Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде өткен бұл республикалық айтысты ұйымдастыруда «Шымкент” шығармашылық ұйымы өкілдерінің белсенділік танытқанының дәлелі. Олар, айтысқа қатысқан жас үміткерлердің Ө.Жәнібековтің Келес ауданында атұарған мектеп мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, басқа да қызметтері жайында Өзбекстанның мұражайларынан іздестіруіне көмек қолын созды.
Біз бұл сұхбаттан қазіргі геосаяси жағдай күрделеніп тұрған кезеңде еліміздегі түрлі этностардың тату тұрмыс кешуі мен мызғымас бірлігі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының тұрақты жұмыс жүргізуі аса маңызды екенін ұғындық. Кез-келген қиындықта біртұтас халқымыз бірлесе шешім қабылдауы да тұрақтылықтың айғағы екенін аңғардық.
Атанбек НАУРЫЗ