Бүгінде Шымкент қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Қаладағы көшелерді күрделі, орта және ағымдағы жөндеу жұмыстарымен қатар шеткі шағын аудандардағы топырақ көшелерге шағал тас пен асфальт та төселіп жатыр. Ал, ең бастысы көлік қатынасын жеңілдетіп, қала тұрғындарының жүріп-тұруын жақсартатын жаңа нысандар да салынып жатыр. Соның бірі ретінде қаланың Бас жоспарына сәйкес салынып жатқан Қ.Қазиев көшесінің жалғасын айтуға болады. Нақтырақ айтсақ, қазір қаладағы Ұ.Арғынбеков көшесінен бастап, Қ.Төлеметов көшесіне дейін Қ.Қазиев көшесінің жалғасы салынып жатыр.
Құрылыс жұмыстары биыл наурыз айының соңында басталды. Қазіргі таңда нысанда жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар инженерлік желілер – кәріз құбырлары, электр бағаналары мен газ құбырларын көшіру жұмыстары қолға алынған. Бұған қоса суағар жүйелері орнатылып, жолдың негізін дайындау жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылып жатыр. Ұзындығы 1,7 шақырымдық жол төрт жолақты етіп салынады. Құрылыс жұмыстары 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарланған.
Қ.Қазиев көшесінің Қ.Төлеметов көшесіне дейінгі жалғасы салынып біткен кезде Т.Өтегенов көшесі мен Бәйдібек би даңғылына балама жол пайда болады. Бұл – көлік қозғалысын оңтайландыру және жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Нәтижесінде Ақжайық және Шымсити шағын аудандарының тұрғындары қаланың орталығына Т.Өтегенов көшесімен қатар Қ.Қазиев көшесі арқылы да еркін қатынай алады.
Айта кетейік, 2025 жылы жалпы ұзындығы 40,8 шақырымды құрайтын 15 нысанда жол құрылысы және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Қонаев даңғылының жалғасының құрылысының жалпы ұзындығы 16,3 шақырымды құрайды және және 6 кезеңнен тұрады. Бүгінгі таңда жұмыстар 1,3,4,6 кезеңдерде аяқталған. Биыл құрылыс жұмыстарының қалған 2, 5 кезеңдері жүргізілуде, 2 кезеңді аяқтау 2025 жылға жоспарланған, 5-кезең 2026 жылы аяқталатын болады.
Қайта құрудан өтіп жатқан А-2 автомобиль жолының жалпы ұзындығы – 28,2 шақырым және 8 кезеңді қамтиды. Бүгінгі таңда жұмыстар 1, 2, 3, 4 кезеңдерде аяқталған. Ағымдағы жылы құрылыс жұмыстары қалған 5, 6, 7, 8 кезеңдерде жүргізілуде. Оның ішінде 6, 7, 8 кезеңдерді аяқтау 2025 жылға жоспарланған, 5-кезең 2026 жылы аяқталатын болады.
Қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуда өткелдер салу көлік кептелесін азайту үшін маңызды болып табылады. Ағымдағы жылы қаламызда 2 теміржол өткелінің құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, Тленшин және Момынов көшелеріндегі теміржол өткелдерінің құрылысы. Бұл маңызды нысандарды келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда.
Биыл 17,1 шақырымды құрайтын нысандарда – Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа Қоныс, Ізенді көшелері және Ю.Сареми, Жаңақұрылыс күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды аяқтау мерзімі 2025 жылдың соңына дейін деп жоспарланған. Сонымен қатар 2025 жылы ұзындығы 161,2 шақырымды қамтитын 252 көшеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, тиісті жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылуда.