Редакция таңдауы

Әл-фараби кітапханасы – қала руханиятының ірі орталығы

– Анар Абусайылқызы,  Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы – шаһардағы білім-ғылым мен руханияттың ірі орталықтарының бірі. Бүгінде кітапхананың жұмысын жетілдіру бойынша қандай жұмыс істеп жатсыз?

– Қалаға келетін қонақтардың басым бөлігі бізге соқпай кетпейді. Әсіресе, зиялы қауым өкілдерінің тұрақтайтын мекеніне айналғаны рас. Кездесу кештері, атаулы күнді атап өту жиындары көп ұйымдастырылатынын жасырмаймыз. Әрине, негізгі жұмысымыз оқырмандарымызға кітап оқытуды үйлестіріп, олардың сұранысын қанағаттандыруға басым бағыт беру. Бізге жыл сайын министрлік тарапынан мемлекеттік тапсырыс арқылы жарыққа шыққан жаңа кітаптар үздіксіз келіп тұрады. Олардың қатарында Абайдың, Әл-Фарабидің кітаптары, одан өзге ғылымның барлық саласы бойынша медицинаға, ауылшаруашылыққа қатысты кітаптар да бар. Біз оқырмандарымыздың нені жиі сұрайтынына талдау жасай отырып көз жеткізгеніміз, келушілердің негізінен шабыт беретін, жігерлендіріп отыратын кітаптарды көп оқитынын байқадық. Алайда, өкінішке орай, психологиялық кітаптардың көпшілігі шет тілінде. Қазір олардың аудармалары мен отандық психологтардың туындылары сұранысқа ие болып тұр. Біздің мекеме барлық оқырман категориясына арналған көпшілік кітапхана болып табылады. Сондықтан жас та, орта буын да, зейнеткерлер де жиі бас сұғады. Ғылыми-зерттеу бөліміне жоғары оқу орындарының оқытушылары, докторанттар мен магистранттар келіп ғылыми жұмыстарымен айналысады. Кітапханада заманауи ELAR PlanScan – әртүрлі форматтағы, кітаптар мен түптелген, күрделі, ескірген немесе зақымдалған құжаттарды цифрлауға арналған әмбебап кітап сканері, аспан сферасын жұлдыздар, планеталар мен серіктермен, кометалар мен метеорлармен демонстрациялайтын ғылыми және оқу орны бар.

– Анар ақын айтыстың бел ортасында жүрген уақытта айтысқа арқалы ақындардың бір топ шоғыры келіп қосылды. Олардың әрқайсысы өздерінің әуезді үндерімен, әдемі мақамдарымен көрермендердің жүрегінен орын алды. Дегенмен, бүгінде айтыс өнеріне өзгеше өрнек салған сол ақындардың көпшілігінің жолдары басқа бағытқа бұрылып, сахнадан алыстап кеткен сыңайлы. Айтыс өнерінің абызы Жүрсін атамыз бір кездері сізге «Айтыстан неге шет қалып жүрсін? Қай жерде дода өтетінін сұрап, хабарласып тұрсайшы. Көз алдымда жүрші» деген екен. Осы сұрақты біз де бүгін өзіңізге қойсақ деп отырмыз? Айтыңызшы, соңғы рет үлкен деңгейдегі айтысқа қашан шықтыңыз?

– Шымкентте осындай ақын қызымыз бар еді деп, арнайы іздеп келіп, елдің көкейінде жүр-ау деген сұрақтарды тізбектеп жатқаныңызға үлкен рахмет. Шынында, тоқсаныншы жылдардың бел ортасында айтыс аламанына шоқ жұлдыздар сияқты топ ақындар келіп қосылды. Маржан Есжанова, Жәкен Омаров, Бекарыс Шойбеков, Айгүл Асановалар менен бұрынырақ айтыс сахнасына ә дегеннен жарқырап шығып, көптің көзайымына айналған ақпа ақындар болатын.

Мен 10 сыныпта оқып жүргенімде облыстық оқушылар айтысында бас жүлдені иеленіп, ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына арналған республикалық оқушылар айтысына жолдама алдым. Айтыстың ақтық сыны Абайдың туған өлкесі Семей қаласында өтті. Мен сол айтыста алғаш рет Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Есет Досалы, Қалқаман Сариндермен таныстым, финалда Балғынбекпен айтыстым, бір қызығы осы аты аталған ақындардың бәрі 1977 – жылан жылғылармыз.

Әр өнердің өзінің дәуірлейтін, қайта бәсеңдейтін тұсы бар деп түсінемін. Бүгінде айтыс та жаңарды, жасарды, сахнаға жас буын шықты. Сондықтан көбіне жастарға орын беріп жүрміз. Жуырда айтыскер ағамыз Серік Қалиевтің арнайы шақыртуымен Алматы қаласында өткен дәстүрлі «Біржан Сара ізімен» деп аталатын республикалық жас ақындар айтысына қазылық етіп келдім. Айтыс өнеріне іңкәр, жарқырап өсіп келе жатқан жастардың бар екендігіне көңілім толып, қуанып қалдым.

– Анар апай, әңгімеміздің әлқисасын өнерге келу жолыңыздан бастау керек пе еді деп ойлап отырмын. Ендеше, өнерге қалай жақын болдыңыз сол туралы айтыңызшы. Жыр құсы бойыңызға кімнен келіп қонды? Және суырыпсалмалық өнер сіздің есіміңізді қалың қазаққа қай кезде танытты?

– Айтыс өнеріне жоғарыда айтып өткенімдей, мектеп жасында жүріп құмарттық. Айтысқа келуімізге бірден-бір ықпал еткен оқиға – телевизиялық ақындар айтысы. Әселхан апамыз шыққан сайын көкем мен мамам бар тірлігін тастап, біздің Әселхан шығады деп отыра қалатын, қастарына біз де жинала қаламыз. Тауып айтқан әр сөзіне теледидардың алдында отырып қол ұратынбыз. Ол кезде бәріміздің үйімізде «черно-белый» түсті ғана көрсететін теледидар болатын. Ол жел тұрса жыпылықтап, дұрыс көрсетпей қалады, сосын төбесінен, жанынан ұрып-ұрып түзейтінбіз. Сөйтіп отбасымызбен отырып көретін айтысты бірте-бірте жанымдай жақсы көріп, осы айтысқа деген махаббатымыз оянды. Сегізінші сыныпта мектепішілік айтыс болатын болып, қазақ тілі мен әдебиетін жақсы оқитындықтан сен қатысасың деп ұстаздарымыз айтысқа қатыстырды. Осылай суырыпсалмалық өнерге деген іңкәрлік айтыстың даңғыл жолына жетеледі. Ақындық өнер өз атам Жаппарқұл атамнан да, нағашы атам Бекмұрат атамнан да жұғысты деп ойлаймын. Жаппарқұл атам отырған жерін думанға айналдырып отыратын суырыпсалма ақын болған екен. Бекмұрат атам өзінше өлең жазатын, бірнеше қойын дәптері бар, жазатын-сызатыны бар кісі болған екен. Соған қарағанда өз жағымнан да, нағашыларым жағынан да келген өнер деп білемін.

– Бір жолы газетке Наурыз айтыс берейік деп архивке барып, сарғайған газет тігінділерін ақтарып отырып, Тұрар Байсариев пен Әселхан апаның айтысын тауып алдым. Сол секілді сіздің де кейінгі ұрпақ іздеп жүретін, көптің санасында жатталып, көңілінде қалған айтыстарыңыз немесе шумақтарыңыз бар ма? Еске түсірейікші…

– Жақында ғана ютубтан бір айтыстарды тыңдап отырып, өзімнің Қазақстан телеарнасы түсірген телевизиялық айтысымды көріп қалдым. Әдетте, өз айтысымды өзімнің тыңдағым келмейтін. Мақсат Ақановпен айтысқан осы айтыстың шартында екеумізге екі тақырып берілген екен. Ол долларды,  мен теңгені жырлаған екенмін. Шынымды айтсам, осы айтысыма риза болып, бір емес, бірнеше мәрте тыңдадым. Керемет айтыс болған екен-ау деп ойладым. Осы сияқты айтыстар көп болмаса да айтыс қорында бар деп ойлаймын. Тыңдағысы келген патша көңілді көрермен ютубты ақтарып отырса көп қиналмай таба алады.

– Әр айтыстан есте қалатын бір шумақ болады ғой. Олай болса, мынаны айтыңызшы, айтыста сізді жеңіске жеткізген, басым ұпай алып келген қандай шумақтарыңыз деп білесіз? 

— Мақсат Ақановпен айтысқанымда ол доллар болып, мен теңге болып айтыстық. Айтыстың шарты солай болды. Екі ақынға осындай екі тақырып берілді. Мақсат: «Жүз доллар жүз теңгемен қатар жатса, Шыныңды айтшы қайсысын алар едің?» деген сауал қойды. Сонда мен оған: «Доллар боп сен биіктен төпеледің,

Соншалық шалқаймасаң нетер едің.

Теңгеде Елтаңбамның бейнесі бар,

Құрметтеп оны мәңгі өтер едім.

Жүз доллар жүз теңгемен қатар жатса,

Төбеме Елтаңбамды көтеремін», – деп жауап бердім. Осы жауабымды Жүрсін ағамыз жоғары бағалады.

– Енді бір сөзбен жауап беріңізші. Қай ақынмен айтысқыңыз келеді?

– Балғынбек, Ринат, Айбек, Мақсаттармен айтысу көңіліңді көтеретін тамаша бір өнер думаны.

– Әселхан апа жайлы айтып қалдым ғой. Мына бір оқиға еске түсіп отыр. Әселхан апа бір жолы редакцияға келді. Қыздар отырған кабинет деді ме, біз жаққа қарай бұрылды. Құрақ ұшып қарсы алып, шәй бердік. Сонда апаға «Сіз ауылда тұрдым, ата-енем болды, балаларым кішкентай болды» дейсіз ғой. Сонда айтысқа қай уақытта дайындалатын едіңіз?» деп сұрадым. «Қарағым-ау, қай уақытта дайындалады дейсін? Сол кір жуып отырып, ойыма келген шумақты жүгіріп барып, түртіп қоямын да жүре беретінмін» дегені есімде қалыпты. Сол айтпақшы, сіз айтыстың ауыр жүгін қалай көтере білдіңіз? Өмірлік тәжірибеңізбен де бөлісе отырсаңыз…

– Әрине, Әселхан апам сияқты ауылда тұрып, далаға от жағып, сиыр сауғанымыз жоқ. Бірақ, қалада болсын, далада болсын, әйел адамға үй шаруасы деген жетіп артылады. Үйдің тіршілігі, балалардың қамы, келетін қонақтар, баратын жер – бұл жалғыз менің емес, кез-келген әйел адамның мойнындағы міндеті. Біз де сол айтысқа баратын кезде барынша тірліктерді жылдамдатуға, үстел үстіне отырып, газет-журналдар ақтарып, дайындалуға тырысамыз. Тамақ істеп жүріп те, үй жинастырып жүріп те, іштей ыңылдап дайындалатынбыз. Бірде Маржан әпкем екеуміз пойызға мінгелі жатырмыз. Мәкең, «Анар, дайындала алдың ба?» деп сұрап қояды. Мен: «Жоқ онша мүмкіндік болмады, жолда дайындаламыз, бастысы, түн өзіміздікі ғой» деп жауап берген едім. Осы сөзімді Мәкең үнемі жаңғыртып айтып жүреді. Айтыс болатын кезде хабарласып қалсам, «бастысы түн өзіміздікі ғой» деп күледі.

– Бекарыс Шойбеков «О, қасиетті төрт ана» атаған төрт анаға да келіп жеткен сияқтымыз. Өздеріңізді оңтүстік жұрты айтыстың айдынында қалықтаған ақ қанат төрт құсқа теңейді. Бірақ, бізді арттарыңызда жолдарыңызды қуып, іздеріңізді басып келе жатқан сіңлілеріңіздің аздығы ойға қалдырады. Қазір өзіңіз айтысқа келуіне себепкер болып жүрген шәкірттеріңіз бар ма?

– Орынды сұрақ қойдыңыз. Әселхан апам бірде айтысып отырып «Қашанғы қыз боп айтыса бересің?» деп сұраған қарсыласына:

Бұл өнер бірден бірге көшіп қонар,

Қамыстың шоғы емеспін өшіп қалар.

Қырыққа дейін қыз боп айтысамын,

Сонан соң сіңлілер де өсіп қалар, — деп, көрегендікпен, ұтымды жауап берген екен. Шынында, апам қырықтан асқанда артынан Маржандай шәкірті, Ақмарал, Кәримадай сіңілері ерді. Сол Бекең айтқан «қасиетті төрт анадан» кейін Лаура Тастанбек деген өздеріңіздің әріптестеріңіз айтыс аламанына қосылып жүрді. Қазір де сөз өнерінен сыртта емес, осы баспасөз саласының жүгін көтеріп жүр. Сарыағаш ауданында ақындардың бір тобын тәрбиелген, шетте болғандықтан еңбегі еленбей жүрген Мәриям Тұрсынбекова деген ұстаз ақын бар. Көп балалы ана, Шәуілдірдің қызы, Сарыағаштың өнегелі келіні. Осы Мәриям құрбым тәрбиелеген Гүлзия деген жап-жақсы ақын қыз бар. Гүлзия да тұрмысқа шықты, төрт баласы бар, қазір жайлап-жайлап айтыс сахнасына қайта шығып жүр. Ержігіттерге қарағанда қыз балаға ақындық өнерді, оның ішінде жазбалық емес, айтыс өнерін алып жүру оңай емес. Әжептеуір шығып келе жатқан қыздарымыз тұрмыстың тіршілігімен жарқырап көріне алмай қалып жатады. Бірақ, аса айтақырмыз деп айта алмаймын, ел аман болса талай ақын қыздар айтыс сахнасында жарқырайды деген сенім бар.  Өзіміз де жүрген жерімізде «Ақын қыздар бар ма?» деп жүреміз, дарынды ақын Біржан Байтуов қолға алған «Жеребенің жүйрігі» деген жобадан әжептеуір ақын қыздарымыз көрініп келе жатыр. Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің «Майлықожа» сыныбында оқитын Айша Бақтиярқызы деген оқушы қызымыз келешекте айтыс алаңында жарқырап көрінеді деген үмітіміз бар.

– Айтыс та біздің – ұлттық кодымыз. Дегенмен, соңғы кезде осы ұлттық кодымызды эстрадалық мақамға салып, шоуға айналдырып алып жүрген жоқпыз ба? Бұл қалай өзі? Әлде мұны да интеллектуалдық деңгей дей ме?

– Кезінде кәдімгі эстрада жұлдыздарын айтыстырған шоу айтыстар да болды. Оның да түпкі мақсаты жастарды айтыс өнеріне қызықтырудан басталған. Бірақ, дәл елдің алдына шыққан кезде басқалай сипат алып кеткен тұстары да бар. Жүрсін ағамыз бір сұхбатында «Қайта мен осы айтысты шоуға айналдыра алмай  жүрмін» деген сөзі бар еді. Жоғарыда айттым ғой, Алматыдағы жас ақындар айтысына қазылық жасадым деп. Сонда біз танымайтын, айтыстың табиғатын бойына сіңірген жастарымыздың көп екендігін көріп, шынымен қуандым. Қазақ деген ұлт барда айтыс өлмейді деген тұжырым рас екен-ау деп шын жүрегіммен қуандым. Біз қазір әлеуметтік желілерден де, қызылды-жасылды жылтыр дүниелерден де шаршап, адамды шаршатпайтын, қайта ішкі рухыңды жетілдіріп, жігерлендіретін дүние – ұлттық құндылықтарымызда екендігіне көз жеткізіп келе жатқан елміз. Оны өмірдің өзі көрсетуде. Сондықтан, ұлттық кодымыз эстрадалық мақамға ауысып бара жатыр деп қорықпаймын.

 – Анар апай сіз өте еңбекқорсыз. Өзіңізді ғылыми кандидаттық диссертация қорғаған ғалым ретінде ғана емес, іскер басшы ретінде де жақсы білеміз. Кітапхана ісінде бүгінде өзгеріс көп. Кітапханашылар да бұрынғыдай қалың орамалды жамылып алып, сұрап келген кітапты тауып беріп қана отырмайды. Кітаптарды таныстырып, ақпараттық жұмысты да қоса атқарады. Іс-шаралар ұйымдастырып, ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттаумен айналысады. Ал, оқу орындары соған сай маман даярлап жатыр ма? Кітапхана ісіне қызығатын жастар көбейді ме?

–  Бұл тікелей қазіргі атқарып жатқан жұмысымызға орай қойылған орынды сұрақ екен. Кеше ғана ел болып, тұңғыш рет «Ұлттық кітап күнін» атап өттік. Бұл бастама дәстүрлі Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жүзеге асқан болатын. Кітапхана өздеріңіз көріп жүргендей, қоғамдағы қайнаған тіршілікке үздіксіз үлес қосып келе жатқан руханият ордасы. Тек қана кітап іздеген оқырмандар ғана емес, шаршаған қала тұрғындары да кітапханаға келіп демалады, өздеріне күш-қуат жинап алады. Оны талай рет оқырмандарымыздың өздері айтып келеді.

Қазір бүкіл қоғам, ел-жұрт кітапқа назар аударып келеді. Жоғарыда айтып өткенімдей әлем-жәлем әлеуметтік желіден шаршаған әлеумет. Шаршатпайтын, қайта ақылыңа ақыл қосатын дүниенің кітапта, кітапханада жатқанын енді сезіне бастады. Кітапханашы мамандығы қазірде таптырмайтын мамандықтың біріне айналды. Оған кезінде жоғары оқу орындарының да, білім министрлігінің де дұрыс көңіл бөле алмай қалған тұстары болды. Бұл мәселені қазір Жұлдыз Сүлейменова, Нұртөре Жүсіп сынды Парламент депутаттары да көтеріп келеді. Алматыдағы Ұлттық кітапханамыз, Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана басшылары да осы мәселені биік-биік мінбелерге жеткізу жолында жұмыс істеуде. Көп көтерген мәселе көп ұзамай шешімін табады деген үмітіміз бар. Қазір кітапханашылардың айлығы да жайлап көтеріліп келеді. Соған орай жас мамандар да біртіндеп кітапханаға қарай бет түзеуде. Осы сұхбатты пайданалып, көркем мінезді болғыңыз келсе, көркем сөйлегіңіз келсе, өмірім көркем болсын десеңіз, кітап оқыңыздар, көркем шығарма оқыңыздар деп айтқым келеді. Абай атамыздың «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» деген сөзін әрқашан алға тартамыз.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!

Сұхбаттасқан
Дилара БИМЕНОВА

Соңғы жаңалықтар