Редакция таңдауы

Кәсіпкерліктің дамуыелді экономикалық тұрақтылыққа бастайды

Кәсіпкерлікті қолдау – экономикалық тұрақтылық пен қоғамдағы белсенділіктің басты негізі. Мемлекетіміз үшін шағын және орта бизнес тек табыс көзі емес, жаңа жұмыс орындарының, әлеуметтік жауапкершіліктің, өңірлік дамудың және азаматтық бастамалардың тірегі ретінде қарастырылады. Соңғы жылдары елімізде кәсіпкерлікті жүйелі түрде дамыту бағытында нақты мемлекеттік тетіктер іске қосылды. Оның ішінде қаржылай қолдау, жеңілдетілген несие, қайтарымсыз гранттар, оқыту мен кеңес беру қызметтері, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету сияқты кешенді
жұмыстар жүргізіліп келеді.

«Қазақстанның үздік тауары», «Бір ауыл – бір өнім» жобасы «Атамекен» ҰКП ұйымдастыратын өңірлік және республикалық көрмелер, жергілікті кәсіпкерлер палатасының бастамалары – осы саясаттың нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Бұл шаралар арқылы кәсіпкерлер өз өнімін кеңінен таныстырып қана қоймай, мемлекеттен қолдау алады. Жеңімпаздарға қайтарымсыз гранттың бөлінуі – бизнеске деген сенімді арттыратын, нақты нәтиже беретін құрал. Мұндай бастамалар ел ішінде кәсіпке деген қызығушылықты оятып, өзін-өзі жұмыспен қамтуға ұмтылған азаматтардың жолын ашады.

Шымкент қаласында кәсіпкерлік қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Аймақтық ерекшелігіне қарай біздің қаламызда, әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, тамақ өнеркәсібі, қолөнер және қызмет көрсету саласында кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік мол. Қалалық кәсіпкерлік палатасы осы мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануға бағытталған кешенді жұмыс жүргізіп отыр. Жақында өткен ауыл шаруашылығы көрмесі мен «Қазақстанның үздік тауары» байқауының қорытындысы – соның айқын дәлелі

Мемлекеттен 5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алған кәсіпкерлердің арасында өз кәсібін енді бастап жатқан жастар, ауыл шаруашылығы саласына инновация енгізіп жүрген жаңашыл кәсіпкерлер де бар. Бұл – мемлекеттің қолдауы нақты адамдардың өміріне оң ықпал етіп жатқанын көрсететін жарқын мысал. Қоғамда «кәсіп бастау қиын» деген түсінік әлі де бар. Алайда бүгінгі қолдау құралдары арқылы идеясы бар адам өз ісін заңды түрде бастап, мемлекеттік бағдарлама аясында кәсібін өркендете алады.

Мемлекеттік қолдау мен кәсіпкерлердің бастамашылдығы қатар жүргенде ғана тұрақты, өз-өзіне сенімді, бәсекеге қабілетті бизнес орта қалыптасады. Ал мұндай орта – ел экономикасының тірегі.

 

Табиғи өнімсұранысқа ие

Қазақстанда кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтардың жаңа буыны қалыптасып келеді. Бұл — тек табыс табуды емес, қоғамға пайда әкелуді, ұлттық өнімді дамыту мен денсаулыққа пайдалы тауар өндіруді мақсат еткен жаңа толқын. Мемлекеттің «Бастау Бизнес», «Қарапайым заттар экономикасы», «Ұлттық тауар өндірушілерді қолдау» бағдарламалары – осындай азаматтардың талабын жүзеге асыруға арналған нақты мүмкіндік. Шымкент қаласындағы кәсіпкерлердің белсенділігі осыны айқын дәлелдеп отыр.

Шымкентте өткен «Қазақстанның үздік тауары» конкурсының аймақтық кезеңі және ауыл шаруашылығы көрмесі сапалы өнім шығаратын жас және тәжірибелі кәсіпкерді көпшілік назарына шығарды. Олардың қатарында табиғи кептірілген жеміс пен шөптен дайындалатын шәй өнімін жасап жүрген кәсіпкер ана –  Раушан Абдисаттарова да  бар. Жеңімпаз ретінде 5 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік грантты иеленген ол өз кәсібін дамытып қана қоймай, ауыл шаруашылығын қолдауға да үлес қосып отыр.

– Бұл кәсіптің ерекшелігі – экологиялық тазалықта. Өнім толықтай жергілікті шикізаттан дайындалады. Бұл шәй кептірілген алма, алмұрт, құлпынай, малина, шабдалы, лимон және түрлі шөптердің қоспасынан әзірленеді. Әрбір шөптің өзіндік қасиеті бар. Мәселен, киікоты (чабрец) – 112 түрлі дертке ем деп танылған. Ол асқазан, ішек, тыныс жолы ауруларына қарсы қолдануға қолайлы. Ал жалбыз жүйке жүйесін тыныштандырып, шайға сергітетін дәм береді. Бұл шөптердің бәрі өзімізде табиғи түрде өседі. Осыған орай, шикізатты сырттан емес, ауылдан алу – ішкі нарықты дамытуға да ықпал етуде,-дейді ол.

Өндіріс процесінде ешқандай химиялық қоспа, жасанды бояғыштар немесе дәм күшейткіштер қолданылмайды. Жемістер мен шөптер арнайы дегидратор құрылғысы арқылы кептіріледі. Бұл әдіс өнімнің 95 пайызға дейін пайдалы қасиетін сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл арқылы дайындалған шайды жылы сусын, компот, немесе витаминді тұнба ретінде де пайдалануға болады. Бірнеше мақсатқа қолданылатын, пайдалы әрі таза өнім – тұтынушы үшін де, нарық үшін де тиімді. Кәсіпкер өзінің алғашқы жұмысын үй жағдайында бастаған. Алғашында күн көзіне кептіріп, қарапайым пештің көмегімен өнім дайындаған. Уақыт өте келе мемлекет ұсынған «Бастау Бизнес» бағдарламасына қатысып, бизнес-жоспар әзірлеп, 400 АЕК көлеміндегі грантты жеңіп алған. Осы қаражатқа заманауи дегидратор сатып алып, өнім көлемін арттырып, өңдеу сапасын жақсартты. Бүгінде күніне бірнеше келі шөп пен жеміс кептіріп, түрлі шай қоспаларын дайындауға толық мүмкіндігі бар.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін кеңейту мүмкін болған кәсіпкер енді өнімді сауда желісіне шығару бағыты бойынша жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда өнімдер әлеуметтік желі арқылы сатылады. Болашақта арнайы бренд жасап, өнімдерді қалалық супермаркеттер мен дәріханалар желісіне шығару жоспарланған. Бұл тек жеке табыс емес, отандық өндірістің кеңеюі және ауыл өнімін нарыққа шығарудың нақты жолы. Кәсіпкердің айтуынша, ең басты мәселе – өткізу нарығы. Мемлекет тарапынан құрал-жабдықпен, грантпен қолдау бар. Алайда өнімді сауда жүйесіне енгізу, дүкен сөрелеріне жеткізу – шағын кәсіпкер үшін ең қиын тұс. Бұл жерде жергілікті әкімдіктер мен сауда инфрақұрылымы кәсіпкерге жол ашып, нақты алгоритм ұсынуы тиіс. Шағын өндіруші өзі өнім шығарады, бірақ оны нарыққа өзі кіргізуі өте қиын. Сондықтан осы тұста өткізу жүйесін мемлекеттің реттеп отыруы – кәсіпкерлікті дамытудың шешуші қадамы.

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы бұл бағытта бірқатар қолдау жұмыстарын атқаруда. Кәсіпкерлерге кеңес беру, оқыту, бизнес-жоспар дайындауға көмектесу, гранттық байқауға қатысуға бағыт беру – осының бәрі нағыз кәсіпкерлік экожүйесін қалыптастырып отыр. Бүгінгі таңда Қазақстанда шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесін 35 пайызға жеткізу міндеті тұр. Бұл мақсатқа жету үшін осындай ауыл ішінен шыққан, өз қолымен еңбек етіп отырған кәсіпкерлердің үлесі шешуші болады. Өйткені олар – ауыл экономикасының тірегі, отбасылық табыстың негізі, ұлт денсаулығына пайдалы өнім ұсынатын өндірушілер. Солар арқылы ауылда тұрақтылық сақталады, ішкі нарық нығаяды, импортқа тәуелділік азаяды.

 

Қант диабетіне қарсы өнім

Табиғи өнімді қолдайтын кәсіпкерлірдің бірі – Шымкент қаласынан шыққан «Алан и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компания 2020 жылдың қазан айында құрылып, халыққа табиғи, экологиялық таза өнім ұсынуды мақсат еткен. Өнімдері барлық жастағы адамдарға және қант диабетімен ауыратын жандарға арналған. Барлық өнім ISO және ГОСТ стандарттарына сай келеді дейді құрылтайшылар. Шикізатты өндіру үшін 46 гектар жерге жемістер егілген. Мұнда 5 түрлі алма, жүзім, алмұрт пен шабдалы өсірілетін көрінеді. Өнімдер ешқандай консервантсыз, қант пен бояғышсыз дайындалады.

Компания «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы 400 АЕК көлемінде мемлекеттік грант жеңіп алған. Осы қаражатқа арнайы дегидраторлар мен құрал-жабдықтар сатып алып, өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік алған. Бүгінде өнімдері ірі супермаркет желілері мен онлайн платформаларда сатылуда. Алдағы уақытта осы дайын өнім арқылы Қытай нарығына шығу жоспарда бар. «Алан и Ко» компаниясының  маркетологы Меруерт Ирсимбетова компания 18 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын айтты.

– «Алан и Ко» — ауылдан шыққан бренд. Мемлекет қолдауымен өркендеп келе жатқан бұл кәсіпорын еліміздің азық-түлік өндерінен кез-келген тұрғын пайдалана алатын қауіпсіз өнім жасайтын бірден-бір компания. Табиғи өнім өндіруші кәсіпкерлерге қолдау көрсету –экологиялық мәдениетті қалыптастырудың да, сапалы ішкі нарықты дамытудың жолы. Бұл – жай бизнес емес. Бұл – жергілікті даму мен ұлттық экономиканың сабақтасқан саласы,-дейді ол.

Айта кету керек, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша «Алан и Компания» ЖШС Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары-2025» республикалық байқауына жолдама алды. Аймақтық кезеңнен үздік деп танылған кәсіпорын алдағы уақытта өңір намысын қорғамақ. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бизнес идеялар нақты іске айналып, ауылдық жерлерде де кәсібін дөңгелеткен азаматтар саны артып келеді. Бұл – экономикалық теңдікті қамтамасыз етудің де бір жолы. Әсіресе, шағын кәсіп иелерінің дамуы – мемлекет жүргізіп отырған саясаттың әділеттілікке негізделгенінің айғағы.

Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде қала экономикасы орнықты түрде дамып келеді. Атап айтқанда, жалпы өңірлік өнім көлемі 2024 жылдың 9 айында 2 триллион 923,3 млрд теңгені құрады немесе 9,1 пайызға артты. ЖӨӨ көлемімен республика бойынша қаланың үлесі 3,4 пайызды құрады. ЖӨӨ-дегі негізгі үлесті өнеркәсіп – 16 пайыз, көтерме және бөлшек сауда – 22,3 пайыз, жылжымайтын мүлікпен операциялар – 14,5 пайыз, көлік және қоймалау – 5,3 пайыз құрайды. Жан басына шаққандағы өңірлік өнім көлемі 2 млн. 368,3 мың теңгені құрап, республика бойынша 17 орында орналасқан.

2024 жылы қысқа мерзімді экономикалық өсім 111,7 пайызды құрады немесе республикалық орташа көрсеткіштен жоғары болып қалыптасты. Шымкент қаласы өсім көрсеткіші бойынша республика өңірлері арасында 5 орында орналасқанын айта кеткен жөн.

Қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 1 триллион 157,2 млрд теңгенің  өнімін өндіріп, өнім көлемі 3 пайызғаға артты. Өсім республикалық көрсеткіштен (РК – 102,8%) жоғары болып қалыптасқан.

Өнеркәсіп саласында үлесі 87,9 пайызды құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 1 триллион 17,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өндіріс индексі 103,7 пайызды құрады.

Өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында өсу динамикасы қалыптасқан: дайын металл бұйымдар өндірісі – 43,5 пайызға, химия өнеркәсібі – 41,4 пайызға, фармацевтикалық өнімдер мен препараттар – 33,3 пайызға, сусындар – 7,6 пайызға, тамақ өнімдері – 7,2 пайызға, машина жасау – 4,7 пайызға, резина және пластмасса бұйымдары – 4 пайызға, өзге де бейметалл минералдық өнімдер – 3,7 пайызға, қағаз өнімдері – 1,7 пайызға және мұнай өнімдерін қайта өңдеу – 1,2 пайызға артқан.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар