Бүгінгі таңда мемлекет білім беру саласына ғана емес, бала психологиясына да айрықша көңіл бөліп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау – ұлттық қауіпсіздіктің бір тірегі екенін бірнеше рет атап өткен. Осыған сәйкес елімізде психологиялық көмек жүйесін күшейту, мектептерде қауіптің алдын алу шараларын жетілдіру міндеті алға қойылды. Бүгінгі әңгімеміз Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты Психологиялық қолдау орталығы жайында болмақ.
Аталған орталық өз қызметін 2024 жылғы 14 қазанда бастаған болатын. Мемлекеттік мекеменің негізгі қызметі мен мақсаты – білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагогтердің және ата-аналардың психологиялық саулығын сақтау және нығайтуға бағытталған бірыңғай психологиялық қызмет жүйесін қамтамасыз ету болатын. Бүгінде орталық ол қызметті адал атқарып келеді десек қателеспейміз.
Аружан – 9-сынып оқушысы (есімі өзгертілген). Биязы, сабырлы қыз. Бірақ, соңғы кездері мектептегі ұстаздары оның мінезіндегі өзгерісті байқай бастады. Бұрын белсенді, достарымен емен-жарқын араласатын қыз үндемейтін болды. Сабақта көңілсіз, ойға шомып отырады, көзінде әлсіздік пен бейжайлық байқалады. Бір күні мектеп психологы Аружанды жеке сөйлесуге шақырады. Бірнеше кездесуден соң қыздың ішкі жан сыры ашылды. Үйдегі эмоционалдық қысым, жалғыздық сезімі, түсінбестік – бәрі бірігіп, оны күйзеліске итермелеген. Қыздың «жәй ғана ұйықтап кеткім келеді…» деген сөзі психологқа дабыл болды. Ол дереу орталық мамандарына хабарласқан. Орталық мамандары Аружанмен кәсіби психодиагностикалық жұмыстар жүргізіп, оның суицидтік ойлар тобына жататынын анықтаған. Осыдан кейін мамандар қызбен 3 кезеңдік психокоррекциялық жұмыс жүргізіп, эмоционалдық босанудан бастап, ішкі мотивацияны қалпына келтіруге дейінгі аралықта жан-жақты көмек көрсетті. Сонымен қатар, анасымен де жеке кеңестер ұйымдастырылып, отбасылық қарым-қатынас түзетілді. Аружанның қазіргі жағдайы жақсы. Ол қайтадан күлімдеп, өмірге сеніммен қарай бастады. Оның тағдыры – үнсіз көмек сұраған балалардың даусын естуге дайын жүйенің жемісі.
Жанға жәрдем – орталықтың басты миссиясы. Аружанның оқиғасы – бір ғана мысал. Ал, шын мәнінде, осындай мыңдаған жасөспірім бүгінгі қоғамда ішкі күйзелісті үнсіз көтеріп келеді. Сол үнсіздікке құлақ түретін, жан айқайына жауап беретін мекеме – Психологиялық қолдау орталығы.
Жан саулығының маңызы, тән саулығынан кем емес. Бұл ұстаныммен жұмыс істейтін орталық бүгінде қала мектептерімен, ата-аналармен, медициналық мекемелермен тығыз байланыс орнатып үлгерген.
– Орталықта жасөспірімдер мен ата-аналар үшін тегін психологиялық кеңестер ұйымдастырылады. Бұл – жеке қабылдау, онлайн сессиялар, топтық жұмыс түрінде өткізіледі. Оқушылардың психоэмоционалдық жағдайын анықтау үшін түрлі тестілеу әдістемелері қолданылады. Мұндай скринингтер арқылы қауіп тобындағы балалар ерте анықталып, жеке бақылауға алынады. Дағдарысқа тап болған балалармен жүйелі, сатылы жұмыс жүргізіледі. Бұл – эмоцияны реттеу, өзін-өзі қабылдау, өмірге деген мотивацияны қалпына келтіру бағытындағы мамандандырылған әдістер. Көп жағдайда баланың ішкі жан күйзелісінің себебі отбасындағы түсінбеушілікте жатады. Сондықтан орталық мамандары ата-аналармен де жұмыс жасап, өзара қарым-қатынасты нығайтуға күш салады. Барлық білім беру ұйымдарындағы мектеп психологтарымен бірлесіп, суицидтің алдын алу, зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет ету, эмоционалды интеллектті дамыту бағыттарында жоспарлы жұмыс жүргізіледі, – дейді орталықтың әдістемелік жұмыс бөлім басшысының м.у.а. Ақтоты Оразалықызы.
Орталықтың қызметі тек кабинет ішінде шектеліп қалмайды. Дағдарыс жағдайында көмек сұраған балалар үшін сенім телефоны арқылы жедел әрекет ету тобы құрылған. Үйден кету, отбасындағы жанжал, өзіне қол жұмсауға әрекет жасау сияқты төтенше жағдайларда орталық мамандарына хабарласа алады.
Бүгінде орталық тек көмек көрсетіп қана қоймай, қоғамда психологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған ағартушылық жұмыстармен де айналысады. Мектептерде, колледждерде, ата-аналар арасында семинарлар мен тренингтер, ашық пікірталастар ұйымдастырылып, өз-өзіне қол жұмсаудың белгілері мен алдын алу жолдары кеңінен түсіндіріледі.
– Орталық ашылғалы бері үш жүз тоқсан бес консультация бергенбіз. 368 телефоннан бізге хабарлама келдік. Бір келіп тіркелген баланы қайта-қайта неге есепке қоспаймыз. Өйткені ол баламен жұмыс әртүрлі уақытқа созылады. Кей баламен жұмысқа үш күн жетсе, кей баламен 10-15 күн кетеді. Орталыққа келетін балалардың көбінің мәселесі отбасында. Ата-аналар мектептен көреді. Бірақ ата-ананың балаға көңіл бөлмеуі, жұмысбастылығы баланың психикасына, тәрбиесіне әсер етеді. Әсіресе, отбасында ашық әңгіме болмаған, отбасында емен-жарқын қарым-қатынас болмаған бала депрессияға көп түседі. Мұндай ортада өскен балада үрей, тұйықтық немесе агрессия сияқты стресс белгілері пайда болады. Уақыт өте келе бұл психологиялық жаралар оның мінез-құлқы мен оқу үлгеріміне де әсер етуі мүмкін. Мысалға үйде ұрыс болады, басқа болады. Бала өзіне өзіне көңіл аудару үшін өрескел әрекеттерге барып жатады. Дәрі ішеді, тағы басқа. Ол балалармен неге олай жасадың деп сөйлескенде, әкем мен анам ұрыса береді, немесе маған көңіл бөлмейді, маған ұрысады деген уәж айтады. Отбасындағы жиі кикілжіңдер баланың психикасына теріс әсер етеді, себебі ол өзін қорғансыз әрі кінәлі сезінуі мүмкін. Үнемі ескерусіз қалу, махаббат пен қолдаудың жетіспеуі баланы осындай шектен шығуға итермелейді. Мұндай әрекет — ата-аналар мен үлкендердің назарын талап етудің аса ауыр әрі дабылды сигналы. Иә, кей жағдайда бала суицид әрекетіне тек отбасындағы емес, мектептегі қиындықтардан да баруы мүмкін. Құрдастарының мазақтауы, мұғалімдердің әділетсіздігі немесе үлгерімге байланысты қысым – мұның бәрі баланың психикасына ауыр салмақ түсіреді. Егер бала өзін мектепте шеттетілген немесе бағаланбаған сезінсе, бұл оның ішкі күйзелісін тереңдетіп, қауіпті әрекеттерге итермелеуі ықтимал, – дейді Ақтоты Оразалықызы.
Орталықта бүгінде жеті әдіскер мен сегіз жоғары білікті, санатты психолог тұрақты түрде жұмыс істейді. Әр маман өз саласына сай тәжірибелі, бала психологиясының нәзік тұстарын терең түсінеді. Олар тек кеңес берумен шектелмей, баланың жан дүниесіне үңіліп, жан-жақты қолдау көрсетеді. Осылайша, Психологиялық қолдау орталығы — бала қауіпсіздігі мен амандығын басты орынға қоятын, кәсіби мамандармен жасақталған сенімді мекеме. Ол – үміт сыйлайтын орта, баланың жанын тыңдайтын, үнсіз көмек сұраған жанның қолынан ұстайтын сенімді кеңістік. Бұл орталықтың жұмысы – бір ғана адамның емес, тұтас қоғамның саулығына жасалған еңбек десек қателеспейміз. Аружан сияқты балалар өмірге қайта оралу үшін – тек бір сенім, бір сөз, бір қамқор көзқарас жеткілікті. Иә, мұндай орталықтар қазіргі қоғамда болуы қалыпты жағдай шығар. Дегенмен балаға сенім мен сөзді, болашаққа бағдарды беретін отбасы болса керек. Отбасы — баланың алғашқы тәрбие мектебі, оның дүниетанымы мен мінез-құлқы осы ортада қалыптасады. Түсіністік пен мейірімге толы отбасы баланың өзін қауіпсіз сезінуіне, ал жанжал мен суық қатынас — керісінше, күйзеліске түсуіне себеп болады. Бала – көзіміздің қарашығы, болашағымыздың іргетасы дейміз. Ендеше балашағымыздан көз жазып қалмайық.
Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ