Редакция таңдауы

Үйірмелердің үйретері көп

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Білімге салынған қаражат – мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз. Үкімет пен әкімдер жұртшылықпен бірлесіп, жобаны жетілдіруі тиіс. Оны сапалы әрі тиімді жасау қажет. Нақты ғылымдар мен инженерия саласы бойынша қосымша білім беруге айрықша назар аудару керек. Балаларды дене шынықтыру және академиялық тұрғыдан бірдей дамыту қажет» дей келе, өскелең ұрпақты қосымша біліммен қамтудың маңызына тоқталған еді.

Шымкенттік оқушылар ұзақ жылдар бойы қаладағы жалғыз оқушылар сарайындағы үйірмелерге қатысушы еді. Кейіннен «ArtSport», «Damubala» платформалары арқылы жекелеген үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік алды. Осыдан соң Шымкентте 2 жылдың ішінде заманауи жабдықтармен қамтылған қос бірдей оқушылар сарайы ашылды. Бүгінде қалалық білім басқармасына қарасты №2 оқушылар сарайы жыл сайын 5 мыңнан аса баланы қосымша біліммен қамтып, жаңа қырынан танылуына мүмкіндік беріп отыр. Ал, өткен жылдың соңына лентасы қиылған №3 оқушылар сарайы жаңа оқу жылында тағы мыңдаған оқушыны қосымша біліммен қамтымақ.

Шымкент қалалық №2 оқушылар сарайында гуманитарлық, ғылыми, спорт, көркем-эстетика, музыка және өнер, психология бағыттары бойынша 65 үйірме жұмыс істеп тұр. Солардың ішінде атауының өзіне тосырқай қарайтын үйірменің бірі – ғылыми бағытта оқытатын «Гидропоника» үйірмесі.

Жуырда Астана қаласында «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен дарынды оқушылар арасындағы  байқауда №2 оқушылар сарайы гидропоника үйірмесінің оқушысы Бекнасыр Еркінов 1-орын иеленді. Ол «Үздік ғылыми жоба авторы» атанды. Иә, бұл – білім саласына, оның ішінде қосымша білімге берілген басымдықтың жемісі.

Гидропоника дегеніміз – өсімдіктерді топырақсыз, тек су мен қажетті минералдар арқылы өсіру әдісі. Бұл үйірме жастарға гидропоника әдісін теориялық және тәжірбиелік тұрғыда меңгеруге көмектеседі. Үйірме жетекшісі Дариға Мүсірәліқызы – өз ісінің шебері, әрі ауылшаруашылығын жаңаша дамытуға үлес қосып жүрген білікті маман. Мұғалім бұл салада жинаған тәжірбиесі мен білімін оқушыларға үйретіп, гидропониканың қыр-сырын меңгеруге көмектесіп жүр.

– Аталған үйірмеде оқушылар топырақсыз гүл өсіру, жылыжайда өнім өндіру бойынша тәжірибе жүргізеді. Ашылғанымызға көп уақыт болмаса да, балалар республика деңгейінде жетістіктерге жетіп отыр. Бұл шәкірттерге жаңа дағдыларды меңгеруде ерекше шабыт сыйлайды, – деді №2 Оқушылар сарайының директоры Д.Егізбаев.

Әр оқу жылында «Гидропоника» үйірмесі 30-дан астам оқушыға гидропоника әдісін оқытады. Онда 7-16 жас аралығындағы оқушылар қатыса алады.

– Гидропоника – өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада – қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіру әдісі. Бұл тәсілде өсімдікке қажетті барлық қоректік заттар арнайы қоректік ерітінділер арқылы беріледі. Мұндай жүйеде өсімдіктер судан қажетті минералдарды сіңіріп, жылдам әрі сапалы өседі. Бұл әдістердің барлығы дәстүрлі ауыл шаруашылығына балама ретінде қарастырылады және көптеген артықшылықтарға ие, – дейді Д.Мүсірәліқызы.

Маманның айтуынша, балалар, әуелі, гидропониканың теориялық негіздерін меңгеріп, кейін тәжірибелік жұмыстарға көшеді. Өсімдіктер әлемінің қыр-сырын меңгергісі келетін жас бүлдіршіндер түрлі жеміс-жидектерді, гүлдерді тұқымынан өндіріп, баптайды. Тәжірбие барысында Ponics Pilot құрылғысы қолданылады. Бұл құрылғы оқушыларға судың мөлшерін, уақыт жиілігін, суару жүйесі мен дәрумендерді есептеуге септігін тигізеді. Оқушылар биология, химия және агрономия салаларының әліппесімен танысады.

– Өткен жылы «Атадан мұра» қорының ұйымдастыруымен өткен республшикалық байқауда Жасмин Амантаева  гидропоника әдісімен құлпынай өсіру бойынша ғылыми жобаны қорғап, үздіктер қатарынан көрінген-ді. Биыл шәкіртім Бекнасыр мандарин мен лимонды үй жағдайында өсіру және оның адамға пайдасы тақырыбындағы ғылыми жұмысты қорғап, 1 дәрежелі диплом және Қ.Сәтбаев атындағы медаль иегері атанды. Сондай-ақ «Үздік ғылыми жоба авторы» кубогін иеленді.  Бүгінде Бекнасыр банан және ананас өсіруді үйреніп жүр. Алдағы уақытта авокадоны да гидропоника әдісімен өсіріп көрмек, – дейді Д.Мүсірәліқызы.

Гидропоника – болашақтың агротехнологиясы. Ол экологияға зиян келтірмей, аз шығынмен жоғары өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл әдістің экологияға беретін пайдасының өзі шаш етектен. Мемлекет басшысының қолдауымен білім саласына берілген мүмкіндікті әрбір замандасым тиімді пайдаланып, тегін қосымша білімнің қадіріне жетсе деймін.

Інжу ЖҰМАБЕК,
№2 оқушылар сарайы
«Журналистика» үйірмесінің оқушысы

Соңғы жаңалықтар