Редакция таңдауы

Кәсіпті дұрыс таңдау – береке бастауы

Соңғы жылдары еліміздің орта білім беру ұйымдарында педагог-кәсіби бағдар беруші лауазымы енгізілді. Бұл бастама оқушыларға мамандық таңдауда ерте бағыт-бағдар беруге, сондай-ақ, оқушылар, ата-аналар, педагогтер, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланыс пен ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталған. Шымкент қаласында бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде.

IT саласына қызығушылық артқан

Жалпы, қоғамда мықты маман болудың, өз кәсібін жете меңгерудің маңызы өте зор. Педагог-кәсіптік бағдар берушінің негізгі міндеттері – оқушыларға мамандық пен білім бағытын таңдауда қолдау көрсету, кәсіптік бағдар беруге арналған іс-шараларды ұйымдастыру, оқушыларға еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар мен заманауи үрдістер туралы ақпарат беру.

Шымкент қаласында қазіргі уақытта 300-ден астам педагог-кәсіптік бағдар беруші 7-сыныптан бастап оқушыларға болашақ мамандықты таңдауға көмектесуде. Сонымен қатар, 40 (мемлекеттік – 12, жекеменшік-28) колледжде кәсіби бағдар берумен арнайы қызметкерлер айналысады. Оқушылар арасында кәсіптік бағдарлау бойынша диагностикалау жұмыстары қолға алынған.

Қалалық білім басқармасы Жастар ресурстық орталығымен бірлесе сапалы және тиімді кәсіптік бағдарлау шеңберінде жылдық жоспарлар түзіп, бірқатар іс-шаралар атқаруда. Мектеп оқушылары үшін кәсіпорындарға экскурсиялар, ашық есік күндері, жәрмеңкелер, еңбек ардагерлерімен тұрақты кездесулер ұйымдастырылып жатыр. 2025 жылы да осы бағытта тиімді және нақты жұмыстар жүргізілуде. Ерте кәсіби бағдарлау жұмыстарының нәтижесінде қала оқушыларының IT саласына қызығушылығы артқаны анықталып отыр.

«Жар таңдауда және жол таңдауда жалтаңдауға болмайды»

Жуырда Шымкент қаласында оқушыларға болашақ мамандығын дұрыс таңдау, жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелер республикалық форумда талқыға түскен болатын. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, ЖОО ректорлары өзекті мәселені талқыға салды. Іс-шараның мақсаты – оқушыларды еңбек нарығындағы сұранысқа ие өзекті кәсіптермен таныстыру,  жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыру және тұлғалық дамуының қалыптасуына ықпал ету. Жиында замана көшімен бірге қажеттілігі туындаған жаңа лауазымның маңыздылығы, оқушылардың болашақ мамандықты таңдаудағы ескеретін жағдайлар, бірқатар мәселелер, ұсыныстар айтылды.

Қала әкімінің орынбасары мамандықты дұрыс таңдау өмірімізге береке әкелетінін және жастарға кәсібін терең меңгеру қажет екенін түсіндіріп берді. Қазіргі таңда шаһарда мектептерде кәсіби бағдар беруші педагогтер жұмыс істеуде. Олардың саны жыл сайын артып келеді.

– Бұл форум өскелең ұрпақтың болашақта дұрыс бағыт-бағдар таңдау үшін, дұрыс жол таңдау үшін, дұрыс мамандық таңдау үшін арнайы ұйымдастырылды. Қазақ «Жар таңдауда және жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» дейді. Қазіргі сіздердің таңдайтын мамандықтарыңыз болашақта сіздердің өмірлеріңіздің, тағдырларыңыздың қалай қалыптасатынына әсер ететіндігін санамызда мықтап ұстауымыз керек. Осы мәселені жете түсінген Мемлекет басшысы биылғы жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Осы жылы педагог-кәсіби бағдар беруші мамандығы енгізіліп, олар оқушыларға бағыт-бағдар беру үшін әр мектепте жұмыс істейді. Жалпы, мықты маман болудың, өз кәсібін меңгерудің маңызы өте зор.

Мейлі етікші, мейлі аспаз, заңгер болайық, мал бағайық, өз кәсібімізді жетік меңгерсек, мамандықты дұрыс таңдаған болсақ, сол мамандығымызды сүйіспеншілікпен істейтін болсақ, біздің қызметіміз қашанда жоғары сұранысқа ие болады. Өзімізге табыс әкеледі. Тағдырымызды дұрыс қалыптастыруға септігін тигізеді, – деді қала әкімінің орынбасары.

Елімізде жылдан жылға мектеп бітірушілердің саны көбейіп келеді. Былтыр 181 000 талапкер ҰБТ-ға тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 216 000 -ды көрсетіп отыр. 30 мыңнан астам талапкер саны артқан. Сол себепті де қазіргі жағдайда оқушыларға бағыт-бағдар беріп, болашақ мамандықты таңдауға көмектесу уақыт күттірмейді.

 

«Талапкерлер мамандыққа емес, грантқа басымдық береді»

Қазіргі уақытта елімізде жоғары білімге ие болуда негізгі жол – ол ҰБТ-дан өту. Дегенмен, бұл орайда көпшілік жастың, ата-аналардың ескеретін жағдайлары бар. ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Р.Емелбаев мамандықты дұрыс таңдау бағыттарын түсіндіріп, еңбек нарығындағы сұранысқа ие өзекті кәсіптермен таныстырды. Бірқатар жағдайларға ерекше тоқталып өтті.

– Шымкент қаласында кәсіби бағдар беруге ерекше көңіл бөлінуі жастардың болашағына ерекше назар аударуды білдіреді. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында кәсіби бағдар беру бойынша бірнеше рет атап өткен еді. Әсіресе, жоғары сынып оқушыларының болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдау қажет екенін айтты. Себебі, өкінішке қарай бізде кейбір талапкерлер мамандық таңдағанда мамандыққа емес, грантқа басымдық береді. Одан бөлек, бізде қоғамда мынадай дұрыс емес пікір қалыптасқан. Түлектер санының көбеюіне қарай мемлекеттік грант саны көбейеді деген сөздер айтылып жатады. Негізінде, ол дұрыс емес пікір. Мемлекеттік грант – мемлекеттің еңбек нарығында қанша маман қажет болатынын есептеп берілетін мемлекеттік тапсырыс. Ол түлектердің көбеюіне қарай емес, еңбек нарығындағы сол мамандықтың қажеттілігіне қарай бөлінеді.

Еліміздегі сарапшылардың көбісі біздің талапкерлердің негізгі мақсаты мамандық емес, бірінші кезекте грантқа түсу екенін айтады. Бұның қыры мен сыры неде? Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мамандары осыдан екі жыл бұрын еліміз бойынша сауалнама жүргізген. Оның нәтижесі бойынша, Қазақстандағы талапкерлердің, 11 сынып оқушыларының таңдайтын мамандықтарының 90 пайызы не ата-ананың ықпалымен, не ата-ана тарапынан таңдалады екен. Бұл жағдай көп нәрсені аңғартса керек.

Біз негізінен, мамандық таңдауды, ҰБТ-ға дайындалуды 11 сыныпқа келгенде таңдай бастаймыз. Бұл кезде ата-ананың баласының алдына қоятын ең басты талабы – грантқа түсу. Баланың санасында бір ғана шешім тұрады. Ол 4 жыл ата-анамды қинамай, тегін оқуға түсуім керек дейді. Жалпы, қоғамда мынадай дұрыс пікір қалыптасу керек. Бірінші мамандықты дұрыс таңдап, сол мамандық бойынша грантқа түсуге тырысу керек. Басты мақсат осы болса, баланың болашағы жарқын болмақ, – дейді Р.Емелбаев.

Тағы бір назар аударатын жағдай, Қазақстанда тегін оқуға түсудің ең оңай жолы ең қиын екі бейінді пәндерден тұрады. Математика және физика. Онда мамандықтардың саны өте көп. Гранттардың 60 пайызы техникалық, инженерлік мамандықтарға бөлінеді. Ол жерде 30 мамандық бар. «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан». Яғни, мемлекет қай жерге тетік беріп жатыр, талапкерлер сол жерге барып қалануды ойласа екен.

Жиында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта нақты шешімдерге негіз болмақ. Кәсіби бағдар беру форумына оннан аса жоо-дан ректорлар шақырылды. Шымкенттің биылғы түлектері, 9-10 сынып оқушылары, колледж шәкірттері, жалпы 2100 бала қамтылды. Мұның бәрі де жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл оқушылардың болашақтағы кәсібін дұрыс таңдауға деген қадам болмақ.

Жалпы, бір мектептің табысты жұмыс істеуінің көрсеткіші ЖОО-ға қанша шәкіртіңді түсірумен байланысты екен. Ал бір университеттің табысты жұмыс істеуінің көрсеткіші – қанша адамды жұмысқа орналастыруында. Біздің қоғамда осы екеуі сабақтаса жұмыс істеуі керек. Бұл ретте, кәсіби бағдар берушілерге жүктелер міндет те ауыр.

Т.ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар