Редакция таңдауы

Ұлттық салт-дәстүр –  тәрбиенің қайнар көзі 

Қазақ – әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді ерекше қастерлейтін, атадан мұра қылып, бүгінмен сабақтастыра білген дана халық. Әрбір салты мен дәстүрінің тәрбиелік мәні тереңде жатады.  Өз ұрпақтарын қасиетті салт-дәстүрімен, өнегелі әдет-ғұрпымен, ырым-тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей, түзу жолға бастай білген.

Шымкент қаласындағы  Орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесіне қарасты №2 кітапхана бөлімшесінің ұйымдастыруымен халқымыздың салт-дәстүрін, тарихын білу, оны қастерлеу мақсатында «Салт-дәстүрім – салтанатым» атты ертеңгілік өтті. Қаладағы №118 «Әсел» бөбекжай бақшасының «Балдырған-4» мектепалды даярлық тобында өткен бұл іс-шарада, бүлдіршіндері өнерін ортаға салып, тәрбиешілерін қуанышқа бөледі.

Ертеңгілікте  бүлдіршіндерге қазақтың ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы  және ырым-тыйым сөздері, ұлттық ойын түрлері таныстырылып, түсінік берілді. Бейнеролик  арқылы «Бесікке салу»,  «Тұсау кесу» сияқты салт-дәстүрлерден көріністер көрсетілді.

Бүлдіршіндер салт-дәстүр жайлы  тақпақтар  оқып, ән салып, би биледі. Сонымен қатар балалар «Қыз қуу»,  «Асық  ату»  сияқты қазақ халқының  мәдени мұрасы саналатын ұлттық ойындарды ойнап, ырым-тыйым сөздерді айтуда белсенділіктерін танытты.

Қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлерін жалғастыратын осындай өскелең ұрпақтарымыз аман болсын.

Ақмарал ДҮЙСЕНБЕКОВА,
Шымкент қалалық ОБКЖнің №2
кітапхана бөлімшесінің  меңгерушісі

Соңғы жаңалықтар