Редакция таңдауы

Театр маусымы тартымды туындымен түйінделді

Шымкент қалалық өзбек драма театры өзінің ХХІІ театр маусымын салтанатты түрде жапты. Театр – адам жанының терең иірімдерін қозғайтын, рухани байлықтың қайнар көзі. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Театр – сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі» деген сөзі бұл өнер түрінің қадірін айшықтаса, актер әрі режиссер Шәкен Айманов «Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын» деп бағалаған.

22 жылдық тарихы бар ұжым кезекті маусымның жабылуын әйгілі француз драматургы Жан Батист Мольердің «Сараң» пьесасымен атап өтті. Бұл қойылымға Түркия елінен арнайы шақырылған режиссер Кубилай Ерделикара жетекшілік етті. Ол Ыстанбұлдағы Малтепе мемлекеттік театрының тәжірибелі маманы ретінде қойылымға өзіндік көзқараспен келіп, заманауи мәнер мен классикалық мазмұнды шебер ұштастырды.

Қойылымның басты мақсаты – көрермен санасына байлыққа құнығу, екіжүзділік, өтірік, мансапқорлық сияқты адам бойындағы жағымсыз қасиеттердің түп-тамырын түсіндіру және жомарттық пен адамгершілікке үндейтін тәрбиелік мән беру болған. Сахнада актерлердің шынайы ойыны, терең сезімі мен табиғилығы арқылы бұл идеялар көрермен жүрегіне жеткені анық.

Кеш барысында қала зиялылары мен мәдениет саласының өкілдері маусымның табысты аяқталуымен театр ұжымын құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Көрермендер тарапынан да қойылым жоғары бағаға ие болды. Туындыда бірнеше мемлекеттердің сахналарында өнер көрсеткен тәжірибелі актер Ұлымжан да ерекше образбен көрінді. Оның «нағыз әке» бейнесін шынайы, нанымды жеткізуі залдағы көрерменді бейжай қалдырмады.

Спектакльге дайындық барысында режиссер мен шығармашылық топ ерекше ізденіс танытқан. Актерлер құрамының қабілетін ашып көрсету оңай болмағанымен, бірлескен еңбек нәтижесінде әр образ терең әрі толық ашылды. Айта кетерлігі, бұл қойылым антрактсыз, яғни үзіліссіз екі акті ретінде сахналанды. Бұл да театр ұжымы үшін жаңа тәжірибе. Бір сағатқа жуық уақытты қамтитын спектакльде 14 актер ойнап, барлығы өз рөлін жоғары деңгейде алып шықты.

Театр әртісі Жавлон Сайитовтың айтуынша,  қойылымды үш күн қатарынан сахналау жоспарланған. «Біз бұл туындыны тек сахнада ойнау емес, көрерменге ой салу, әсер ету үшін дайындадық. Сахнаның табиғилығы – сәтті қойылымның басты кепілі», – дейді ол.

Ал театр ұжымы жаңа маусымға да тың жобалармен келмек. Келесі кезекте көрнекті қазақ жазушысы Дулат Исабековтің «Құштарлық» атты фарс-комедиясын сахналау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қазақтың ұлы ойшылы, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай музыкалық-әдеби композиция көрермен назарына ұсынылмақ. Бұл туындыда Абайдың поэзиясы, әндері, философиялық ой-толғамдары сахна тілімен өріліп, жанды музыкамен әрленеді. Қойылымды қазан айында сахналау көзделіп отыр. Жобада актер Асан Тамадыр бастаған кәсіби шығармашылық топ өнер көрсетеді деп жоспарланған.

Осылайша, Шымкент қалалық өзбек драма театры ХХІІ маусымын мазмұнды, тәрбиелік мәні терең қойылыммен қорытындылап, келесі маусымға үлкен дайындықпен аяқ басты.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар