«Мемлекеттің басты міндеті – азаматтардың, әсіресе балалардың денсаулығын сақтау және сапалы өмір сүруіне жағдай жасау». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқан сөзі. Соңғы жылдары мемлекет ерекше қолдауды қажет ететін азаматтарды қолдауға көп көңіл бөліп келеді. Соның дәлелі – 2024 жылы қолға алынған «Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» пилоттық жобасы.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры бірлесіп іске асырып отырған бұл бастама еліміздің төрт өңірінде жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Шымкент қаласы, Қызылорда, Павлодар және Абай облыстары қамтылған. Жобаның басты мақсаты – тірек-қимыл қозғалысы бұзылған балаларға қажетті техникалық оңалту құралдарын үй жағдайында пайдалану арқылы тиімді көмектесу. Игі іске 1 миллиард 160 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, соның есебінен 400-ге жуық заманауи оңалту құрылғысы сатып алынған. Бұл құрылғылар баланың жағдайына байланысты жекелей алынған. Яғни, әр баланың диагнозы әртүрлі. Бір-біріне ұқсамайды. Сәйкесінше, сатып алынған құрылғылар да әртүрлі.
Бүгінде жобаға 306 бала қатысып, олардың 231-інде оң өзгеріс байқалған. Балалардың көбі өздігінен отыруды, тұруды, тіпті, жүруді үйреніп келеді. Шымкент қаласы бойынша 114 бала жобаға тартылып, оның 84-і жақсы нәтижеге жетті.
Жоба жалғасын табады
Шымкент қаласында өткен жоба таныстырылымы екі бөлімнен тұрды. Пилоттық жоба аясында алғаш рет арнайы құрылғылардың көмегімен өздігінен тұрып, қозғала бастаған балалардың тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Салтанатты жиында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Вильгельмовна Шегай, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбай және Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева, сөз сөйлеп жоба нәтижесіне оң баға берді.
Вице-министр Виктория Шегай өз сөзінде ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту саласы – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты екенін атап өтті.
– «Бұл жоба біз үшін ерекше. Себебі, оңалту процесі тек медициналық емес, әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық көмекпен қатар жүріп жатыр. Әрбір балаға нақты қандай құрал қажет екені жеке анықталып, соған сай бағдарлама құрылады. Бүгінде 306 баланың 231-інде нақты оң нәтиже бар. Бұл – үлкен жетістік», – деді ол.
Сондай-ақ, министрлік тарапынан бұл жобаның заңнамалық негізін күшейту, оңалту құралдарын бағалау мен қолдану жүйесін стандарттау бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Ал, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбай, бұл жобаның жай ғана көмек емес, ұзақ мерзімді, жүйелі өзгеріске негізделген бастама екенін айтты.
– «Бұл – бұрын Қазақстанда болмаған тәжірибе. Бала ауруханадан шығып, үйінде оңалтудан өтпесе, бұрынғы жетістігі кері кетіп қала беретін. Біз осыны тоқтатқымыз келді. Сондықтан ата-анамен бірлесе отырып, құралдарды дұрыс іріктеп, оны қолдануды үйретіп, динамиканы бақылап отырдық. Яғни, ата-аналар бұл құрылғыны пайдаланбас бұрын курстан өтеді. Мұның барлығы заманауи тәсілмен, нақты нәтижеге бағытталған. Пилоттық жоба – соның алғашқы сатысы», – деді. Ерекше балалармен жұмыс жалғасын табады. Аяққа нық тұрғанға дейін мамандардың бақылауында болмақ. Қазіргі таңда Шымкент қаласында оң нәтиже көрсеткен 84 бала алдағы уақытта емнің екінші кезеңіне қадам басады. Бүгінде Шымкент қаласы бойынша жобаға қосылғысы келетін ата-аналар саны артып келеді. Жоба жетекшілері балаларды 14-14 сервисі арқылы қабылдауда. Сонымен қатар, алдағы уақытта ашық есік күні ұйымдастырылып, жаңа өтінімдер қабылдау басталады. Мамандардың айтуынша, бұл оңалту үлгісі шалғай ауылдар мен аудандық орталықтар үшін де аса қолайлы.
Пилоттық жобаның Шымкент қаласы бойынша үйлестірушісі – Әлеуметтік қолдау орталығының Ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы филиалы. Осы орталықтың директоры Салтанат Қайратқызы жобаның басталғанына он ай уақыт өткенін, осы аралықта 152 балаға нақты қызмет көрсетілгенін айтады.
«Біздің филиал арқылы тірек-қимыл аппараты зақымданған 152 бала жобаға қатысып, оның 84-інде айқын оң өзгеріс байқалды. 18 бала алғаш рет өздігінен жүріп, 4 бала жобадан толық шықты – бұл біз үшін өте қуанышты нәтиже», – дейді орталық басшысы. Орталық міндеті – тек құрылғыны жеткізіп беру емес, баланың жағдайын үнемі бақылау, ата-анамен тығыз байланыста жұмыс істеу, әр құрылғыны кезең-кезеңімен тиімді қолдануды үйрету. Мысалы, жобадағы ең алғашқы қатысушы бала 2024 жылдың 6 қыркүйегінде қабылданған екен. Сол сәттен бастап жаттығулар белгіленіп, ата-ана әр тапсырманы арнайы мобильді қосымша арқылы орындап, мамандармен кері байланыста болған. «Бұл бала алғашқы 4 айда орнынан тұра бастады, кейін өздігінен жүріп кетті. Жалпы алғанда, 6 ай ішінде толық оң нәтиже көрсетті. Мұның барлығы тек құрылғының көмегі емес – үйдегі күнделікті тәртіппен, ата-ананың жауапкершілігімен, маманның бақылауымен жүзеге асты», – дейді Салтанат Қайратқызы.
Үміті ақталған ата-ана
Әр баланың жағдайына қарай құрылғы жеке таңдалады. Мысалы, отыра алмайтын балаларға – көпфункционалды кресло, кейін вертикализатор, әрі қарай – ходунок. Бұл кезеңдер бірінен соң бірі жалғасып, баланың бұлшық етін жаттықтырып, қозғалыс дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Сол нәтижеге жеткендердің бірі – Дамира Айтбаева, Шымкент қаласының тұрғыны, алты баланың анасы. Үшінші ұлы Нұрмұхаммед Қазыбекке ерекше күтім қажет. Баласына диагноз үш жасында қойылған. Содан бері ол баласының денсаулығы үшін тынымсыз күресіп келеді.
– «Нұрмұхаммедтің жасы – 11-де. Бұрын өздігінен отырмайтын, тіпті тік тұрғызсаң, қорқып қалатын. Содан бері қаншама жеке массаж, ақылы ем, оңалту алып келдік. Бірақ айтарлықтай нәтиже болмады. Осы жобаның арқасында алғаш рет нақты өзгеріс байқадық. Үш айдан бері ходунокпен жаттығып жүрміз. Бес-алты қадамды өзі басып өтеді. Бұл – біз үшін мүмкін емес сияқты еді», – дейді жобағы қатысушы.
Шымкенттегі тұсаукесер мен аралық нәтижелерге арналған жиынның соңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өкілдері жоба бойынша арнайы конференция өткізді. Жиын барысында екінші кезеңге өтуге қатысты жоспарларын ортаға салды.
Вице-министр Виктория Шегай бұл жобаның тек уақытша көмек емес, елдегі оңалту жүйесін жүйелі өзгертуге бағытталған алғашқы қадам екенін атап өтті.
«Бүгінгі пилоттық жоба – жай ғана бір сәттік әлеуметтік жоба емес. Бұл – еліміздегі мүгедектігі бар балаларға арналған жүйені жаңғыртудың алғашқы баспалдағы. Енді бізге заңнамалық өзгерістер қажет. Құрылғыларды бекіту, дұрыс қолдануды үйрету, нәтижесін жүйелі бақылау – мұның бәрі бірізділікпен шешілуі керек», – деді вице-министр. Екінші кезең аясында жаңа техникалық оңалту құрылғылары енгізіледі. Оның ішінде басқа категориядағы балаларға арналған, сондай-ақ жаңа деңгейдегі бұзылыстары бар балаларға бейімделген құралдар да болады. «Қазақстан халқына» қоры бұл жоба үшін он миллиард теңгеден астам қаражат бөлгенін, ал екінші кезеңді бастау үшін тағы да жаңа инвестициялар мен серіктестіктер қарастырып жатқанын айтты.
Айта кету керек, бұл барлық өңірді қамтымайды. Республикалық маңызы бар, бала туу статисткасы жоғары және экологиялық бұзылысы бар аймақтар қамтылған.
Жиын соңында балаларға арнайы сыйлықтар таратылды. Сондай-ақ, «Көгершін» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің директоры Байдалихан Айдосов ерекше күтімді қажет ететін балаларға 150 мың теңгелік сертификат табыстады.
Гүлжауһар Бажақай
