Редакция таңдауы

Тәжірибе мен жаңашылдық тоғысқан емхана

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен айда медицина саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, медицина қызметкерлерінің қоғам өмірінде алатын орны мен маңызы туралы айтқаны белгілі. Ел Президенті «Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, ұлт саулығы – еліміз үшін аса маңызды құндылық. Әлемнің «екінші ұстазы» – Әл-Фараби медицинаны өнер деп бағалаған. Расында, дәрігер болу – жүректің ісі. Бұл – екінің бірі аяқ баса бермейтін жүгі ауыр, күрделі жұмыс. Медицина қызметкерлері – ұлт саулығының сақшылары, ең қадірлі мамандық иелері» деді.

Ресми деректерге жүгінсек, бүгінде еліміздің денсаулық сақтау саласында 380 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Әрине, әр маманның еңбегі орасан зор. Соның ішінде халықпен тікелей күнделікті жұмыс істеп, азаматтардың сырқатын ерте анықтап, оны асқындырмай емдеу үшін күнітүні жұмыс істейтін емхана қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтуге болады. Осы орайда Шымкент қаласындағы денсаулық сақтау саласында алдыңғы қатарда келе жатқан мекемелердің бірі – №6 қалалық емхана. Бұл мекеме алғашқы медициналықсанитариялық көмекті және консультациялықдиагностикалық қызметтерді көрсететін, заманауи үлгіде дамып келе жатқан амбулаториялықемханалық ұйым. 2024 жылы №6 емхана аккредитациядан сәтті өтіп, Ұлттық аккредитацияның Жоғары санатына ие болған. Бұлкөрсетілетін қызмет сапасының талаптарға толық сәйкес келетінін дәлелдейтін маңызды көрсеткіш.

2023 жылы «Алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету» бөлімі құрылып, құрамында бірнеше маңызды бағытты біріктірген орталық ашылды. Ол орталықта дәрігерге дейінгі тексеріс, әйелдер мен ерлер денсаулығын бақылау, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар, симуляциялық және тыныштық бөлмелері жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Отбасылық денсаулық орталығы» аясында дәрігерлер мен медбикелер бірігіп қызмет атқаруда. Ерекшелігі 6 медбике өздігінен науқастарды қабылдап, қажет болған жағдайда дәрігерге бағыттайды.

– Емханада бірқатар әлеуметтік және алдын алу жобалары жүйелі іске асырылып келеді. Олардың қатарында «Денсаулық мектебі», «Ауруларды басқару бағдарламасы», «Отбасын жоспарлау және босануға дайындық», «Дені сау бала» мектебі, «Патронаждық қызметтің әмбебап-прогрессивті моделі», «Баланың даму бөлмесі» бар. Мамандандырылған дәрігерлер, атап айтқанда кардиологтар, невропатологтар және эндокринологтар апта сайын ашық есік күндерін өткізіп, халықпен тікелей жұмыс жасауда. Халықтың қажеттілігін ескере отырып, емханада «Халық кеңесі» құрылды. Кеңестің құрамында Абай ауданының билері, учаскелік полиция инспекторлары, блогерлер мен емхана қызметкерлері бар. Олар МИОМОС – қоғамдық мониторинг пен кері байланыстың ақпараттандыру механизмі арқылы тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып отыр. Бұдан бөлек, науқастар мен қызметкерлер арасында «Назар аудару тобы» (фокус-группа) құрылып, емхана әкімшілігі көтерілген мәселелерді назарда ұстауда, – дейді емхана жұмысымен таныстырған бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ұлбала Ерғалиқызы.

БМСК үздік тәжірибелік орталық құрылымындағы оқу орталығы Тренинг центр ашылған. Симуляциялық оқыту кәсіптік оқытудың міндетті компоненті болып табылады. Оқу орталығының инновациялық элементі кәсіптік қызметтің түрлері мен міндеттеріне сәйкес кәсіби құзыреттіліктер арқылы көрсетілетін оқу нәтижелеріне қойылатын талап болып табылады. Орталықта медициналық тәжірибені жетілдіру және медицина қызметкерлерінің білімін арттыру мақсатында тренингтер өткізіледі. Жылдам оқытудың көпсалалы бағдарламасы бар орталық: жүрек тоқтауы кезіндегі алғашқы көмек көрсету, акушерлік және гинекологиядағы алғашқы көмек көрсету, баланың жарақат алғандағы мейіргерлік манипуляциялық дағдылары.

 

Жастар денсаулығы – басты назарда

Емхана қабырғасында ашылған Әл-Фараби жастар денсаулық орталығы – 12-29 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастарға бағытталған маңызды жоба. Орталықтың мақсаты – жастардың репродуктивті денсаулығы, АҚТҚ, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар мен нашақорлықтың алдын алу, суицидпен күрес және салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар, орталық ерікті жастарды оқыту арқылы қоғаммен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін дамытып отыр.

– Емхана бүгінгі таңда медициналық қызмет сапасын жаңғыртып, цифрлық технологияларды тиімді енгізу арқылы халыққа қолжетімді, сапалы және уақтылы көмек көрсетіп отырған озық медициналық мекемелердің бірі. Емхана жұмысында басты басымдық – науқас уақыты мен жайлылығын сақтау. Осы мақсатта «Электронды тіркелу», «Кезексіз емхана» жүйелері енгізіліп, автоматтандырылған қызмет көрсету жоғары деңгейде жолға қойылған. Қазіргі таңда барлық аймақтық дәрігерлер мен бейінді мамандардың кабинеттерінде QR-кодтар орнатылып, емделушілердің пікір білдіруі, кезек күтуін азайту және сапаны бақылау процесі жеңілдетілген, – дейді Ұлбала Тілеубергенова.

 

Бұл емханада тәртіп пен әдептілік сақталған

Жалпы емхана ішінде жалпы 128 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді екен. Оның ішінде дәрігерлер мен мейірбелерге арыз шағымдарды және этика деонтологияны сақтап жауап беруі үшін және жұмысын бағалау мақсатында қойылды. Медициналық көмек көрсетудің расталмаған жағдайлары және қосып жазу фактілерінің алдын-алуы бойынша 2025 жылдың ақпан айында Face ID жүйесі қосылған. Бұл жүйе медицина қызметкерлерінің қызметтік әдебі мен сапасын бақылауға, қосып жазу немесе жалған ақпарат беру секілді келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталған. Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап аймақтық мейіргерлердің жұмысын бақылау мен тиімділігін арттыру мақсатында GPS-навигация жүйесі қосылып, жүйе арқылы 0-ден 5 жасқа дейінгі балалар мен динамикалық бақылаудағы тұрғындарға үй жағдайында сапалы медициналық кеңес беріліп, профилактикалық тексерулерге шақыру ұйымдастырылады.

Ерте араласу орталығы ерекше балалардың дамуына қолдау көрсетеді

№6 қалалық емхананың бүгінде тек қала емес, республика көлемінде де үлгі болатын денсаулық сақтау мекемесіне айналып отырғанын айта кету керек. Уақыт талабына сай бейімделген бұл медициналық ұйымда жақында екі маңызды жаңа орталық — «Даму және ерте араласу» және «Шұғыл және көмек көрсету» бөлімдері ашылды.

2025 жылғы 29 мамырда ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев №6 емханаға арнайы іссапармен келіп, жаңа орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Ал 30 мамыр күні ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова емханаға келіп, жаңа бөлімдердің жұмысымен егжей-тегжейлі танысты. Министр емхана ұжымының жұмысына жоғары баға беріп, мұндағы тәжірибені республика деңгейінде үлгі ретінде тарату қажеттігін атап өткен болатын. Сондай-ақ, дәрігерлерге ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізген.

– Аталған орталықтың басты мақсаты – 0-3 және 0-5 жас аралығындағы балалардың дамуын ерте кезеңнен бақылау, психофизиологиялық ауытқуларды, неврологиялық өзгерістер мен аутизм белгілерін ерте анықтау. Бұл өз кезегінде ана мен бала денсаулығын жақсартуға, нәрестелер арасындағы өлім-жітімді азайтуға бағытталған. Орталықтың құрамына аймақтық дәрігер, педиатр, невропатолог, психолог, әлеуметтік қызметкер, патронаждық мейіргерлер және бейінді мамандар тартылған. Мұнда заманауи талаптарға сай жабдықталған бірнеше бөлім бар. Педиатр және патронаж мейіргер кабинеттері, баланың даму кабинеті, шумоизоляцияланған аудиологиялық бөлме – скрининг пен есту қабілетін анықтауға арналған, прогрессивті-әмбебап патронаж моделі супервизиясы – жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балаларға кешенді бақылау, тамақтану бойынша ресурстық орталық. Балалардың дамуын бақылау, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу – бұл орталықтың күнделікті міндеттеріне айналған. Ерте араласу – баланың өмір сапасын арттыратын маңызды қадам, – дейді бас дәрігердің орынбасары орталық жайында мақтанышпен.

Емханаға күн сайын 500-ден астам адам келеді. Олардың арасында кенеттен қан қысымы көтеріліп, тынысы тарылып немесе есінен танатын жедел жағдайдағы науқастар жиі кездеседі. Жедел жәрдем жеткенше алғашқы көмек көрсету – адам өмірін сақтап қалудың шешуші сәті. Сол себепті емхана базасында ашылған «Шұғыл және көмек көрсету» орталығы жедел жағдай туындаған азаматтарға алғашқы медициналық көмекті уақтылы көрсету, дәрігер алдындағы кезекті азайту, төтенше жағдайда дереу медициналық көмек ұйымдастыру, ауруханаға жеткізілгенге дейінгі уақыттағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты міндеттерді атқарады.

Мұндай орталықтардың ашылуы – алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жетілдіру жолындағы маңызды қадам екені белгілі.

Айта кетейік, емханада 2023 жылы  «Үздік тәжірибелік орталығы» ашылып, тәжірибесі республикалық деңгейде таратылып, бүгінде басқа медициналық ұйымдар тарапынан да қызығушылық туғызып отыр. Осы орталықтар арқылы емхана тұрғындарға тек ем-дом емес, уақытылы, сапалы, кешенді және гуманистік бағыттағы медициналық көмек көрсетуге толықтай көшті.

Емхана ұжымы бүгінгідей нәтижеге кәсібилік пен жаңа технологияны ұштастыру арқылы қол жеткізіп отыр. Басты миссия – әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығы үшін дер кезінде, сапалы қызмет көрсету.

Емханада халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің тиімділігі мен сапасын арттыруда цифрландыру негізгі құралға айналған. Мамандар жаңа технологиялық бағдарламаларды жетік меңгеріп, үнемі кәсіби білімдерін жетілдіріп отырады. Қазіргі таңда емханада 475 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 144 – дәрігер, 290 – орта буын медицина қызметкері. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында 36 отбасылық дәрігер алғашқы санитарлық көмек көрсетуде. Сонымен қатар, қажеттілікке қарай кардиолог, невропатолог, хирург, офтальмолог, акушер-гинеколог, психолог және тағы басқа 25-ке жуық бейінді мамандар кеңес береді.

Емхана тәулігіне орта есеппен 640 науқасқа қызмет көрсетуге қауқарлы. Бұл – жаңа үлгідегі құрылғылармен жабдықталған кабинеттер мен бөлімшелердің, кәсіби мамандардың нәтижелі жұмысының көрсеткіші.

Емхана көрсетіп отырған медициналық қызмет сапасы жыл сайын артып келеді. Ана мен бала өлімінің алдын алу, туберкулез, онкологиялық ауруларды ерте сатыда анықтау сынды бағыттарда нақты жетістіктерге қол жеткізілді.  №6 қалалық емхана – халық сенімінен шыққан, сандық жүйемен жарақталған, кәсіби мамандарымен ерекшеленетін заманауи медициналық мекеме. Қорытындылай келе, №6 қалалық емхана — тек ем-дом көрсететін орын емес, халықпен етене араласып, жан-жақты қолдау білдіретін көпбейінді заманауи орталыққа айналып отыр. Шымкент қаласының тұрғындары үшін бұл мекеменің орны ерекше.

Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар