Редакция таңдауы

Тілсіз жау қателікті кешірмейді

Мемлекет басшысы жыл басында «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Бүгінгі дүрбелеңге толы дүниеде техногендік сипаттағы апаттар мен табиғат апаттары көбейіп тұр. Оның бәрін еңсеруге көптеген ел, соның ішінде дамыған мемлекеттердің өзі дайын болмай жатады. Біз бұған 2024 жылы да анық көз жеткіздік. Әрине, әлі көп жұмыс істеу қажет екені сөзсіз. Дегенмен төтенше жағдайға төтеп беру тұрғысынан, Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда лайықты орында тұр» деген болатын. Бұл – еліміздің азаматтық қорғаныс жүйесіне, төтенше жағдайлар органдарының жұмысына берілген лайықты баға.

Қазір төтенше жағдайлардың саны мен ауқымы ұлғайып келеді. Осыған байланысты мемлекет азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін төтенше жағдайдың салдарын жоюдан бұрын, оның алдын алуға бағдарлау үшін жүйелі реформалар жүргізіп жатыр. Мұндағы ең маңызды бағыттар ретінде құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық  базасын жарақтандыру және цифрландыру ісін нығайту, сондай-ақ, құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің кадрлық әлеуетін арттыру, оларды әлеуметтік қорғау шараларын күшейтуге арналған жұмысты айтуға болады. Халықты апаттардан алдын ала қорғауға қажетті жағдай жасау мақсатында қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге айрықша мән беріліп отырғанын да айта кеткен жөн.

Осы орайда Шымкент қаласында да төтенше жағдайлардың алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты шаралар қолға алынған.  Атап айтқанда, шаһарда судағы қайғылы жағдайлардың туындауына жол бермеу үшін алдын алу шаралары сәуір айынан бастап белсенді түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта қала аумағында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау бойынша жазатайым оқиғалар тіркелмеген. Департамент тарапынан 50 бала суда жүзуді тегін үйреніпті. «Жазғы демалыс кезеңіндегі балалар қауіпсіздігі: судағы қауіпсіздік және терезеден құлаудың алдын алу» тақырыбында өткен баспасөз брифингінде Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан атқарылған жұмыстар сараланды.

 

Жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ

2025 жылы Шымкент қаласының су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазғы шомылу маусымын тиісті деңгейде өткізу мақсатында жергілікті полиция қызметкерлерімен рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде атқарылуда. Су айдындарында шомылуға тыйым салынған орындарда қараусыз жүрген балалардың ата-аналарын жауапкершілікке тарту, су айдындарының қауіпті аймақтарында қауіпсіздік белгілерін орнату,  балаларды жүзуге үйрету жұмыстары белсенді түрде жүзеге асырылуда.

Төтенше жағдайлар департаменті, азаматтық қорғау басқармасының аға офицері, капитан Әли Темірбектің мәлімдеуінше, сәуір айынан бастап судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша 158 рейд жүргізіліп, 15180 адам қамтылған. Бұл жұмыстар демалыс және мереке күндері күшейтілген режимде атқарылады. Нәтижесінде, 412-бап бойынша 4 адамға 55 048 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Бүгінгі таңда республика бойынша су айдындарында 40-қа жуық адам суға батты, оның ішінде жасөспірім балаларда бар. Ал Шымкент қаласы аумағында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау бойынша жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ. Департамент өкілі үгіт-насихат жұмыстарын күшейту, рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде қайғылы жағдай орын алмағанын айтады. Бұл – аудан әкімдіктері, Полиция департаментімен бірлескен жұмыстардың нәтижесі.

Ақпараттандыру жұмыстары бойынша «Судағы қауіпсіздік ережелері» туралы бейнероликтер бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, кинотеатрларда, автобустарда, сондай-ақ, адамдар көп жиналатын орындарда (Теміржол вокзалы, әуежай және Сауда үйлері) LED экрандар арқылы көрсетілсе, азаматтардың мобильді телефондарына 112 қызметі арқылы күнделікті ескерту хабарламалары жіберілуде.

Қалада суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін 5 ресми орын бекітілген, оның ішінде 3 орында шомылуға рұқсат етілген. Қала аумағында 20-ға жуық аквасаябақтар мен бассейіндер шомылу маусымында жұмыс атқаруда.

Жазатайым оқиғаларды азайту, сондай-ақ, шомылу маусымын қауіпсіз өткізу бағытында Департамент жергілікті атқарушы органдарымен, волонтерлармен бірлесіп, үгіт-насихат жұмыстарын өткізуді жалғастырады.

Шаһарда 1 маусымда жазғы шомылу маусымы басталған еді. Осыған орай қала аумағында қауіпсіздікті күшейту, тұрғындарға ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу жұмыстары қыза түскен. Аудан әкімдігінің қызметкерлері, аудандық ТЖБ мамандары аудан аумағындағы су айдындарында арнайы қауіпсіздікті сақтау іс-шарасын өткізіп жатыр.

Маусым айының басында Еңбекші ауданы ТЖБ инженері Д.Искаков Бадам, Тоғыс суқоймасы, Тоғыс өзенінде демалыс орны иелеріне, тұрғындарға жаднама таратып, қауіпсіздік талаптарын күшейту бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Мас халде суға түспеу, балаларды қараусыз қалдырмау керектігін айтты. Сондай-ақ, тиым салынған аумақтарға ескертпе тақтайшаларын орнатуға нұсқама берді.

Айта кетсек, шомылу маусымы кезеңінде су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар қыркүйек айының соңына дейін жалғасын табады.

 

62 үйдің терезесіне 103 блокатор орнатылған

Қазіргі таңда балалардың ашық терезеден құлап кету жағдайлары өзекті мәселенің бірі. Балалардың терезеден құлауының негізгі себептері – балаларды қараусыз қалдыру, терезеде қарапайым қауіпсіздік құралдарының жоқтығы және тағы басқалар.

Брифингте Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ирисмат Махмудов терезеден құлаудың алдын-алу бағытындағы жұмыстардан  хабардар етті. Оның айтуынша, бүгінде Шымкент қаласы аумағында балалардың абайсыздан көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен құлау бойынша 3 жағдай (қайтыс болғандар-2, жарақаттанған-1) тіркелген. Негізінен, 7 жасқа дейінгі балалар арасында құлау қаупі жоғары. Өткен жылы шаһарда балалардың терезеден құлап кету 5 жағдайы тіркелген болатын.

Ирисмат Бақтиярұлы балалардың қауіпсіздігі ата-аналардың тікелей міндеті екенін айтып, бұл жағдайға немқұрайды қарамауға шақырды.

Заңнамада баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ата-ананың тікелей міндетіне жатады. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 127-бабына сәйкес, бұл міндеттерді орындамау әкімшілік жазаға әкеп соғады. Департамент өкілі жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін тұрғындарға терезелерге шектеулер (бекіткіштер) сатып алуды және орнатуды ұсынады.

Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жыл басынан бері 62 үйдің терезелеріне 103 блокатор орнатылған.

Т.ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win