Қаратау ауданында 6 шілде – Елорда күніне орай шахмат және тоғызқұмалақтан аудан әкімінің жүлдесіне арналған турнир өтті. «Зияткер Тұран» мектебінде өткен аудандық іс-шарада мерекелік концерт қойылды.
Іс-шараның ресми ашылуында Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев жиналған жұртшылықты және қатысушыларды мерекемен құттықтады.
– Құрметті шымкенттіктер! Еңселі Елордамыз, асқақ Астанамыздың мерекесі құтты болсын! Айшықты астанамыз тәуелсіздігіміздің символы, Қазақстанның зор мүмкіндігі мен жетістігінің айқын көрінісі. Елордамыз бейбітшілік пен қоғамдағы келісімнің тірегі болып отырған күллі қазақстандықтарды біріктіреді. Олай болса, баршаңызды жалпыхалықтық мерекемен құттықтай отырып, әрбір шаңыраққа зор денсаулық, береке-бірлік пен мол ырыс тілеймін! Елордамызбен бірге еліміздің беделі артып, мәртебесі өсе берсін! –деді Алмас Емелтайұлы.
«Шахмат пен тоғызқұмалақтан мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы қалалық біріншілікке көзі нашар көретін, зағип жандар және тірек-қимыл мүшесі зақымданған, құлағы нашар еститіндер қатысып жатыр. Шахматқа 18, тоғызқұмалаққа 20 адам қатысып отыр. Қатысушылар жеті айналым ойнайды. Ойын барысында әр ойыншыға он бес минуттан беріледі. Ойынның ең соңында жеңімпаздарды марапаттаймыз. Бірінші орын біреу, екінші орынға екі орын, үшінші орынға екі орын, сонымен бес орынға дейін жүлделі орындар бар», – дейді №19 мүгедектігі бар балаларға арналған спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Қаламқас Алдажұманова.
Жарысқа қатысушы Ақжүніс Тайтелиева 22 жылдан бері тоғызқұмалақтан сайыстарға қатысады екен. Тоғызқұмалақтан спорт шеберлігін алғанына 19 жыл болыпты. «Біз сияқты мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жарыс пен концерт ұйымдастарған аудан әкімдігіне алғысымды білдіремін! Мұндай іс-шаралар бізге үлкен ерік-жігер сыйлайды. Еңселі Елордамыз өсіп-өркендей берсін!», – дейді А.Біртайқызы.
Турнир жеңімпаздары мен барлық қатысушылар аудан әкімі атынан арнайы алғыс хат, кубок, медальдар және спорттық сыйлықтармен марапатталды. Шара талантты спортшыларды анықтап, қала тұрғындарының шахмат және тоғызқұмалаққа қызығушылығын арттырды.
М.МАМЫРБАЙҚЫЗЫ