Редакция таңдауы

Аусыл ауруы және одан қорғану жолдары.

Аусыл ауруы  – жұкпалы, жіті өтетін және тез таралатын аша тұякты жануарлардың аса қауіпті ауруы, қоздырыштары А, О, С, CAT-1, САТ-2, САТ-3, Азия-1 типтерімен кездесетін ауру. Уақытша қызбамен ауыз қусының кілегейлі қабықтарында, жұлық терісінде және тұяқтар арасында, жылтыр танауында, желінде афтылармен эрозиялардың болуы аурудың клиникалық белгілеріне тән қасиет. Ауырған жануарлардың клиникалық белгілері білінбей, жазылып кетуі мүмкін. Жаңа туған төлдерде аусыл өте жітілеу түрде өтуі мүмкін, онда афты пайда болмайды және өліммен аякталады. Аурудың бір типімен ауырып жазылған жануарлар аусылдың басқа типтегі қоздырыштарын жұқтырып, қайтадан ауруы мүмкін.

Аусыл ауруының таралу жолдары. Аусыл ауруының қоздырғышы ас қорыту жүйесі арқылы (негізінен шикі сүт, сүт өнімдері, ет өнімдері), зақымдалған тері мен ауыздың шырышты қабаттары (ветеринарлар, сауыншылар, қасапшылар және т.б.) арқылы, ауру ошақтарынан адамдардың киімімен, көлік  құралдарымен, жем-шөппен, құрылыс материалдарымен және т.б. тасымалдау арқылы жұғады. Аусыл ауруы жануарлардан адамдарға таралуы ықтимал. Алайда, ауру қоздырғышы адамнан адамға берілмейді. Балалар ересектерге қарағанда аусыл ауруына шалдығу ықтималдығы жоғары болып келеді.

Індеттің көздері болып аусылмен ауырған жануарлар вирустарды сыртқы ортаға афтылардың қабықтарымен, сүтпен, сілекеймен, демалған ауамен, зәр және нәжістерімен сыртқа шығарады. Аусылдан жазылған, сонымен қатар аусылға қарсы егілген және аурулармен бірге тұрған кейбір жануарлар, ұзақ уақыт бойы вирус тасығыш болып, індеттің қауіпті көзі болуы мүмкін.

Адамдар арасында аусыл ауруы таралған жағдайда кездесетін симптоматикалық белгілері. Аурудың жасырын кезеңі 3-4 күн, кейбір жітілеу жағдайларда 10-14 күнге дейін созылуы мүмкін. Ауру қатты қалтыраудан, температураның 39-40° дейін көтерілуінен, бас ауруы, тәбеттің жоғалуы, бұлшықет залалдануынан, сондай-ақ бел аймағының ауырсынуымен өтетін ауру. Алғашқы күндерде ауруға күдікті адамның ауыз қуысының кілегейлі қабықтары құрғап, көп мөлшерде сілекей сөлдері бөлінеді. Жиі – жиі балалар арасында тамақтану, шайнау, сөйлесу кезінде ауырсыну, агрессивті мінез-құлық таныту, тамақтанудан бас тартуларымен айқындалады.

Аусыл ауруының алдын – алу санитариялық – ветеринариялық іс-шаралар кешенімен жекелей тазалық жұмыстарын  дұрыс ұйымдастырудан басталады. Ірі қара малдардың арасынан ауру анықталған жағдайда залалданған жануарлар оқшауланып, карантиндік – шектеулік изоляторлық аймаққа орналастырылады. Аусыл ауруының өршу қаупі болған жерлерде 21 күн бойы шикі сүт, одан дайындалатын сүт өнімдерінің барлық түрін тұтұнуға қатаң тыйым салынады. Сондай – ақ, сүтті пастерлеу, қайнату, май шайқау, шикі етті мұқият термиялық өңдеуден өткізу ұсынылады.

Ауруға шалдыққан немесе күдікті жануарларға күтім жасау кезінде қоздырғыштың таралу  жолын болдырмау үшін алдын-алу шараларын қатаң сақтау қажет.

Сондай-ақ, барлық ветеринариялық  құжаттарсыз, рұқсат етілмеген сауда орындарында (жол бойында, көшелерде, базарларда) жануарлармен жануарлардан алынатын өнімдерді сатып алмау ұсынылады. Карантиндік аймақта жануарларды сауықтырудың, өлудің немесе лажсыз союдың соңғы жағдайы толық бақыланып, қорытынды дезинфекция жүргізіліп, карантиндік шектеу 21 күннен кейін алынады.

Аусыл ауруы  – мал шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіретін аса жұғымтал жіті вирустық ауру. Ал адамдар арасында жеке бас тазалығының қарапайым ережелерін сақтаған жағдайда қауіпсіз болып табылады. Жануарлармен жұмыс кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігін естен шығармағандарыңыз жөн. Жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларына күдікті  жануарлар тіркелген жағдайда ветеринар мамандарына хабар беру керектігін назардан тыс қалдырмау керек.

 

Г.Қ. Қалыбай  ОҚВҒЗС-ның аға зертханашы қызметкері.
А.Ж. Жармухаметова «ҚазҒЗВИ» ЖШС кіші ғылыми қызметкері
А.Ж. Қасен «ҚазҒЗВИ» ЖШС кіші ғылыми қызметкері
Ф.Р. Икрамкулова «ҚазҒЗВИ» ЖШС кіші ғылыми қызметкері

Соңғы жаңалықтар