Редакция таңдауы

Баспасөз – бұқараның рухани тірегі

Биыл Шымкент қалалық «Шымкент Келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің шыға бастағанына 35 жылдың бедері болды. Билік пен бұқараның ортасындағы алтын көпірге баланатын қос басылымның қазығы 1990 жылдың 21-шілдесінде қағылған.

Маңызы туралы айтар болсақ, Шымкент ірі мегаполис атанған Қазақстандағы Алматы, Астанадан кейінгі қала. Халқының саны миллионнан мол асады.

Бұрынғылар айтқан, өзіміздің Алаш ардақтыларының да аузынан шыққан үлкен ой бар. «Қай елдің ақпарат саласы ықпалды болса, сол мемлекет мықты». Қазақстандай асыл Отанымыздың іргесі мықты, тұғыры бекем болуына осы қос газет те айтарлықтай үлес қосып келеді.

Газеттің алғашқы бас редакторы – республикаға белгілі журналист, іскер басшы ретінде танылған Жұмамұрат
Тұяқбаев ағамыз.

Қалалық газет алғаш ашылғанда асығы бірден алшысынан тұрмапты. Сол кезеңдерде қос газеттің ұйымдастыру мәселелеріне мейілінше араласқан, бүгінде облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары қызметіндегі Нұрлан Кенжеғұлов былай деп еске алады:

«Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің аяқ алысы алғашқыда ауырлау болды. Шығармашылық ұжым болғанымен материалдық-техникалық база жоқтың қасы еді. Газет басшысы, тәжірибелі журналист-жазушы Жұмамұрат Тұяқбаев қала халқына өзінің шеберлігі мен іскерлігін дәлелдеді. Облыстық басылымда талай жыл басшылық қызмет атқарған ағамыздың сыйлас құрдастары, інілері – Манап Өтебаев, Байдулла Қонысбек, Амалбек Тшанов, Болат Жылқышиев сынды азаматтар газеттің алғашқы тынысына дем беріп, бірі құрал-жабдық, компьютер, бірі ғимарат сыйлады. Кейін қала әкімі болған Анарбек Орман дербес баспахана орталығын ашуға қаржылай көмек беріп, ерлік жасады».

Одан беріде қанаты қатайып, топшысы бекіген қос газет Алматы, Астанадағы қалалық газеттерінің қатарынан ойып өз орнын алды. Таралым жағынан көбіректеу болмаса, кем емес. Бүгінде облыстағы мықты журналистер шоғырланған ұжым мемлекеттік мәселелерді насихаттауда оқырмандарының ойынан шығып келеді.

Редакцияның қазақ бөлімін республикадағы мықты журналистер санатындағы Айдар Құлжанов басқарса, орыс тіліндегі басылым тәжірибелі журналист Наталья Хайкинаның тізгінінде.

Бүгінде оқырмандардың да талғамы өзгерген. Кейбіреулер журналистік өткірлік дегенді бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін алар пысықтық көреді. Мұның дұрыс емес екенін Мемлекет басшысы түрлі жиындарда айтып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Азаматтарды адастыратын ақпаратқа жол беруге болмайды. Сөз бостандығы – елдегі әр бастаманы сынау деген сөз емес. Нағыз ұлт мүддесін көздеген ақпарат құралы елдің береке-бірлігін нығайту үшін қызмет етуі керек. Баспасөз – қоғамның бет-бейнесі. Мен күнделікті газет-журналды үнемі қадағалап отырамын. «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Aiqyn», «Литер», «Turkistan», «Ana tili», «Қазақ әдебиеті» басылымдарын, аймақтарда шығатын газеттерді де үзбей оқимын. Көп мағлұмат аламын, пайдалы ақпарат өте көп. Жалпы, қазіргі таңда газеттерде жарияланып жатқан материалдардың сапасы жоғары, оқуға тартымды деп айтқым келеді. Қоғамның тынысын, зиялы қауымның ой-пікірін біліп отыру өте маңызды деп санаймын. Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуі тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр», — деген еді.

Бүгінде әлемдік журналистика күрделі кезеңді басынан өткеріп жатыр. Әлеуметтік желі сияқты ақпаратты жай оғындай тез тарататын құрылымдар бәсекелестікте алда келеді. Жаңа медиа дәуірі басталып, ақпарат құралдары жасанды интелект технологиясын игеруге кірісіп кетті.

Бірақ, мұның бәрі дәстүрлі БАҚ-ты ескексіз қайық секілді жағаға шығарып тастайды деген сөз емес. Көп жағдайда сараптамалық мақалалар жөнінен газетке жетері жоқ.

Газет, журналдар – медиа кеңестігінің бет-бейнесі. Қалалық қос газеттің шыға бастағанына 35 жыл толғанын айттық. Айтар тілек көп.

Отандық журналистиканың бауырын жазып, тынысын ашатын соқталы дүниелер көп жазылып, бұқараның үмітін ақтай беріңіздер! Мереке құтты болсын қос газет ұжымы және оқырмандар!

Бақтияр ТАЙЖАН

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win