Редакция таңдауы

Мықты азаматтық қоғам – қуатты қазақстан

Қазақстанның азаматтық қоғамы. Ол қандай қоғам? Әділетті мемлекет құру жолында азаматтық сектордың рөлі қандай? Коммерциялық емес секторда жаңа өңірлік көшбасшылар бар ма? Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы дұрыс жүзеге асып жатыр ма? Осы және өзге де маңызды сауалдар төңірегінде азаматтық қоғам өкілдері Шымкентте бас қосып, саладағы түйткілдерді ортаға салды.

Qyzgaldaq сарайында Қазақстанның XII Азаматтық форумына дайындық аясында «Шымкент қаласының тұрақты дамуы: азаматтық қоғам институттарының рөлі» атты өңірлік Азаматтық форум өтті. Бұл — үкіметтік емес сектор, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы әріптестікті нығайтатын және азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған маңызды іс-шара. Форум Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды. Басқосуға ҮЕҰ өкілдері, мемлекеттік құрылымдар, бизнес, медиа және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Биылғы форумда әлеуметтік әріптестік, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, жастарды тарту, цифрландыру және қоғамдық бақылау мәселелеріне арналған панельдік сессиялар, тақырыптық ашық пікірталастар, «ҮЕҰ өмірі — бір сәт бейнеде» атты ерекше фотокөрме, ҮЕҰ-дың бастамалары мен табысты тәжірибелерінің таныстырылымы өтті.

Форум екі жылда бір рет өткізіледі. Алдын ала дайындық жұмыстары Шымкенттегі ҮЕҰ-дардың белсенділігі мен азаматтық сектор жұмысының жетілгенін көрсетті. Басымдық азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының жүзеге асырылуына және ҮЕҰ қызметінің құқықтық негізін жетілдіруге берілді.

Форумның пленарлық пікірталасында XII Азаматтық форумның ұсынымдарын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарымен «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» қауымдастық түріндегі ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева таныстырды.

— 2030 жылға дейінгі Тұжырымдаманың екінші кезеңін іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының, ҮЕҰ мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетіктері бойынша заңнамалық бастамалардың, Қоғамдық кеңестер туралы заңнамаға енгізілетін түзетулердің, ҮЕҰ-ның жаңа көшбасшылары мен стратегиялық серіктестер желісін қалыптастыру жобалары ұсынылмақ. Азаматтық қоғамның Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін ескеріп, ҮЕҰ – бизнес – мемлекет ұлттық серіктестігін нығайту, ҮЕҰ-ның институционалдық және сараптамалық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланады, -деді Бану Ғаниқызы.

 

12,1 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті

Өңірлік азаматтық форумның негізгі міндеттерінің бірі – қоғамның инклюзивті және тұрақты дамуына атсалысып жүрген қоғамдық бірлестіктер мен қорлардың жұмысын көрсету, түйткілдерін шешуге атсалысу. Бұл тұрғыда 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының алар орны орасан. Жиында қордың Шымкент қаласындағы қайырымдылық көмегі туралы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шынқысбаева баяндады.

Басқарма төрағасының айтуынша, 2022 жылдан бері «Қазақстан халқына» қорынан 12,1 млрд теңге Шымкент қаласына бағытталған. Оның 9,506 млрд теңгесіне Денсаулық сақтау саласы бойынша орфандық аурулары бар 59 пациент үшін дәрілік заттар сатып алынған. Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде (ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген) 1,079 млрд теңгеге онкологиялық және онкогематологиялық аурулары бар 61 пациентті  дәрілік заттармен қамтамасыз еткен. Ал, 14,7 млн теңге қаржы 2 науқастың шетелдік клиникада емделу ақысына төленген. Сондай-ақ, тамыр патологиясы бар 4 бала емделіп, 640 мың теңге дәрілік терапия, коагуляцияға жұмсалған.

– Еліміздегі 28 өңірлік медициналық мекеме офтальмологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген (307 млн теңге). Олардың қатарында Шымкент қалалық перинаталдық орталығы, қалалық перзентхана, қалалық балалар клиникалық ауруханасы мен қалалық №2 аурухана бар. Оларға жалпы сомасы 45,9 млн теңгеге диагностикалық линзалар, офтальмоскоптар және офтальмологиялық лазерлер жеткізілді.

Өңірлік транспланттау үйлестірушісі 4,19 млн теңгеге білім жетілдірді. «Қасаң қабық трансплантациясын қажет ететін көз органдары аурулары бар науқастарға қайырымдылық көмек көрсету» қайырымдылық жобасы аясында трансплантация жасау үшін 304 донорлық қасаң қабықты дайындау және енгізу жоспарланған. 2023 жылдың мамырынан 2025 жылдың мамырына дейін республикада 288 операция өтсе, оның 6-уы Шымкентте өтті, — деп атап өтті Л.Шыңқысбаева.

Әлеуметтік сала бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылған. Қор қолдауымен еліміздің Шымкент, Павлодар, Талдықорған, Өскемен, Тараз, Ақтөбе және Қостанай, Ақтау өңірлерінен аутизм және басқа да психикалық бұзылулары бар балаларға арналған 8 орталық ашу жоспарланған. Алғашқылардың бірі болып, 2023 жылдың сәуірінде 127,3 млн теңгеге Шымкентте орталық ашылды.

– Шымкент қаласының 9 тұрғынына 69,8 млн теңгеге протез алынған. «QH Табалдырықтан табалдырыққа дейінгі қолжетімді орта» қайырымдылық жобасы шеңберінде Шымкенттің 25 мектебінде жалпы сомасы 37,5 млн теңгеге 50 дана баспалдақ көтергіштері жеткізілді. Тірек-қимыл аппараты бұзылған 114 бала инновациялық-техникалық құралдарға қол жеткізді. Әрқайсысы үшін тағайындалған жеке жаттығулар және тұрақты бақылау нәтижесінде олардың 18 бала аяққа тұрып, қалғандары қозғалыстарын жақсартты. Жалпы, оңалту шараларына Шымкент, Қызылорда, Павлодар және Абай облыстарынан 306 мүгедектігі бар бала тартылды, -деді Ләззат Алтынбекқызы.

 

Бюрократиядан – сенімге

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Елдар Сапаров саладағы негізгі мәселелерге тоқталды.

–Заңнаманы  жетілдіру бойынша ҚР коммерциялық емес секторында Үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ), Коммерциялық емес ұйым (КЕҰ) сияқты ұғымдық түсінбеушілікті жоятын уақыт жетті. Тіркеу рәсімдерін қайта қарау керек. Талаптарды саралау жеткіліксіз және аймақтық диспропорциялар бар. Шағын және ірі ұйымдар үшін бірдей конкурстық шарттар жойылса дейміз. Яғни, аумақтық шектеулердің болмауынан  әмбебап жарғылары бар ұйымдар кез келген өңірде тәжірибе мен нақты қатысуына қарамастан жобасын іске асыруға өтінім береді. Өз кезегінде бұл орындау сапасына теріс әсер етеді. Жобалардың шамамен 90 пайызы аванс алмайды, сондықтан ҮЕҰ қарызға кіріп, несие алуға мәжбүр. Бұл қаржылық жүктеме мен тәуекелдерді арттырады. Яғни, қаржыландыру біркелкі емес, — деген Елдар Қайсарұлы бірнеше ұсынысын да жеткізді.

Оның ұсынысы бойынша жоба сомасының кем дегенде 10 пайыз – міндетті аванс, 20-дан 30 пайызға дейін — тапсырыс берушінің талабына сай болғаны абзал. Іріктеу талаптарын қайта қарап, ҮЕҰ жетілу шкаласын әзірлеу керек. Неғұрлым жетілген және тұрақты ҮЕҰ «ірі» жобаларға, ал жас және тәжірибесі аз ҮЕҰ «шағын» жобаларға қатысса, әділетті болады.

Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың 3 түрін ұсынды. Олар:

  1. Қысқа мерзімді (шағын / негізгі) жобалардың іске асыру мерзімі – 1 жылға дейін, сомасы – 2000 АЕК дейін (7,8 млн. тг). 150 АЕК-тен кем қаржыландыру конкурстық рәсімдерсіз жүзеге асырылады.
  2. Орта мерзімді (орта / мезо / даму) жобаларының іске асыру мерзімі – 1 жылдан 2 жылға дейін, сомасы – 5000 АЕК дейін (19,6 млн. тг).
  3. Ұзақ мерзімді (ірі / макро / жүйелік) жобалардың іске асыру мерзімі – 2 жылдан 3 жылға дейін, сомасы – 5000 АЕК-тен (19,6 млн. теңгеден бастап). Аудан орталықтарының аумағында, шағын қалалардың, ауылдық елді мекендердің МЖҚ қаржыландыру көлемі ұзақ мерзімді кезең жылына 5000 АЕК-тен кем болмауы мүмкін.

«Дамудың Ұлттық және Халықаралық бастамалары институты» қоғамдық қорының директоры Светлана Ушакова мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы әріптестік аясындағы мәселелерді ортаға салды.

– Құқықтық белгісіздік, яғни, ҮЕҰ, КЕҰ, ҚҰ терминдеріндегі шатасушылық пен нормалардың қайталануы азаматтық секторда біраз қиындықтар тудырады. Үкіметтік емес ұйымдар шектен тыс есеп беру, екі есе тексерістер мен қиын да көнерген үдерістермен бетпе-бет келеді. Заңнама да күдік тудырады. Құқықтық база сенімсіздікке негізделген, әсіресе шағын және аймақтық ұйымдар осал. Неліктен мұның бәрі Қазақстан үшін маңызды? Белсенділіктің төмендеуіне әкеледі. Қазірдің өзінде ұйымдардың жабылуы, өзін-өзі шектеу және белсенділіктің төмендеуі байқалады. Сенімнің жоқтығы да қатты әсер етеді. Екіжақты өзара сенімсіз қайырымдылық пен азаматтық қатысуды дамыту мүмкін емес.

Қазақстан азаматтық қоғамды дамыту бойынша халықаралық міндеттемелерді (ЕҚЫҰ, ЕҚЫҰ, Венеция комиссиясы) мойнына алған. ҮЕҰ секторы бақылау объектісі ретінде емес, әлеуметтік мәселелерді шешуде серіктес ретінде қажет, — деп саладағы көкейтесті мәселелерді алға тартты.

Нені өзгерту керек? Светлана Борисовна есептілікті азайтып, «Бір терезе» қағидатын және электрондық сервистерді енгізуді ұсынды. Әртүрлі мемлекеттік органдардың функцияларының қайталануын жою қажет. КЕҰ-ның заңнаманы әзірлеуге қатысу құқығын тануы тиіс. Ережелердің болжамдылығы мен ашықтығына кепілдік беріп, тіркелген және тіркелмеген бірлестіктердің (бастамалардың) қызмет құқығын қамтамасыз ету ауадай қажет.

Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Мұхтар Сейітжаппаров шаһардағы ҮЕҰ туралы статистиканы келтірді. «Әділет департаментінің статистикасына сәйкес, Шымкент қаласында 1200-ге жуық үкіметтік емес ұйым тіркелген. 2025 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 268 миллион теңге қаралған. Өңірлік азаматтық форум әлеуметтік тапсырыс аясында өткізілген он сегізінші іс-шара. Жалпы үшінші мегаполисте 23 басқарма болса, әлеуметтік тапсырыс 4 басқарма арқылы жүзеге асырылады», — деді ол.

 

«Аңыз бен шындық: Билік – ҮЕҰ – Бизнес»

Панельдік отырыс барысында ҮЕҰ өкілдері саладағы мәселелерге жекелей тоқталды. Мәселен, «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Сабира Байзақова ҮЕҰ-ды ресурс ретінде бағалап, жастарға тигізер пайдасын мысал етті.

– Икемді форматта жұмыс істей алады, сенімді әрі еркін пікір алмасу алаңын қалыптастырады. Мемлекетпен де, халықаралық ұйымдармен де байланыс орната алады. Олар жастардың білім алуына, кәсіпке бейімделуіне, қоғамға араласуына мүмкіндік береді, — деді ол.

«Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі 2021 жылдан бастап 79 анаға ұйым тарапынан қоғамға қажетті кіші кәсіптерді жарнамалауға арналған «SMM әліппесі» сабақтарын, 112 көпбалалы анаға массаж курсын онлайн және оффлайн түрде тегін үйреткен. Қазір олар үйде отырып табыс таба алатын кәсіпкер аналар қатарын толықтырған.

Сабира Мұратқызы жастар мәселесін шешу үшін бірқатар ұсыныстарын да жеткізді.

– Аймақтық жастар картасын әзірлеу – нақты қажеттіліктерге бағытталған жобалар, тәжірибе мен мотивация беретін менторлық бағдарламалар жасау, Instagram, TikTok, Telegram цифрлық алаңдарында  workshop, подкаст, TED форматтар жасау, әлеуметтік кәсіпкерлікке қолдау көрсету арқылы өз идеясын іске асыруға мүмкіндік берілсе деймін. «Билік – ҮЕҰ – Бизнес» әріптестігі кешенді шешімдерге жол ашады. Жастар орталығының бір бағыты, «Жастар денсаулығы және отбасы», «Менталды денсаулық, инклюзия» бөлімін құруды ұсынар едім, — деді С.Байзақова.

«Аңыз бен шындық: билік – ҮЕҰ – бизнес» тараптарының әрекеті мен пайдасы және перспективалары туралы» тақырыбында баяндама оқыған «Балаларды СПИД-тен қорғау» ҚҚБ төрайымы Жаннета Жазықбаева әрбір қоғамдық бірлестіктің артында тағдыр тұратынын айтты. Мәселен, өзі де азаматтық секторға жеке басындағы проблемасының шешу жолдарын қарастырып жүріп келіпті. Анығы, 2006 жылғы ЖИТС трагедиясы кезінде ұлынан да диагноз анықталуы, сөйтіп, көптеген әділетсіздікпен күрес оны осы салаға алып келген. ЖИТС-пен өмір сүретін балалар мен жасөспірімдердің құқығын қорғауда 19 жыл табысты жұмыс істеген бірлестік жетекшісі қор қамқорлығында 250-ден астам бала бар екенін тілге тиек етті.

– Қамқорлықтағы жастардың 75 пайызы 2026-2027 жылдары ЖОО-ны тәмамдайды. Олардың арасынан 26 отбасы құрылып, 27 дені сау бала дүниеге келді. ЖИТС-пен өмір сүретін жасөспірімдер арасында суицид фактілері тіркелмеген. Олардың тарапынан жұқтыру деректері анықталмаған. Балалар мен жастардың 20 пайызы алдын алу және ағартушылық бағыттарда белсенді, — деп Жаннета Қанайқызы жеткен жетістіктерін алға тартты.

Ж.Жазықбаева қор алдында тұрған келесідей өзекті міндеттерді де атап өтті.

– ЖИТС-ке шалдыққан отбасыларды кешенді қолдауға арналған жобалардың жетіспеушілігі, стигма мен кемсітушілікті азайтуға бағытталған бағдарламаларды енгізу қажеттілігі күн тәртібінде. Өңірдегі ЖИТС трагедиясының 20 жылдығына орай «20 жылдан кейін…» атты фильм түсіру жоспарланған.

АИТВ/ЖИТС – бұл үкім емес, дер кезінде анықталып, дұрыс ем қабылданса, толыққанды өмір сүруге болатын ауру. Бүгінде қауесетті жоққа шығарып, шынайы әрі сенімді ақпарат тарату – өте маңызды. Бұл тек вирустың өзімен емес, сонымен қатар қорқынышпен, теріс көзқараспен және кемсітушілікпен күресудің жолы. Әрқайсымыз қоғамның ақпараттануына жауаптымыз, себебі білім өмірді сақтап қалады, — деді бірлестік төрайымы.

Форумның панельдік отырысында азаматтық қоғамның тұрақты дамуына ықпал ету, ұлттық бірлік пен әділеттілікті нығайту бағытындағы мәселелер талқыланды. Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының 2020-2025 жылдарға арналған I кезеңі мен 2026-2030 жылдарға арналған II кезеңі кеңінен түсіндірілді. Қазақстан азаматтары азаматтық қоғам институттарының қызметіне және мемлекеттік органдармен бірлесіп, елдің даму стратегиялық бағыттарын айқындауға белсенді қатысу қарастырылғаны айтылды. Шымкент қаласының тұрақты дамуы үшін азаматтық қоғам институттарының рөлі айқындала түсті. Мұндай азаматтық форумдар қоғамдық ұйымдардың даму бағытын айқындауға, өзара әріптестік орнатуға, келешекке бірлесіп жоспар құру үшін ауадай қажет.

Форум қорытындысында ұйымдастырушылар барлық қатысушылар мен серіктестерге Шымкент қаласының инклюзивті және тұрақты дамуына қосқан үлестері үшін алғыс хаттар табыстады.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win