Шымкент қалалық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Дін саласындағы өзекті мәселелер мен оны шешу жолдары» тақырыбында республикалық семинар-конференция өтті. Өңіраралық тәжірибе алмасу бағытындағы іс-шараның мақсаты – дін саласындағы өңірлік деңгейде жинақталған тиімді тәжірибемен бөлісу, өзекті мәселелерді бірлесіп талдау және жат діни ағымдардың алдын алуда басқармалар мен орталықтар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.

Семинар-конференцияға еліміздің өңірлерінен келген дін істері басқармалары мен дін мәселелері жөніндегі орталықтардың басшылары қатысып, «Әкімшілік құқық бұзушылықтар аясында діни қызметті реттеу: өзекті мәселелер мен шешу жолдары», «Интернет кеңістігінде діни қауіпсіздікті қамтамасыз ету: жаңа сын-қатерлер және шешімдер» және «Интернеттегі діни құқық бұзушылықтар: мониторинг және әрекет ету жолдары» тақырыптары талқыға түсті. Сонымен қатар, діни ахуалды тұрақтандыруға бағытталған өңірлік тетіктер, жат діни идеологиялардың таралуына қарсы іс-шаралар, мемлекеттік-конфессиялық қатынасты тиімді үйлестіру жолдары, ақпараттық және әдістемелік тәжірибе алмасу мәселелері төңірегінде ой өрбітті.
Конференция аясында қатысушылар өз өңірлеріндегі озық тәжірибелер, тиімді жобалар мен бастамалар жөнінде баяндады.
Қалалық дін істері басқармасының басшысы Бақтияр Өнербаев қоғамда адасып жүргендерді салт-дәстүрлерімізге бағыттау, интернет желілерінде түйткілді мәселелерді шешу өзекті екенін атап өтті. Екі күндік іс-шара барысында Шымкент қаласының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Айдос Оралбаев деструктивті діни ағымдардың ықпалына түскен адамдармен жұмыс жүргізуде Шымкент қаласының тәжірибесі мен жетістіктері жөнінде толығырақ айтып берді.
Семинар қорытындысы бойынша бірқатар ұсынымдар қабылданды.
Тағабай ҚАСЫМОВ
