Шымкентте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған іс-шара – мезгіл таңдамайтын, қала экологиясына да қосатын үлесі зор жоба. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» патриотизм құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарау мақсатында жүзеге асырылған жоба Шымкенттің аудандарында ұйымдастырылды.

Еңбекші ауданының тұрғындары қоршаған ортаны таза ұстауға атсалысып, Түркістан көшесінің бойы арнайы техниканың көмегімен тазартылды. Жиналып қалған қураған шөптер мен күл-қоқыс түгелдей шығарылды. Сонымен қатар, көше бойындағы ағаш өсінділері кесіліп, ретке келтірілді.
Аудан әкімдігі тек көше тазалығына ғана емес, тұрғындардың демалыс орнына айналған балалар алаңшаларының жағдайына да жіті назар аударды. Сынған әткеншектер мен ойын құралдары жөнделіп, сырланды.
– Тазалық — бәрімізге ортақ іс. Бүгінгі шараға аудан тұрғындары, коммуналдық шаруашылық қызметкерлері, әкімдік өкілдері белсенді атсалысты. Барлығы оннан астам арнайы техника жұмылдырылып, бір күн ішінде елеулі жұмыс атқарылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасатын болады,- дейді Еңбекші ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы Қуаныш Айдапкелов.
***
Қаратау ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында кезекті сенбілік өтті. Бұл жолғы тазалық жұмыстары Ахметбаев және Көмекбаев көшелерін қамтыды. Игі іске аудан тұрғындары да белсенді атсалысты.
Сенбілікке 60 кісі қатысып, 6 техника жұмылдырылған. Оның ішінде бір КамАЗ жүк көлігі мен бір жүктегіш техника аумақты тұрмыстық қалдықтан тазартуға көмектесті. Жергілікті тұрғындар да тазалыққа өз үлестерін қосты.
– Бұл шара бір күндік науқан емес. Біз апта сайын қаланың түрлі көшелерін қамтып, тұрақты түрде сенбілік өткізіп келеміз. Бүгінгі мақсатымыз – «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауламызды ғана емес, көзқарасымызды да жаңарту. Қала мәдениеті – алдымен өз көшесін таза ұстаудан басталады, – дейді Қаратау ауданы әкімдігіне қарасты коммуналдық мекеменің бөлім басшысы Бағдат Ахметов.
***
Абай ауданы Асар шағын ауданындағы аллеялардың бірінде сенбілік өтті. Сенбілікке қатысушылар жол жиектерін қоқыс пен инертті материалдардан, ағаштарды артық бұталарынан тазартып, шөп шапты және ирригациялық арық жүйелерін ретке келтірді.
Сенбілікке аудан тұрғындарының белсенді қатысқанын атап өткен жөн. Жанашыр тұрғындар мен коммуналдық қызметкерлер, жалпы 300-ге жуық адам ортақ мақсатқа жету үшін күш біріктірді. Олар 2000 метр ирригациялық арық пен жол жиегін, сондай-ақ 5000 метр жаяу жүргіншілер жолын тазартты. Жинақталған қоқысты шығару үшін 5 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 5 тонна қалдық шығарылды.
***
Әл-Фараби ауданында «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық бағдарламасы аясында кезекті тазалық акциясы өтті. Әл-Фараби ауданының коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің тату командасы екі сағат ішінде Қарасу шағын ауданындағы аулалардың бірінде тазалық жұмыстарын жүргізді.
Аудандық коммуналдық шаруашылық қызметкерлері ағаштарды әктеп, құрғақ бұтақтарды кесіп, шөп шауып, аумақты сыпырды.
– Мұнда Әл-Фараби ауданы коммуналдық шаруашылық мекемесінің 50 қызметкері жұмыс істеп жатыр, біз бірлікте осы жасыл және жайлы ауланы одан да жайлы етеміз. Ағаштардың басындағы құрғақ бұтақтарға жету үшін автокөтергіш қолданылды, — деді Шымкент қаласы коммуналдық қызметі бөлімінің бастығы Берік Жаңаев.
Сенбілік барысында қызметкерлер екі тонна қоқыс пен құрғақ шөп шығарып, «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық бағдарламасына өз үлестерін қосты.
Жалпыхалықтық экологиялық қозғалысқа айналған бұл бастама бүгінде әр өңірде өзіндік серпін беріп келеді. Шымкент қаласы да аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА,
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ
