Редакция таңдауы

Текті елдің тірегі – іргесі берік отбасы

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін екі заңға қол қойды. Бүгінде  отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары қылмыстық кодекспен қаралады. Заңға сәйкес, денсаулыққа қасақана ауыр не орташа зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Ел Президенті жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында да отбасы институтын нығайтып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды тиісті сала басшыларына тапсырып жүр.

Шымкентте 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында отбасылық жанжалға байланысты 4 мыңға жуық шақырту тіркелген. Бұл дерек отбасылық-тұрмыстық саладағы мәселелердің әлі де өзекті екенін көрсетеді. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ердәуіт
Ниязов мәлімдеді.

Қоғамдық тәртіп – басты назарда

Мамандардың айтуынша, Шымкент қаласында отбасылық-тұрмыстық қатынастағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр.

– Отбасылық кикілжіңнің алдын алу және жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2998 қорғау нұсқамасы беріліп, 406 құқық бұзушының мінез-құлқына «ерекше талап» қойылды. Сонымен қатар, отбасындағы агрессорлармен жүйелі профилактикалық жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл – құқық бұзудың алдын алуға бағытталған маңызды қадам, – деді полиция полковнигі.

Бүгінде қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау мәселесі де өзекті болып тұр. Алкоголь өнімдерін заңсыз сату және қоғамдық орында ішімдік ішіп, тәртіп бұзу деректері бойынша да полицияның профилактикалық әрекеттері күшейтілген.

– 21 жасқа толмағандарға және түнгі 23:00-тен таңғы 08:00-ге дейін алкоголь өнімдерін сатқан 200-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал, қоғамдық орында мас күйде жүргені және спирттік ішімдік ішкені үшін 2266 тұлға жауапқа тартылды, – деді Ердәуіт Ниязов.

Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтармен қатар, жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруі де – ерекше бақылаудағы мәселе. Шымкент қаласында полиция қызметкерлері жүйелі түрде түнгі рейдтік шаралар ұйымдастырып келеді. Нәтижесінде ойын-сауық орындарында жүрген 262  және тұрғын үйден тыс жерлерде жүрген 5 мыңнан астам жасөспірім анықталған. Тәртіпке бағынбағаны үшін 155 мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл шаралар балаларды түнгі уақытта әртүрлі қауіп-қатерден қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған. Мұндай рейдтер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.

 

Зорлық-зомбылықпен күресте жаңа бөлім құрылды

Биыл Шымкент қаласы полиция департаментінің құрылымында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімдері құрылған болатын. Бұл бөлімдердің негізгі міндеті – отбасындағы зорлық-зомбылықты түбегейлі болдырмау және жүйелі проблемаларды жоюға бағытталған нақты тетіктерді іске асыру. Бөлім қызметкерлері учаскелік инспекторлармен бірлесе отырып, қала аумағында жоспарлы түрде аралау жұмыстарын жүргізеді. Олар көпқабатты үйлердің төрайымдарымен, жеке сектордағы көше белсенділерімен байланыс орнатып, сауалнама жүргізу арқылы отбасылық жағдайлары тұрақсыз азаматтарды анықтайды.

– Жайсыз отбасыларды анықтағаннан кейін бөлім мамандары олармен профилактикалық сұхбаттар жүргізіп, зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары жөнінде түсіндіру жұмыстарын өткізеді. Сонымен қатар, тұрмыстық жанжалға жиі араласатын тұлғалармен жеке жұмыс жүргізіліп, олардың мінез-құлқына тұрақты түрде бақылау жасалады, – деп түсіндірді Ердәуіт Ниязов.

Бүгінде бөлім қызметкерлері 100-ден астам мекенжайды тексеріп, отбасындағы жағдайды зерделеген. Қызметкерлер құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін қаладағы төрт дағдарыс орталығымен бірлесе жұмыс жүргізіп отыр. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл орталықтарға 712 әйел көмек сұрап келген. Яғни, бұл статистика қоғамда мұндай көмекке сұраныс жоғары екенін көрсетіп, аталған орталықтарда зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша іс-қимылды күшейту қажет екенін білдіреді. Болашақта бұл бағыттағы шаралар одан әрі жетілдіріліп, жәбірленушілердің қауіпсіздігі мен құқығы барынша қорғалатын болады.

 

Ведомствоаралық өзара іс-қимыл артып келеді

Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу – тек полиция қызметінің міндеті емес. Бұл – кешенді түрде шешуді қажет ететін әлеуметтік мәселе. Осыған байланысты Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастамасымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Топ құрамына прокуратура, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, спорт және білім басқармаларының өкілдері, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері енген. Жұмыс тобы тоқсан сайын арнайы кеңес өткізіп, өзекті мәселелерді ортаға салып, әр саланың өз құзыретінде орындауға тиісті нақты тапсырмаларды айқындайды. Бұл  мәселеге жүйелі әрі кешенді тұрғыда қарауға мүмкіндік береді.

Полиция полковнигі Ердәуіт Ниязов тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау үшін тек құқық қорғау шаралары жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл күрделі мәселені шешудің басты жолы – қоғамда отбасылық мәдениетті нығайту, зорлық-зомбылықты жасыру, «ұят болады» деп ойлауды жою қажет. «Қоғамда зорлық-зомбылықтың салдарын емес, себебін жоюға күш салуымыз керек. Бұл ретте әрбір азаматтың, ата-ананың, педагог пен имамның, мемлекеттік қызметкер мен ҮЕҰ өкілінің жауапкершілігі ортақ. Біздің мақсатымыз – Шымкент қаласында қауіпсіз, тұрақты әрі бақытты отбасы санын арттыру», – деді ол.

Шымкент қаласында тұрмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы күрес жұмыстары кешенді түрде жалғасып келеді. Бұл бағытта қолға алынған жүйелі жұмыстар, әр сала өкілдерінің бірлесе әрекет етуі тиіс. Сонда ғана қоғамдағы құқықтық мәдениетті көтеру жолындағы тұрақты қадамдар алдағы уақытта оң нәтижесін береді деп сенеміз.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар