Редакцияға хабарласатын оқырмандардың қатары жиіледі. Ата-аналар тарапы «Балама ваучер берілмей қалды» деп шағымданса, жекеменшік балабақша иелері «Мектепке баратын 120 баланы балабақшадан шығардым. Арасында база істемей қалды. База қайта іске қосылғанда, ваучерлер саны артқа кетіп қалған. Бала келмесе, біздің кәсіп құрдымға кетеді. Қаншама қаржыдан айырылып отырмыз?!» – деп жанайқайын жеткізді.
Ваучерлік қаржыландыру мен балабақшаға бүлдіршінді тіркеу төңірегіндегі көкейтесті сауалдарымызды Шымкент қаласы білім басқармасы мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Күлзина Уәлихановаға қойған едік.
– Күлзина Ерсейітқызы, білуімізше, Шымкент республикалық маңызы бар қалалардың арасында алғашқы болып балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Бүгінде қанша мектепке дейінгі білім беру ұйымы ваучерлік жүйеге қосылды?
– Шымкентте балабақшаларды ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы 2024 жылдың қазан айында іске қосылды. Небәрі 1 айда шаһардағы 617 мектепке дейінгі ұйымға ваучерлік жүйе енгізілді. Енді мемлекет қаржысы «Ақша балабақшаға беріледі» қағидатының орнына «Ақша баланың соңынан жүреді» қағидаты бойынша бөлінеді.
Пилоттық жоба Indigo24.kz платформасы арқылы іске асырылып отыр. Бұл платформа балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау және жолдама беру процесін толығымен автоматтандырады. Балабақша кезегін ашық басқаруды және ұйымдарға жүктемені тиімді бөлуді қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта Indigo24.kz арқылы барлық балабақшалардағы қабылдау жүйесі цифрландырылған. Бұл ата-аналардың балаларының келу табелін, көрсетілетін қызметтердің сапасын және қаржыландыру процесін өз бетінше бақылауына мүмкіндік берді.
– Ата-ана ваучерлік қаржыландыруға баласын іліктіре алмаса, бұл жағдай кәсіпкерге, яғни, балабақша иесіне де қиындық туғызады. Балабақшада бала саны азайса, мемлекеттен келетін қаржы көлемі де біршама қысқарады. Салдарынан кәсіпкер қаржылық қиындықтарға тап болып, салық төлеуге, қызметкерлерге жалақы беруге мұршасы келмейді. Мұндайда кәсіпкерге қайтпек керек?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, ваучерлік қаржыландыру жүйесі мектепке дейінгі ұйымдар арасында бәсекелестікті арттырып, «өлі жандар» мәселесінде бақылауды күшейтті. «Өлі жандар» дегеніміз, түсіндіре кетейін, ол балабақшада тіркелген, бірақ, іс жүзінде ол бақшаның есігінен аттамағандар немесе бір құжатпен бірнеше балабақшаға тіркеліп тұрғандар. Бұл жүйе арқылы жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың жолы кесілді деген сөз. Сондықтан да кәсіпкерлер мектепке дейінгі білім беру сапасына, балабақшасының материалдық-техникалық жабдықталуына және жақсы атының шығуына барын салып жұмыс істеуі керек.
–Пилоттық жобаның іске қосылғанына да 9 айдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында кезек неше рет жаңартылды?
– Ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу барысында 2 жастан асқан балалардың балабақшаға орналасу кезегі бастапқыда 8 000 баланы құрады. Пилоттық жобаның алғашқы 9 айы ішінде жүйеге жалпы 59 000 жаңа өтінім түсті. Аталған кезеңде 57 700 өтініш қанағаттандырылып, балалар балабақшаларға орналастырылды. Бұл көрсеткіш кезектің орта есеппен 6 есеге жаңартылғанын көрсетеді.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты 638 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп тұр. Онда жалпы 72 098 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мемлекеттік мектепке дейінгі 71 ұйымда 16 718 бала, жекеменшік 567 балабақшада 55 380 бүлдіршін бар. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Шымкентте 631 мектепке дейінгі ұйымда 71 318 бала ваучерлік жүйе арқылы қаржыландырылып отыр. Ал, пилоттық жоба іске қосылғалы 56 259 ваучер берілді. Өткен жылы – 19 673 орын, биыл – 36 586.
Балабақша кезегіне келер болсақ, бүгінде 15 924 бүлдіршін кезекте тұр. Оның 6 829-ы – 2 жасқа дейінгі бүлдіршіндер, 9098-і – 2-6 жас аралығындағы балалар.
20-30 маусым аралығында топтарды жиынтықтау жұмыстары жүргізілген болатын. Бос орындарға 1 шілдеден бастап жаңа ваучерлер кезең-кезеңімен беріліп жатыр.
– Жиынтықтау жұмыстары жүрді дедіңіз. Мәселен, былтыр қазан айында баласын кезекке қойған ата-ана ваучер ала алмаса, кезек жаңартылған соң кезекке қайтадан қоюы керек пе?
– Балабақшаға жазғы қабылдау науқаны 1 шілдеден бастап ресми түрде ашылды. Қазір кезек қабылданған балалардың есебінен күнделікті автоматты түрде жаңарып отыр. Баланы бір рет кезекке қойғаннан кейін оны қайта тіркеудің қажеті жоқ. 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін 2 жасқа толатын балалар жас ерекшеліктері мен жеңілдіктеріне сәйкес 21-санаттан жоғары санаттарға ауыстырылды. Аталған кезеңде 6 жасқа толған балалар балабақшадан шығарылып, жаңа оқу жылына арналған топтар қалыптастырылды.
– Ваучерлік қаржыландыру негізінде мемлекет қазынасынан бір балаға қанша қаржы аударылады?
– Ваучерлік қаржыландыру – білім беру қызметтерін алушылар үшін бюджет қаражаты есебінен төленетін, қаржы көлемі жан басына шаққанда анықталатын қаржыландыру тетігі. Бүгінде жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері бір балаға 55 659 теңгені құрайды.
– Бұл жүйенің негізгі мақсаты қандай?
– Ваучерлік жүйенің басты мақсаты – баланы мектепке дейінгі білім беру саласында қызмет көрсететін ұйымға кезекке қою, қабылдау процестерінің және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды автоматтандыру, бағытталған бюджет қаражатының нысаналы мақсатын сақтау үшін жаңа қатысушыларды тарту.
– Бала 6 жастан асса да, жұмысбастылығын сылтау етіп, балабақшадан шығармай жүретін ата-аналар да кездеседі. Әсілі, бала бақшада қанша жасқа дейін жүре алады?
– Жыл сайын 6 жасқа толатын балалар 1 тамызға дейін балабақшадан шығарылады. Алайда, бұл тәртіп мектепке баруды кейінге қалдыруға мүмкіндік беретін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (ПМПК) қорытындысы бар балаларға қатысты қолданылмайды.
– Егер балабақшадағы қызмет сапасына ата-ананың көңілі толмаса, қандай әрекет жасауға болады?
– Егер мектепке дейінгі ұйымның қызмет сапасына ата-ананың (қызмет алушы) көңілі толмаса, шағымдана алады. Қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен шағым тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралады.
– Мектепке дейінгі ұйымдарға құжат қабылдау және балаларды қабылдау тәртібіне тоқталып өтіңізші.
– Қабылдау қызметі мектепке дейінгі ұйымдар тарапынан көрсетіледі. Ата-ана (қызмет алушы) ваучерді пайдалануға келісімін растағаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде білім басқармасы қалыптастырған Қызмет көрсетушілер тізбесінен балабақшаны таңдап, қабылданады. Балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау қызметі «Іndigo24.kz» ақпараттандыру жүйесі арқылы көрсетіледі.
– Ата-ана баласының қатысу табелін қашан растауы қажет және ай сайынғы төлемді қай уақытқа дейін жасауы тиіс?
– Ата-ана мектепке дейінгі ұйымға қатысу табелін есепті айдан кейінгі айдың 1-10 күндері аралығында растайды.
Ата-ана мектепке дейінгі ұйым толтырған қатысу табелінің деректерімен келіспеген жағдайда, келіспеу себебін растайтын құжаттарды қоса тіркеп, ақпараттандыру құжатын толтырады.
Табель жоғарыда көрсетілген мерзімде расталмаған жағдайда, қызмет алушы тарапынан автоматты түрде расталған болып есептеледі. Алайда, бұл жағдай қатар 2 (екі) айдан аспауы қажет.
– Кейбір балабақшалардағы топтарда бала шамадан тыс көп, енді бірінде санаулы ғана болуы мүмкін. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №372 бұйрығына сәйкес, топтарды бір жастағы немесе әртүрлі жастағы қағидаты бойынша жинақтайды. Мәселен, бір жастағы балаларды келесідей топтастырады:
– ерте жас тобы – мұнда 1 жасар 10 бөбектен аспауы тиіс;
– кіші топ – мұнда 2 жасар 20 баладан аспауы керек;
– ортаңғы топ – мұнда 3 жасар 25 бүлдіршіннен аспауы керек;
– ересек топ – 4 жасар 25 бүлдіршіннен аспауы тиіс;
– мектепалды даярлық тобы (сыныбы) 5 жасар 25 баладан аспауы керек.
Ал, жас ерекшелігі әртүрлі қағидасы бойынша 1-2 жасар бөбектердің тобы 15 баладан аспауы керек. Одан жасы үлкен балалардың топтары 20-25 бала аралығында топтастырылады.
Ескеретін жәйт, ерте жас және мектепалды жастағы балаларды біріктіріп, әртүрлі жас қағидасы бойынша топ құруға жол берілмейді.
– Ата-ана балабақшадан қысқа мерзімге демалыс алса, ондағы орны сақтала ма?
– Егер бала ауырып қалса, емделсе, оңалтуға барса немесе ата-анасының біріне(не баланың заңды өкіліне) жылына 1 рет 60 (алпыс) күн мерзімге еңбек демалысы берілсе, ата-ана баланың балабақшаға келмеген күндеріне анықтама немесе жазбаша өтінішін ұсынса, ұйымдағы орны сақталады. Баланың себепсіз, өтініш пен анықтамасыз келмеген мерзімі 40 күннен асса, автоматты түрде орны жойылады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Мөлдір Кенжебай