Өткен демалыс күндері Шымкент қаласының 8 мәдениет үйінде “Шымқала кештері” концерттік іс-шарасы жалғасын тапты. Жаңаталап тұрғын алабындағы мәдениет үйінде “Шымкент концерт” ұйымының өнерпаздары жергілікті тұрғындарға концерттік бағдарламасын ұсынды.
Өнер ұжымының “Шымқала” триосы, жас әншілері, “Қазына” би ансамблі әсем әндерін әуелетіп, өз өнерлерін көрсетті. Іс-шара тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Тұрғын алаптардағы дәстүрлі концерттік бағдарлама осылайша жалғасын тауып келеді. Атап айтқанда, бүгін Қызылжар, Сайрам, Жаңаталап, Шапырашты мәдениет үйі және Көкбұлақ, Қайнарбұлақ, Қаратөбе, Өтеміс клубында өнер мекемелерінің “Шым қала кештері” концерттік іс-шарасы өтті. Аталған жоба мегаполистің мәдени өмірін жандандыру, халықтың мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттырып, бос уақытты тиімді өткізуді мақсат еткен.
Айта кетейік, мегаполистің мәдени өмірін жандандыру мақсатында өткізіліп жатқан шара қаладағы аудандарды қамтуды қолға алған. Әр сенбі сайын өтетін жиын тұрғындардың сүйікті демалысына айналды десек, артық айтқанымыз емес. Бұл жоба халықтың мәдениет пен өнерге деген қызығушылығын арттырып, бос уақытты пайдалы әрі ерекше өткізуге мүмкіндік беріп жатыр. “Шымқала кештері” – заманауи өнер, музыка, спорт және шығармашылықтың тоғысқан алаңы.
Шымқала кештері қаланың шалғай аудандарында өтіп, онда шымкенттік «Шымкент — Цирк», «Шымкент концерт» концерттік ұйымы, «Шымкент қалалық әзіл- ысқақ және сатира театры», «Шымкент қалалық орыс драма театры», «Шымкент қалалық қуыршақ театры» өнер көрсетті.
Тағабай ҚАСЫМОВ