Бұл – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының айтқан тұжырымы. Алаш ардақтысының бұл ұстанымы әлі де өзектілігін жойған жоқ. Себебі, білім мен ғылым қашанда елімізді даму мен өркендеу жолына бастаудың ең басты тетігі. Өскелең ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет бұл салаға айрықша назар аударып, сала басшылары мен ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктеп отыр.
Мемлекеттің білім саласына қаншалықты назар аударып отырғанын Шымкент қаласының бюджетінен аталған салаға бөлінген қаржыға қарап байқауға болады. Шымкент қаласы әкімдігі қаржы басқармасының деректеріне сүйенсек, өткен жылы шаһарда осы бағытқа 314 млрд. теңге бөлініпті. Бұл бүкіл қала қазынасының жартысына жуығы десек, қателеспейміз. Тарқатып айтар болсақ, бір ғана мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдарының қызметін қамтамасыз етуге 51 млрд. 261 млн. теңге бағытталған. Соның нәтижесінде Шымкент қаласында 2-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 90,8 пайызға жетіпті. Салыстыру үшін айтар болсақ, бұл көрсеткін 2023 жылы 82,8 пайыз болған еді. Ал, 3-6 жасқа дейінгі балалар 100 пайыз қамтылып отыр. Халықтың мектепке дейінгі білім сапасына қанағаттану деңгейі де алдыңғы жылдармен салыстырғанда біршама жақсарып, 74,9 пайызға жеткен.
Оған қоса, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы 11 мектептің құрылысы жүргізіліп, барлығы пайдалануға берілген. Бұл жұмысқа мемлекет 61 милллиардтан астам қаржы жұмсаған.
Шымкенттік оқушыларды қосымша біліммен қамтамасыз етуге 2024 жылы 4 миллиард 806 миллионнан астам қаржы бағытталып, мектептен тыс 11 ұйымда 17 мыңнан астам бала қосымша білім алды. Сондай-ақ, өткен жылы тұрмысы төмен отбасыдан шыққан 55 195 бала ыстық тамақ, киім-кешек және аяқ киіммен қамтылған. Аз қамтылған отбасыдан шыққан 8 011 балаға жазғы демалыс уақытында лагерге жолдама берілді. Бастауыш сыныптардың 90 мыңнан астам оқушысы ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Мемлекеттің білім саласын дамытуға бағытталған осынау саясатының нәтижесінде оқушыдардың білім сапасы жақсарып, олар көңіл қуантарлық жетістіктерге де қол жеткізіп жатыр. Бүгін осынау маңызы зор салада қолға алынған тың бастамалар мен маңызды жаңалықтар жөнінде әңгімелемекпіз.
Заманауи аппараттық-бағдарламалық кешен енгізілді
Ең алдымен Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты мектептерге енгізілгелі жатқан аппараттық-бағдарламалық кешен жұмысы туралы айта кеткен жөн. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек өткен аптадағы брифингте жаңа жүйенің бірнеше артықшылығын атап өтіп, жоба туралы толыққанды ақпарат айтты. Оның айтуынша, биыл Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты мектептерге заманауи аппараттық-бағдарламалық кешен орнату жұмыстары басталады. Бұл кешен – білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі мен цифрлық инфрақұрылымын арттыру мақсатында қолға алынған ауқымды жоба.
– Жүйені енгізу барысында әр мектептің интернет желісін пайдалану көрсеткіштері жан-жақты зерттеліп, сарапталды. Бұған дейін мектептерде 150 мбит/сек интернет жылдамдығы қарастырылған болатын. Оның 20 мбит/сек дабыл нүктесіне, 30 мбит/сек бейнебақылау жүйесіне, ал 100 мбит/сек оқу процесіне бөлінген еді. Алайда, сараптама нәтижесінде кейбір мектептерде бар-жоғы 20 мбит/сек қосылып отырғаны анықталды. Жүйенің басты артықшылықтарының бірі – интернет жылдамдығының тұрақты мониторингі. Егер жылдамдық төмендеген жағдайда, мамандар мәселенің себебін жедел анықтап, шешім қабылдайтын болады, – деді С.Құранбек.
Әкім орынбасары бұған қоса, жоба аясында барлық қауіпсіздік жүйелері бір орталықтандырылған кешенге біріктірілетінін, бұған дейін желіні бір компания, бейнебақылау құрылғыларын басқа компания орнатқан болса, енді барлық жүйе өзара үйлесімді жұмыс істейтінін айтты.
Мектептерде 10 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылады
«ҚР Заңнамасына сәйкес, 100 адамнан астам шоғырланатын нысандар террористік тұрғыдан осал объектілер ретінде тіркеліп, олардың бейнебақылау жүйесі Жедел басқару орталығына тікелей қосылуға тиіс. Қазіргі таңда кейбір мектептерде бұл талап толық орындалмаған. Мәселен, камералар мектептің бір ғимаратында болса, екінші бөлігінде мүлдем жоқ. Мысалы, мектепте оқушының жарақаттану жағдайына байланысты бейнежазбалар болмағандықтан, кей жағдайда себебі анықталмайды. Бұл мәселелерді шешу мақсатында баспалдақ алаңдары сияқты мектептің таса «көлеңке» бөліктеріне де бейнебақылау камералары орнатылады.
Жобаны іске асырушы компания жыл соңына дейін шамамен 4,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салуға тиіс. Жалпы 5,5 млрд теңге үш жылға бөлініп, сервистік қызмет негізінде ай сайын төленеді. Бұл соманы Шымкент қаласы мәслихаты бекітіп, биылғы жылғы қаржысы қарастырылған. Сонымен қатар, келісімшарт бойынша компания төртінші жылда тегін қызмет көрсетеді, одан бөлек бес жылға кепілдік береді»,- деді ресми өкіл.
Жоба аясында 10 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылады. Ал, қазіргі таңда мектептерде тұрған бейнекамералардың 2600-і – ескі, техникалық талаптарға сәйкес келмейтін аналогтық жүйелер. Аталған камералар толықтай жаңартылып, Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына шығуға бейімделеді.
Сәрсен Құранбектің айтуынша, камера орнату кезінде жеке тұлғалардың құқығы да ескерілуде. Мәселен, дәретханаларға камера орнатылмайды, өйткені бұл адамның жеке кеңістігіне қол сұғу болып саналады. Ал оқу кабинеттері – қоғамдық кеңістік, онда оқу процесі өтетіндіктен бақылау камераларымен жабдықталуы жеке басқа қол сұғуға жатпайды.
Мұғалімдердің қалай сабақ өтіп жатқаны онлайн бақыланады
«Барлық орнатылатын бейнебақылау камералары Hikvision зауытының өнімдері болып табылады. Жобаның сапасын арттыру үшін жабдықтаушы компаниядан тиісті сертификат талап етіледі. Елімізде осындай жоғары әлеуетке ие 6-7 компания анықталып, олардың ішінен біреуі мемлекеттік конкурс негізінде жеңімпаз атанды. Бұған дейін бір камераның құны 100 мың теңге бола тұра, оны 300 мың теңгеге жеткізгісі келген жағдайлар тіркелген. Мұндай негізсіз шығындардың алдын алу үшін мемлекеттік сатып алулар қатаң бақылауға алынды»,- деді әкім орынбасары.
Жоба шеңберінде Жедел басқару орталығы, Әдістемелік орталық, дабыл жүйесі мен цифрлық инфрақұрылым толық интеграцияланып, біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейтін болады. Бұл бағытта осы жүйені енгізген Алматы қаласы мен Атырау облысы сияқты Шымкент қаласы да алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі болмақ.
«Жүйе толық іске қосылған жағдайда, мұғалімдердің оқу үдерісіндегі қызметін, оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры және Білім басқармасына қарасты Әдістемелік орталықтың мамандары мен Білім басқармасының басшылығы онлайн режимде толықтай қадағалау, зерделеу жұмысын жүргізуге мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде оқу сапасын арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ, болашақта «Kundelik.kz» электрондық платформасы арқылы ата-аналарға да қолжетімділік берілуі мүмкін. Ата-аналар баласының сабаққа қатысуын, оқу үлгерімін және жалпы оқу процесінің өту барысын онлайн бақылап отыра алады. Бұл – ата-аналар мен мектеп арасындағы байланысты нығайтып, оқушылардың оқуына деген жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Сәрсен Құранбек.
Қала әкімінің орынбасары бұл жүйе білім беру сапасын арттыруды көздейтін бақылауға негізделген үдеріс екенін жеткізді. Ақпараттық ашықтық пен басқарудың цифрлық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы оқу орындарындағы тәртіп, тиімділік және нәтижелілік көрсеткіштерін жақсартуға жол ашылады. Бұл жүйенің іске асу процесі тиісті органдардың бақылауында екенін айтты.