10 тамыз – ұлт руханиятының темірқазығы Абай Құнанбайұлының туған күні. Осынау атаулы күнге орай қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ұлы Турағұл Абайұлының өмір жолы мен шығармашылығы жөнінде және де Шымқаламызда жерленген Абайдың басқа да ұрпақтары жөнінде тың деректер мен тарихи мәліметтерге негізделген зерттеу мақаланы ұсынбақпыз.

СУРЕТТЕ:
Абай, солдан оңға қарай (отырғандар) – қызы Пакизат, ұлдары Турағұл мен Әбубәкір, түрегеп тұрғандар – Мағауия, Еркежан және Мағауияның әйелі Камалия.
Турағұл Абайұлы — әкесінің рухани мұрасын жалғастырушы, ағартушылық бағыттағы тұлға ретінде танылған. Мақалада оның қоғамдағы рөлі, әдеби мұрасы, саяси көзқарастары және сол кезеңдегі тарихи оқиғалармен байланысы жан-жақты қарастырылады. Сонымен қатар Турағұлдың Шымкент қаласында жерленуі туралы деректер келтіріліп, бұрын-соңды көп айтыла қоймаған мәліметтерге назар аударылады. ХХІ ғасыр – ғылыми көзқарастардың түлеп, көптеген тарихи деректердің трансформацияға ұшыраған кезеңі. Иә, бұл шындық. Ұрпақ ауысып, дәуірлер жаңарған сайын терең қойнауда жасырулы жатқан дүниелердің су бетіне қалқып шығып, сырлары ашылып, елдің ақиқатпен қауышатын мезеті туатыны заңды құбылыс.
1995 жылы Абай Құнанбайұлының ЮНЕСКО шеңберінде 150 жылдық, арада ширек ғасыр өткеннен кейін дана хәкімнің 175 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде атап өтілді. Ақынның тойы өтті, кетті. Бірақ оның жұмбақ, беймәлім дүниесін тани түсу тоқтап қалмақ емес. Қазақ әдеби сынының феномені Асқар Сүлейменовтің мақамына салсақ: келер қазақтың да iшетiн уы мен балы – Абай. Фарабитанушы Ақжан Машанов ақсақал: «Абай – әдебиеттің шеңберіне сыймайды» деген екен. Қалай тауып айтқан ә? Абай шығармасы өз алдына ұлы мұхит болса, тағдыры ше?! Ғұмырында күйіктен көз ашпай, тағдыры кермек татып, елдік мәселесі сынға түскен сәтте, белі қайыспай, еңсесі езілмей, бәрін тік көтере жүрді. Сағат санап бақиға таяған күрескердің запыраны ендігі у-ға айналып, қалған тіршіліктің тынысы қос перзенттің қайғысымен бірге аяқталды. Жарадан сау жері қалмаған нұрлы жүрек 1904 жылдың көктемінде өзінің соғысын мәңгілікке тоқтатты. Ұлтының болашағына алаңдаған ұлылардың ой ауруына ұшырап, соңында оның тұңиығына түсіп кететіні жасырын емес. Әуелі Әбдірахманның, онан Мағауияның, бірінен соң бірі келместің сапарына кете баруы – Абай үшін ең ауыр соққы болды. Бұл қасіреттен кейін ғұмыр сүру ендігі мүмкін емес те еді. Қазақтың танымындағы: аталатсаң аталат, боталата көрме, – деген сөздің бекер еместігіне осы арада көз жеткізгендей боласыз. Қош, қу дүние кімге жолдас болған? Өзі Әбдірахманға арнаған жоқтауында:
Халық билеген патшалар,
Уақыты жетсе, құлайды.
Дәл уақыты жеткенде,
Талайдың гүлі қурайды.
Рәсүлді алған бұл өлім
Кімнен жөнді сұрайды?
Иә, өлім – ешкімнен жөн сұрамайды, бұл – Жаратқанның бұлжымас пәрмені, ешкіммен санаспайды.
Абай дана бұл жарық дүниемен қош айтысқан соң да оның үрім-бұтағының хал-ахуалы қилы заманға тап келді. Неше түрлі кедергі мен бұралаңға түсіп, маңдайлары тасқа тиіп, тағдырлары бәсекеге тігіліп, бас бірікпей, бордай тозып, тарыдай шашыраған ұлы әулеттің шаңырақтары ақырында біржола шайқалып кете барды. Сол ұрпақтардың бірі һәм бірегейі Әйгерімнен туған тұңғышы – Турағұл еді. Әңгіме сол Турағұл хақында болмақ.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, алаштанушы Мұратбек Кенемолдин «Турағұл» есіміне қатысты: «ұлы Абайдың өзі бұл ұлын «Турағұл» деп атаған екен де, ел аузында «Тұрағұл» болып кеткен», – деген пікір айтса, Бағашар Тұрсынбайұлы: «Тураш – Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған тұңғыш баласы. Мұхтар Әуезов те, Қайым Мұхамедханұлы да Тураштың есімін «ұ» әрпімен Тұрағұл демей, «у» әрпімен Турағұл деп жазады. Кейінгі кезде ел ішінде, жазу-сызудың айналасында жүрген жандардың көбі «Тұрағұл» деп жазатын болды. Біз де бір рет осылай деп жазғанымызда, Семейдегі абайтанушы, Қайымның шәкірті Арап Еспембетовтен ескерту алдық. Турағұл – тура жолдағы Алланың құлы деген мағына беретін ер есімі болса керек» , – деген пікірлер айтады. Саналы ғұмырын абайтануға арнаған Қайымдай қайталанбас тұлғаның авторға берген пікірін ескере келе біз де «Тұрағұл» емес, «Турағұл» деп жазуды жөн көрдік. Өйткені, Қ. Мұхамедханұлы Турағұл туралы зерттеулерінің бәрінде дерлік «Тұрағұлдан» гөрі «Турағұл» деп жазатынын өзімізде аңғардық.
Қазақтың ардақты тұлғаларының бірі Турағұл Ибраһимұлы
1875 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында дүниеге келген. Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған тұңғышы. Зерттеуші, ақын, этнограф, қоғам қайраткері, аудармашы. Абайдың жанында жүрген ақын шәкірттерінің бірі Қатпа Қорамжанұлы ұлы ақынның баласы Тураш туралы мынадай естелігін келтіреді: «Тұрашты үш бөліп туған бала дейтін. Кеудесі өзім, сақалы сарт, беті шешесі дейді». Осыған қарап-ақ, жас Тураштың әкесі Абай мен шешесі Әйгерімге ұқсағанын байқауға болады.
Турағұлдың дүниеге келген уақыты жайлы абайтанушы Қайым Мұхамедханұлының зерттеулеріне назар аударсақ: «Біз Турағұлдың нақтылы туған жылы туралы мағлұмат, аталған естелік әңгімесінің қолжазба нұсқасында айтылған, Тураштың өз сөзінен келтіреміз: «Мен әкемнің отыз екі жасында, жастықтың алғашқы ағыны басылып, жігіт ағасы болып қалған кезінде тудым» – дейді. Олай болса 1877 жылы туған болады. Ал, естелігінің екінші бір жерінде, әкесі туралы тағы бір есте қалған әңгімесін бастар алдында: «1899 жылы менің он төрт жасымда…» деп жазады. Бұлай болғанда, 1875 жылы туған болып шығады. Қолжазбада мүлт кеткен: «Мен әкемнің 32 жасында… тудым» деген сөз болуы керек-ті, дұрысы: «1889 жылы менің 14 жасымда…» дегені болады. Олай дейтініміз Турағұл дүниеден көшкенде (1934) қасында болып, өз қолынан ақырғы сапарына аттандырған, қазір көзі тірі, қызы Мәкен (1911 жылы туған): «Әкем 59 жасында қайтыс болды» – дейді. Сөйтіп, Турағұлдың дүниеге келген нақтылы уақыты 1875 жыл болады» , – деген тұжырым жасайды. Әрхам Ысқақов өзінің естелігінде Абай баласы жас Тураш жайлы: «Тұрағұл жас күнінде ескіше молладан оқып, арабша хат таныған. Мағауияның қасында болып, одан тәрбие алып, орысша тіл үйреніп, орыс кітаптарын оқып, ұғарлық білім алған. Мағауия Тұрағұлдың домбыраға, ән-күйге әуестігін байқап Семейдегі «Яков» деген скрипкашыға ақы төлеп бір қыстай музыка үйреттіреді. Орыстың бірнеше күйлерін скрипкада тартатын болды. Мысалы, «Однополка», «Шестикадрел», «Дунайский волна», тағы осы сықылды күйлерді үйреніп, қырдағы ауылдарына келіп ойнаушы еді. Домбыраға да аса шебер ойнайтын болды. Қазақ күйлерін де жақсы білетін Тұрағұл жастық турасынан бірнеше өлең шығарып жазып жүрді. Бірақ онысын ұқыпты жинамады», – дейді.
Қолдағы деректерге сүйенсек, Тураштың Мұхтар Әуезовпен қарым-қатынасы өте жақсы болған. Бұл тұрғыда Турағұл Мұхтарға рухани демеуші де бола білген. Оған қоса Абай туралы мағлұматтардың басым көпшілігін Мұхаң Турағұлдың баяндауымен өз еңбектерінде кең пайдаланған. Мұны М. Әуезовтің өзі ашық айтады: «Абайдың бүгінгі күндегі көзі тірі қалған іні, балаларының ішінде, ақын туралы осы кісіден артық мағлұмат берерлік еш қайсысы да жоқ. Тураш 1889 жылдан бастап үнемі әкесінің қолында тәрбиеленгендіктен ақынның әрбір өлеңі қай кезде, кімге арналып жазылғаны, не себептен туғаны туралы, онан соң өзі ес білгеннен бері қарай, әкесінің басынан қандай, халдер өтіп қандай мінез, қандай әдет дағдылары болғандығы туралы, өзге жұрттың бәрінен артық, бәрінен толық мағлұмат берді. Әкесі турасындағы естегісін Тураш бөлек сөз қылып жазып беріп еді. Ондағы үлкен мағлұматтарының барлығын Абайдың өмірбаянын айтқанда, керекті жеріне кірістіріп түгел пайдаландық». Мұхаңның Тураш туралы бұл пікірін 1933 жылғы Абайдың тұңғыш толық жинағында бергенін ескерсек, мұны Әуезовтің ерлігі деп қабылдауға болады. Өйткені, ол дәуірде басына қара бұлт үйіріліп тұрған Абай ұрпақтарының, соның ішінде Турағұлдың есімін атап, еңбегін насихаттау нағыз ерен ерліктің үлгісі еді.
Әуезовтанушы Тұрсын Жұртбай «Бесігіңді түзе» ғұмырнама-толғауында Тураштың қыздары Ақылия мен Мәкеннің естілігін былайша жеткізеді: «Тұрағұл ағамыз өнерге құштар, сауыққой, іскер, сөзді мәнерлеп, мақалдап, шешен сөйлейтін. Көп оқитын. Жастарды әкемнің (Абайдың) дәстүрінде тәрбиелеп, соны дамытуға зер салатын. Өзі де бірнеше, анығын айтсам, төрт шығарманы орыс тілінен қазақшаға тәржімалады. Біразы дер кезінде баспасөз бетінде жарық та көрді. Соның ықпалының арқасында біздің үйге оқыған жастар үйір өсті. Бәрі де Тұраш ағаны сағалайтын».

СУРЕТТЕ:
солдан оңға қарай – Абайдың Ділдәдан туған тұңғыш баласы Ақылбай, Абай,
Әйгерімнен туған ұлы Турағұл. Сурет 1896 жылы Семей қаласында түсірілген.
Мәкен Тұрағұлқызы: « – Абай ауылының кейінгі кездегі ұйытқысы – Тұраш аға. Ол кісінің өзім білетін қасиеттері ең алдымен – шешендігі. Ол кісі талай рет билік те айтып, екі елдің арасын бітістірді. Өнерді аса қадірлейтін. Қара сөзге – жорға еді. Қиыннан қиыстырып, ұзыннан үйлесімін тауып, үзілген көңілді сөзбен жалғап жіберетін. Ұстамды. Тереңнен ойлап, байсалды пікір қозғайтын. Барлық Абай ауылының дәстүрін ілгері жалғастырушы, дамытушы сол Тұраш аға. Кейінгілерге де бас-көз болды. Ол кісі орыс жазушыларының әңгімесін көп аударды. Біразы баспасөз бетінде жарық көрді», – дейді. Иә, нақ осы жолдардан-ақ Турағұл Ибраһимұлының тарихи тұлғасы мен әдебиет пен руханиятқа деген саф адалдығын анық аңғарамыз.
Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханов «Кәкітай» атты мақаласында: «1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым», – дейді. Осының нәтижесінде Тураш 1909 жылы Ысқақтың баласы Кәкітаймен бірге әкесі Абайдың өлеңдерін тұңғыш рет Петербургтегі Ильяс Бораганскийдің баспаханасынан кітап етіп шығарады. Дәл осы мақаласында Әлекең Турағұлдың азаматтық болмысы туралы: «Сөйтіп кейін бірінші Г. Дума депутаттары саясат әдісіне сайланған жерде абақтыға отыралық десті. Мен осы шартпен жазғытұры 1908-нші жылы Семей келдім. Мен Семейде абақты борышымды күтіп жүргенде Шәкәрім, Кәкітай, Тұрағұл әдейі қалаға келіп, тағы да біраз күн көңіл көтеріп, шат болған едік. Мен абақтыда жатқанымда осылар тағы келіп амандасқан. «Бұдан өзге қазақ жарамады-ау» деймін», – деп жазады. Алаш зиялыларымен араласып жүрудің нәтижесінде Турағұл қоғамдық-саяси сахнаға араласып, елдік мәселеге үн қата бастайды. Бұл жайлы профессор Мекемтас Мырзахметұлы: «1918 жылы Тұрағұл Семей қаласындағы земуправта гласный қызметін атқарады. Сөйткен Тұрағұл 1928 жылы конфіскеге ілінді. Ереже бойынша ірі қара малы 300-ден асса ғана конфіскеге ілінуі керек еді. Бірақ асыра сілтеу заманында Тұрағұл үй-ішінің малы 52 қара малға шағып көрсетілсе де, шынжыр балақ шұбар төстің тұқымы деп зорлықпен оны Сырдария округіне жер аударды», – деген дерек келтіреді. Ал осы қудалау мен кәмпескеге қатысты М. Кенемолдин: «Мысалы, Тұрағұл Абайұлын қудалауға байланысты Семейдегі Шығыс Қазақстан облысының қазіргі заман құжатнама орталығында «Дело Ибрагимова Турагула о выселении и конфискации скота» деген құжат сақталған. Сондай-ақ мұндай құжаттарды Алматыдағы Республикалық Мемлекеттік Орталық мұрағаттағы Т. Құнанбаевқа қатысты қозғалған қылмыстық іс қағаздарынан да кездестіреміз. Бұл құжаттардың бірінде, яғни бай-кулактардың мал-мүлкін тәркілеу жөніндегі Семей округтік комиссиясының 1928 жылдың 19 қарашасындағы қаулысында облыс көлеміндегі бір топ ауқатты адамдармен бірге Тұрағұл Абайұлының да істі болып, бүкіл отбасымен жер аударылғаны айтылады. Аталмыш қаулыда оның отбасы құрамы туралы төмендегідей деректер берілген:
Зайыбы Миса – 58 жаста.
Екінші зайыбы Сақыпжамал – 53 жаста.
Ұлы Жебрәйіл (Том политехникалық институтында оқуда) – 25 жаста.
Ұлы Зүбайыр – 23 жаста.
Келіні Қанағат – 23 жаста.
Келіні Рахия – 18 жаста.
Ұлы Алыпарыстан (дұрысын айтсақ немересі – Е.С.) – 5 жаста.
Немересі Кенесары – 3 жаста».
1928 жылдың күзіндегі Т. Абайұлын айыптау кезінде одан 36 бас ірі қара малымен, 7 бөлмелі үйі, алты қанат киіз үй мен кілемі тәркіленіп алынады, ал өзі отбасымен бірге Шу өңіріне жер аударылады», – дейді. Кей мәліметтерде Турағұл бірден Оңтүстікке емес, Қырғыз өлкесіне жер аударған деседі. Бұл мәселе жайлы Абай қорық-музейінің ардагері Майкен Жүнісова «Абайдың Мұрагері» атты мақаласында: «1927 жылы Турағұлды қайтадан тұтқынға алып, 1928 жылдың көктеміне дейін түрмеде жатады. Түрмеден шыққан соң меншік малы кәмпескеге жетпесе де, саяси сенімсіз адам, бай, феодалдың баласы есебінде қырғыз жаққа жаяу жер аударылады. Қырғыздың Тоқмақ деген жеріне барған Турағұл түнгі күзетші болады. Бай баласы екенін біліп қойып, бұл жұмыстан да қуылады. Ақыры ол Шымкентке қоныс аударады», – деген факт келтіреді.
Бұл мәселе турасында Қайым Мұхамедханұлы Турағұл туралы зерттеуінде: «1927 жылы жазғытұрым Турағұлды тағы тұтқынға алып, 1928 жылдың көктеміне шейін түрмеде жатады. Түрмеден шыққан соң конфескеленіп, Шымкентке жер аударылады. Оның бұдан былайғы өмірі ауыр азап, қайғы-қасіретпен өтеді. Оны ешбір жер жұмысқа алмайды, жазған еңбектері басылмайды. Абай мен Әйгерімнен туған тұңғышы Турағұл болса, одан кейінгі баласы Мекайыл (Мекеш), кенже баласы – Ізкайыл еді. Турағұл айдалып кеткенде, елде екі інісі қалады. Ізкайыл кетіп, Семейде тұрған Мекайылды түрмеге жауып, 1931 жылы Тобықтының 70 адамымен бірге атып өлтіреді. Сол айтылғандардың ішінде: Оразбайдың баласы Медеу (Турағұлдың құдасы), Медеудің баласы Санияз (Турағұлдың Ақыш (Ақылия) деген қызының күйеуі), Мәукіл (Медеудің үлкен баласы) болатын. Сол 1931 жылы Шаһкәрім де атылды. Айдауда жүрген Турағұлдың басына төнген қайғының қара бұлты қоюлана түсті, қабырғасын қайыстырып, өзегін өртеді. Бұдан бір жыл бұрынғы көрген қайғысы бәрінен ауыр еді. Турағұлдың Сақыпжамал деген әйелінен туған Жебрәһил (Жебеш) атты ең жақсы көретін баласы, Семейде орысша орта мектепті бітіріп, Томскі институтында оқып жүрген шағында, Тобықтының шолақ белсенділерінің бірі 1928 жылы «Турашы» кеткен соң, Жебеші де қалмасын» атпен газетке мақала жазып, институттан қуғызады. Сонан соң Жебеш әкесінің артынан Шымкентке келіп, одан Ташкентке барып, оқып жүргенде, 1930 жылы ауыр науқасқа ұшырап, ауруханаға түседі. Жебештің нашарлығын естіп, Турағыл Ташкентке барып, Мұхтардың (Әуезовтің) үйіне тоқтайды. Ол кезде Даниал Кәкітайұлы Ысқақов та Ташкентте тұратын. Жебештің жазылмасына көздері жеткен соң, Мұхтар мен Даниал Жебешті ауруханадан алып шығып, бір оңаша үйге орналастырады. Дәл сол күні Мұхтар мен Даниал тұтқынға алынып, түрмеге жабылады. Бірнеше күннен кейін Жебеш қайтыс болады. Сөйтіп, Жебешінен өлі айырылып, Мұхтардан тірі айырылған Турағұл қалың қайғыға батып, қан жылап құлазып қалады». Мінеки, осыдан кейін Турағұл жалғыздықтың күйін кешіп, қысқа дүниенің опа бермейтініне анық көзі жетеді.
Тураш дүниеден өтерінен бір жыл бұрын, яғни 1933 жылы М. Әуезовтің үйінде кездеседі, тіпті, Мұхаңның «Еңлік-Кебекті» дүниеге әкелуіне және сол пьесаның Ойқұдықта қойылуына да негізгі дәнекер дәл осы Турағұл болды. Бұл туралы Т. Жұртбай: «Ал Мұхтардың шығармашылық қайнар көзінің бастауында Тұрағұл Абайұлы тұрды. Бұл адамның ақыл-кеңесі, рухани қолдауы және ел арасындағы беделі жас жігітке шешуші ықпал жасады. Жаңа жол тапты. Абай ауылының қолдауынсыз өнер сайысына, оның ішінде қала зиялыларының қатарына қосылу – қиын еді. Мұхтардың әр қадамын қатты қадағалап, қамқорлық көрсетті. «Еңлік-Кебек» пьесасы Тұрағұл болмаса жазылмас та, сахнаға қойылмас та еді. Билердің айтысын, әр кейіпкердің мінезі мен өмірін Мұхтарға өз үйінде отырып қағазға түсірткен де Тұрағұл. Ең алғашқы мақаласын газетке бастырған да сол адам». Ал, Мәкен апа болса: «Мен 17 жасымда тұрмысқа шықтым. Жолдасым Еркежанның бірге туған бауырының баласы, заң қызметкері Ұлықбек Мұхамеджанов. Біз жұмыс бабымен Шымкент қаласына ауысқанда Тұраш аға да сонда тұрды. Сол кезде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» хикаясының нұсқасын қиссашы шалдардан көшіріп алып: «Бұл өте қажет. Жырдың осындай өзгеше нұсқасын бұрын кездестіргенім жоқ», – деп аса ынта қойып тыңдады. Содан кейін Абай әкемнің творчестволық жолын, өлеңдерінің шығу тарихын жазған журналы күні кеше ғана қолды болды. Онда мол мағлұматтар кездеседі. Ол кісі 1933 жылдың аяғында Мұхтардың үйінде екі айдай қонақ болып, сол жолы республикамыздың Орталық Атқару Комитетінің секретары Ораз Исаевқа жолығып, творчестволық жұмысы жайлы әңгімелеседі. Алматыдан көңілді оралады. Алайда, аяқ астынан сырқаттанып, 1934 жылы 6 наурызда дүниеден қайтты. Жалпы Мұхтар да осы Тұраш ағамды аузынан тастамайтын. Абай өмірінің қыр-сырын, Шыңғыс тау тарихын, көне оқиғаларды Мұхаңа жеткізген Тұраш. Бір жолы өз үйінде қонақта отырғанда Мұхаң маған:
– Мәкен, сен осы «Еңлік-Кебектің» толғауларындағы қазақ сөздерін, жөн-жобалы нұсқасын, билердің айтысының негізін кімнен алып, үйренгенімді білемісің, – деді.
– Жоқ, Мұха.
– Пәлі, осы сендердің сондай өнегелі жайды көрмейтіндерің, сезбейтіндерің бар-ау. Құдай-ау өзіңнің әкең Тұраш ағадан естіп, жазып алдым ғой. Мақтанғаным емес, басқа жазғандарымнан гөрі, «Еңлік-Кебектің» тілі – тұнып тұрған халықтың тілі. Ерекше тіл. Оны Тұраш ағама айтқызып, көшіріп қағазға түсірдім, – деді.
Иә, ол кісі билердің психологиясын, кесімін, мінез құлқын жақсы білетін. Өзі де революцияға дейін талай ер құнын шешетін дауға аға би болып, төрелік айтқан», – дейді. Міне, осы пікірлерден соң Турағұлдың шығармашылық деңгейі мен тұлғалық көрегендігін жазбай тануымызға болады.
Әзімхан ИСАБЕК,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан
зерттеу университетінің ресми өкілі, PhD докторант
(Жалғасы келесі нөмірде)
