Жаз мезгілінде тамақ өнімдерінен улану деректері жиілей түседі. Әсіресе, ауа температурасының жоғарылауы ет, сүт, балық, жұмыртқа сияқты тез бұзылатын өнімдердің сақтау мерзімін қысқартып, тұтынушыға жеткенге дейін сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Осы орайда, улану фактілерінің алдын алу – тек тұрғындардың сақтығына емес, сонымен бірге қоғамдық тамақтану орындары мен сауда нысандарында санитариялық талаптардың қатаң сақталуына байланысты. Осы мәселе өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында кеңінен сөз болды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Тамақтану объектілерін бақылаудың бөлім басшысы Әсем Дәулетованың айтуынша, бүгінгі таңда эпидемиологиялық маңызы бар нысандардың қызметі қатаң бақылауда. Олардың қатарына қоғамдық тамақтану орындары, азық-түлік дүкендері, базарлар, өндірістік цехтар, балабақшалар мен мектеп асханалары кіреді. Бұл нысандарда санитариялық талаптардың сақталуы – халықтың денсаулығы үшін үлкен маңызға ие.

Әсіресе, қоғамдық тамақтану орындарында өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндет болып қала береді. Мекемеде жұмыс істейтін персоналдың жеке гигиена ережелерін сақтауы, арнайы киіммен қамтамасыз етілуі, тағам өнімдерінің белгіленген температурада сақталуы мен дұрыс термиялық өңдеуден өтуі – бұлардың барлығы уланудың алдын алудағы негізгі талаптар. Сонымен қатар, өнімдердің жарамдылық мерзімі мен таңбалануына қатысты да талаптар қатаң сақталуы тиіс. Дайын тағамдар мен шикізат өнімдерінің бөлек сақталуы, тоңазытқыштағы температураның қалыпты болуы, ыдыс-аяқтардың жуылу сапасы, судың санитариялық талаптарға сай болуы – бұлар да инфекциялық тәуекелді төмендететін маңызды факторлар.
Департамент өкілдерінің айтуынша, тамақ өнімдерімен улану көп жағдайда салғырттықтың салдарынан болады. Мәселен, 2025 жылдың жаз айларында қала аумағында тағамнан уланудың 2 жағдайы тіркелген. Алғашқы оқиғада қоғамдық тамақтану орнынан 8 адам уланып, медициналық көмекке жүгінген. Ал екінші жағдайда 17 адам жұмсақ балмұздақ тұтынғаннан кейін денсаулығына шағымданып, ауруханаға жеткізілді. Мамандардың айтуынша, екі жағдайда да санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталған. Әсіресе, салқындатылған және тоңазытылған өнімдерді дұрыс сақтамау, дайын тағам мен шикізаттарды бөлек сақтамау секілді өрескел кемшіліктер уланудың негізгі себебіне айналған.
– Кейде кәсіпкерлер жеңіл жолмен табыс табуға тырысып, сақтау, тасымалдау және сату ережелерін елемей жатады. Ал бұл әрекеттердің соңы тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіріп, жаппай улану оқиғаларына себеп болуы мүмкін. Сол себепті санитариялық-эпидемиологиялық талаптар тексеріс кезінде ғана емес, күнделікті жұмыс барысында да мүлтіксіз орындалуы тиіс. Бүгінде санитариялық қызмет тарапынан жүргізіліп жатқан профилактикалық бақылау мен қадағалау жұмыстары осы бағытты қамтып отыр. Жыл басынан бері жүргізілген мониторинг барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар қабылданған. Атап айтқанда, өнімдердің сақтау шарттары сақталмаған, ыстық және суық тағамдарды бөлек ұстау тәртібі еленбеген, жұмысшылардың медициналық тексеруден өтпегені тіркелген. Мұндай заңбұзушылықтардың жолын кесу мақсатында мамандар түсіндіру жұмыстарын да қатар жүргізіп келеді. Олар кәсіп иелеріне тексерістен қорықпай, керісінше, санитариялық ережелерді күнделікті жұмыс тәртібіне айналдыру қажеттігін баса айтып отыр,-дейді Әсем Дәулетова.
Тағамнан улану – кейде жеңіл өтетін, кейде адамның өміріне қауіп төндіретін күрделі жағдай. Бұл – тек денсаулыққа емес, ел экономикасына да тікелей әсер ететін мәселе. Себебі уланған адам уақытша еңбекке жарамсыз болып, медициналық көмекке мұқтаж болады, ал жаппай улану оқиғалары тұтастай мекеменің қызметін тоқтатуға алып келуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, тағам өнімдерінің сапасына тұтынушының өзі де назар аударуы тиіс. Азық-түлік сатып аларда жарамдылық мерзімін, сақтау жағдайын, буып-түюдің тұтастығын тексеріп, күмән туғызатын өнімдерден бас тарту қажет. Әсіресе, ашық аспан астында сатылатын дайын тағамдар мен салқындатылмаған сусындар жазғы уақытта ең қауіпті өнімдер саналады. Сондықтан санитарлық талаптардың сақталуы – тек кәсіпкердің емес, тұтынушының да ортақ жауапкершілігі.
Қоғамдық денсаулық сақтау – кешенді міндет. Онда кәсіпкердің адалдығы, тұтынушының талғамы, бақылаушы органдардың кәсіби жауапкершілігі тоғысады. Әр тарап өз рөлін дұрыс атқарса, тағамнан уланудың алдын алуға әбден болады. Бұл – тек маусымдық мәселе емес, күн тәртібінен түспейтін тұрақты міндет.

Шомылу маусымында санитариялық талаптардың орындалуы маңызды
Шомылу орындарындағы санитариялық талаптар қандай болуы тиіс? Жазғы маусымда халықты жұқпалы аурулардан қалай қорғаймыз? Шымкентте осы бағытта қандай жұмыс жүргізілуде? Бұл сауалдарға жауапты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі берген баспасөз конференциясынан білдік.
Жаз шыға шомылу маусымы қыза түседі. Аптап ыстықтан қорғанған халық өзен-көлдерді, жасанды су қоймаларын, бассейндерді жағалай бастайды. Мұндай сәттер, әрине, сергу мен тынығудың ең жақсы мүмкіндігі. Алайда, шомылуға арналған су көздерінің санитариялық ахуалы талапқа сай болмаса, демалыстың соңы денсаулыққа қауіп төндіруі де мүмкін. Осы себепті шомылу орындарының санитариялық жағдайын бақылау – тек маусымдық міндет емес, бұл – халықтың эпидемиологиялық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды бағыт.
Шымкент қаласында жазғы маусымда ашық су айдындары мен бассейндерде санитариялық бақылау күшейтілді. Бұл туралы Коммуналдық объектілерді бақылау бөлімінің басшысы Майра Қарақұлова өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді. Оның айтуынша, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі шомылуға және демалуға арналған орындарда су сапасына жүйелі түрде зертханалық бақылау жүргізіп келеді. Яғни, жүзу бассейндері мен ашық су қоймаларынан су сынамалары алынып, микробиологиялық және паразитологиялық зерттеулер жасалады. Бұл – инфекциялық аурулардың алдын алу үшін қажет сақтық шарасы.
Қала аумағынан өтетін «Қошқар-Ата», «Сайрам-су», «Бадам» және «Қара-су» сияқты негізгі су айдындарының жағалауында да кешенді тазалау жұмыстары жүргізілген. Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен, тазалыққа жауапты мекемелер жұмылдырылып, су қорғау белдеулері тұрмыстық қалдықтардан, балдырлар мен күл-қоқыстардан аршылған. Су қоймаларының маңындағы тазалық – тек эстетикалық мәселе емес, ол судың сапасына, ал сапасы – адамдардың денсаулығына тікелей әсер етеді.
Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің қолданыстағы заңнамалық негіздерімен бекітілген. Атап айтқанда, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, спорттық-сауықтыру объектілері, бассейндер, жағажайлар және шомылуға арналған өзге де нысандар эпидемиологиялық тұрғыдан ерекше маңызға ие саналады. Сондықтан олар санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға жатады. Шымкент қаласында бұл нысандарда тексеру және түсіндіру жұмыстары қатар жүргізіліп келеді. Санитариялық талаптарды түсіндіруге бағытталған 4 семинар, 1 дөңгелек үстел ұйымдастырылған. Сонымен қатар, басқарманың әлеуметтік парақшаларында 5 тікелей эфир, 1 телеарнаға сұхбат, 5 радио дәріс, 4 газетке мақала жарияланып, жүзу бассейндері мен аквапарктерге қойылатын талаптар туралы 10-нан астам ақпараттық материал әлеуметтік желілерде таратылған.
Жалпы, бассейндердің санитариялық жай-күйі «Коммуналдық мақсаттағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен реттеледі. ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 26 шілдедегі №ҚР ДСМ-67 бұйрығына сәйкес, мұндай нысандарда арнайы шешінетін бөлмелер, душ кабиналары, санитариялық тораптар, медициналық персоналға арналған кабинеттер, спорт жабдықтарын, тазалау құралдарын сақтауға арналған қоймалар болуы міндетті. Сонымен қатар, бассейннің ішкі жабындары химиялық заттарға төзімді, су өткізбейтін, тазалауға қолайлы материалдардан жасалуы тиіс. Судың сапасын сақтау үшін рециркуляциялық жүйелер немесе су алмастыру жүйелері қолданылады. Егер зертханалық тексеріс нәтижесінде судың құрамында нормадан ауытқушылық байқалса, бассейн дереу жабылып, толық дезинфекция жүргізіледі. Бұл жұмыстар бассейннің қабырғалары мен түбін шайып-тазалаудан бастап, қосымша микробиологиялық, паразитологиялық зерттеулер жүргізуге дейінгі кезеңдерді қамтиды. Мұндай қадамдар – тұрғындарды түрлі ішек инфекцияларынан, тері ауруларынан, паразиттік дерттерден сақтау үшін қажет.
Сондықтан мамандар шомылуға арналған орындарды таңдағанда тек рұқсат етілген, бақылауда тұрған нысандарға баруға кеңес береді. Себебі, ондай жерлерде су сапасы үнемі зерттеліп, тазалық пен қауіпсіздік талаптары сақталады. Қарапайым ережелердің бірі – шомылар алдында және кейін душ қабылдау. Бұл өзіңізді ғана емес, өзге адамдарды да ауру жұқтыру қаупінен қорғайды.
– Шомылу маусымында тек бассейндер ғана емес, ашық су көздерінің маңындағы демалыс орындары да санитариялық талаптарға сай болуы тиіс. Мұндай орындар қаланың бас жоспарына сәйкес бөлінген аумақтарда орналасуы керек. Жағажайлар мен демалыс базалары тұрмыстық қалдық төгілетін орындардан, мал қораларынан, сарқынды су ағызу аймақтарынан кемінде 500 метр қашықтықта орналастырылуы қажет. Олар санитариялық қорғау аймағының бірінші белдеулерінде орналаспауы тиіс. Жағажай аумағында шезлонгтар, шатырлар, орындықтар орнатылып, арнайы киім ауыстыру кабинасы 50 адамға шақталып жасақталуы керек. Күнделікті жағалауды, көлеңке аймақтарын, дәретханаларды тазалау және дезинфекциялау жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Құмды жағажайларда апта сайын құмды қопсыту, жиналған қалдықтарды жою жұмыстары атқарылады. Бұл жұмыстар – тек тәртіп емес, халықтың денсаулығына деген қамқорлық,-дейді Майра Қарақұлова.
Су – сергітеді, емдейді, қуаттандырады. Алайда, оның да өз тәртібі бар. Сондықтан да әрбір азамат өз денсаулығы үшін жауапкершілікпен қарап, арнайы бақылауда тұрған су айдындарында ғана шомылуы қажет. Санитариялық талаптарға сай емес орындарда шомылу арқылы бір мезеттік рахаттың соңы денсаулыққа зиянмен аяқталуы әбден мүмкін. Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі жаз бойы бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастырып, халықтың қауіпсіздігіне қызмет етуді басты міндет ретінде орындап келеді.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ
