Германияның Дортмунд қаласында грек-рим күресінен дәстүрлі Гран-при бәсекесі өтті. Биылғы сайыста Шымкент қаласының балуандары да бақ сынап, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы Мейіржан Шермаханбет биылғы турнирден де жүлдемен оралды.

Тәжірибелі балуан жартылай финалда қарсыласына есе жіберіп, қола жүлдеге таласта Австрия өкілінен басым түсті. Осылайша жеңісті дәстүрін жалғастырып, Гран-При сайысының екі дүркін жүлдегері атанды. Жерлесіміз 2023 жылы да қола жүлде жеңіп алған болатын. Одан кейін Жазғы Азия ойындарында финалға дейін жетті. Жалпы айтқанда, Шермаханбетке Олимпиада ойындарының жүлдесі ғана жетпей тұр. Басқа халықаралық турнирлер, Азия және әлем чемпионаттарында жүлделі орындарға қол жеткізді.
Сондай-ақ, биылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Омар Сатоев та (82 келі) беделді Гран-При сайысында күміс жүлдеге ие болды. Жас балуан 2025 жылы ересектер дуында жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Алда жауапты бәсекелер тұр. Жерлестерімізге алдағы маңызды сындарда сәттілік тілейміз.
