Редакция таңдауы

Реформаның жемісі: елімізде жарты миллиардтан астам дәрі таңбаланған

Қазақстан соңғы жылдары денсаулық сақтау саласын заманауи технологиялармен жаңғыртуға басымдық беріп келеді. Соның бір маңызды қадамы – дәрі-дәрмекті цифрлық таңбалау жүйесін енгізу.

Бұл жүйе 2024 жылғы 1 шілдеден бастап толық күшіне еніп, елдегі фармацевтикалық нарықтың жаңа кезеңі басталды. Бұған дейін халық арасында жалған дәрілердің сатылуы, сапасыз өнімдердің дәріханаларға түсуі, мемлекеттік тапсырыс бойынша берілетін препараттардың жетіспеушілігі сияқты мәселелер жиі көтеріліп келгені белгілі. Таңбалау жүйесі осы түйткілдердің алдын алып, халықтың сапалы әрі түпнұсқа дәріге қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Дәріні таңбалау – жай ғана қаптаманың сыртына код жапсыру емес. Ол – бүкіл логистикалық тізбекті қамтитын ауқымды процесс. Дәрі зауыттан шыққан сәттен бастап көтерме қоймаларға, одан дәріханаларға және ауруханаларға жеткізіледі. Осы жолдың әр кезеңінде қаптамадағы Data Matrix коды сканерленіп, ақпарат ортақ дерекқорға енгізіледі. Нәтижесінде препарат қатаң бақылауда болады. Бұл дәрінің түпнұсқалығына сенімді арттырып қана қоймай, көлеңкелі айналымға тосқауыл қояды.

Осы жүйені түсіндіру мақсатында БАҚ өкілдерінің қатысумен таңбалау процессінің қалай жүзеге асатыны түсіндірілді. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының ұйымдастырумен «Таңбалау не үшін қажет: дәрінің зауыттан тұтынушыға дейінгі жолы» атты баспасөз-конференциясы өтті.

 

Шымкент – үштікте: 11 миллионнан астам қаптама сатылды

Дәрі-дәрмекті таңбалау жүйесі Қазақстанда мемлекеттік деңгейде қатаң бақылауға алынған. Бұл істің негізгі үйлестірушілері – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Бірыңғай тауарларды таңбалау және қадағалау операторы Tañba. Олар жүйенің толыққанды жұмыс істеуін қадағалап қана қоймай, әр кезеңдегі көрсеткіштерді жариялап отырады. Министрліктің мәліметінше, бүгінгі күні Қазақстан аумағында айналымдағы дәрілердің 90 пайыздан астамы таңбаланған. Бұл дегеніміз – ел тұрғындары қолына түсетін дәрінің басым бөлігі Data Matrix коды арқылы тексерілуге дайын деген сөз. Жүйе іске қосылғалы бері 512 604 602 қаптама дәрілік таңбаланып, бірыңғай ақпараттық базаға енгізілген. Мұндай  қысқа уақыт ішінде бұл нәтижеге жету үлкен жетістік саналады. Tañba өкілдерінің айтуынша, таңбаланған дәрілердің қозғалысы толық бақылауда. Мәселен, белгілі бір өңірде белгілі бір дәріге сұраныс күрт артса, оператор жүйе арқылы соны бірден байқап, Денсаулық сақтау министрлігіне хабар береді. Нәтижесінде тапшылық туындамай, қажетті препараттар дер кезінде жеткізіледі. Бұл әсіресе инсулин, антибиотик, қан қысымын реттейтін дәрілер сияқты халық арасында жиі тұтынылатын өнімдер үшін аса маңызды. Себебі, әрбір дәрінің түпнұсқалығы мобильді қосымша арқылы тексеріледі. Мысалы, қарапайым тұтынушы дәріханадан дәрі сатып алған кезде қаптамадағы QR-кодты сканерлеп, оның қай зауытта жасалғанын, Қазақстанға қашан жеткізілгенін көре алады.

– Ресми деректер бойынша, таңбалау жүйесі енгізілгелі күмәнді өнімдер анықталмаған. Бұл жүйе дәрілердің жарамдылық мерзімін де бақылауға мүмкіндік береді. Егер белгілі бір партияның уақыты өтіп бара жатса, ол база арқылы көрініп, сатылымнан алынуы тиіс. Мемлекет үшін мұның тағы бір тиімді жағы – бюджет қаржысын үнемдеу. Бұрын тегін таратылатын дәрілердің бір бөлігі көлеңкелі нарыққа шығып кететін жағдайлар болған. Қазір әрбір дәрінің жолы бақылауда болғандықтан, мұндай тәуекелдер азайды,-дейді ҚР ДСМ Шымкент қаласы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті басшысының міндетін атқарушы Айгүл Садықова. Денсаулық сақтау министрлігі осы арқылы халыққа арналған тегін дәрі-дәрмектердің әділ үлестірілуін қамтамасыз етіп отыр. Жалпы алғанда, жаңа жүйе мемлекеттік бақылауды күшейтіп қана қоймай, денсаулық сақтау саласындағы ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ететін негізгі құралға айналды.

 

Ең көп сұранысқа ие дәрілер: этил спирті, аспирин, парацетамол

Дәрі-дәрмекті таңбалау жүйесінің табысты жүзеге асуы ең алдымен өндірушілердің қолдауына байланысты. Қазақстан нарығына өнім жеткізетін отандық және шетелдік фармацевтикалық компаниялар жаңа жүйеге бейімделу үшін өндірістік желілерін жаңартып, қаптама технологияларын халықаралық стандарттарға сәйкестендірді. Әсіресе Польшада орналасқан ірі фармацевтикалық компаниялардың бірі – Polpharma тобы осы үдеріске белсенді араласқан. Компанияның өндірістік қызмет жөніндегі жетекшісі Томас Нотеггер Қазақстанда таңбалау жүйесін енгізуді оң бағалап, мұны бүкіл ТМД кеңістігінде үлгі боларлық тәжірибе деп атады. Оның айтуынша, фармацевтикалық саладағы ашықтық пен сенімді арттыру – өндірушілердің де басты мүддесі.

«Таңбалау жүйесі – дәрінің сапасын ғана емес, компанияның беделін де қорғайтын құрал. Біз Қазақстанға жеткізетін әрбір қаптаманың тіркеліп, бақылауда болғанын қалаймыз. Себебі тұтынушы сенімінен артық құндылық жоқ», – деді Томас Нотеггер. Оның пікірінше, бұл бастама фармацевтикалық бизнесті заңсыз бәсекеден сақтап, әділ нарық қалыптастыруға септігін тигізеді. Polpharma тобы сияқты ірі халықаралық тәжірибесі отандық өндірушілер үшін де пайдалы. Қазақстандағы бірнеше фармацевтикалық зауыт таңбалау жүйесін енгізу мақсатында арнайы қондырғылар сатып алып, өндіріс желісін қайта құруға мәжбүр болды. Бұл белгілі бір шығынды талап еткенімен, ұзақ мерзімде сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, таңбалау жүйесі тек шығын емес, сонымен бірге инвестиция. Мысалы, қаптамадағы Data Matrix коды арқылы дәрінің түпнұсқалығын дәлелдеу өндірушінің брендін қорғайды. Бұрын нарыққа жалған өнім кірген жағдайда тұтынушы түпнұсқа компанияға сенімсіздікпен қарайтын. Ал қазір бұған тосқауыл қойылды. Бұған қоса, таңбаланған өнімнің экспортық әлеуеті де артады. Себебі, халықаралық нарықта дәрі-дәрмек жеткізетін мемлекеттерден сапа мен қадағалауға қатысты жоғары талап қойылады. Қазақстанда қабылданған жүйе осы талаптарға сәйкес келеді. Демек, отандық зауыттар өз өнімдерін шетелге кедергісіз шығаруға мүмкіндік алады. Бұл тәсіл жалған дәрінің алдын алып қана қоймай, тұтынушыға нақты кепілдік береді. Бүгінде Қазақстан бойынша 14 мыңнан астам дәріхана жаңа жүйеге қосылып, фармацевтер арнайы оқытудан өткен.

2025 жылғы 13 тамыздағы жағдай бойынша осы уақытқа дейін Қазақстанда шамамен жарты миллиард дәрі-дәрмек таңбаланды. Оның ішінде дәріханаларда 95 миллионнан астам препарат сатылған. Сатылым көлемі бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында тұр – мұнда 21 миллионнан астам дәрі тіркелген. Одан кейінгі орында Қарағанды облысы – 12 миллион қаптама, үшінші орында Шымкент қаласы – 11 миллионнан астам дәрі-дәрмек сатылған. Жалпы алғанда, бүгінгі таңда елімізде тәулігіне жарты миллионнан астам дәрі-дәрмек сатылады. Мәселен, тек 7 тамыз күні Қазақстан бойынша 566 мың қаптама сатылған. Тамыз айындағы орташа көрсеткіш тәулігіне 480 мыңнан 580 мың аралығында тұрақтап отыр. Міндетті таңбалау жүйесі енгізілгеніне бір жыл толуына орай Денсаулық сақтау министрлігі ең көп сатылған дәрілердің тізімін жариялады. Бір жыл бұрын көш басында парацетамол тұрса, қазір жағдай өзгерген. Ең көп сатылған өнім ретінде этил спирті – 3,5 миллион қаптама. Екінші орында ацетилсалицил қышқылы да 3,5 миллион қаптамамен тұр. Үшінші орында парацетамол – 3,39 миллион, төртінші орында натрий хлориді – 3,21 миллион қаптама. Алғашқы бестікті Цитрамон П түйіндейді, ол 1,89 миллион қаптамамен сатылған. Ең танымал ондыққа сондай-ақ меновазин (1,64 млн), нафазолин-DF (1,31 млн), этил спирті-DF (1,3 млн), нафазолин-К (1 млн) және Левомеколь жақпамайы (920 мың қаптама) кіріп отыр.

«Таңбалаудың басты мақсатының бірі – мемлекет қаржысы есебінен берілетін дәрілерді толық қадағалау. Жүйе іске қосылғалы бері амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында қазақстандықтарға 24,2 миллион қаптама, ал стационарлық ем аясында 45,4 миллион қаптама препарат берілді. Ең көп дәрі Алматы қаласында, Түркістан облысында және елордада таратылған», – дейді Tañba Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының дәрілік заттарды таңбалау жобасының жетекшісі Анар Карибаева. Оның айтуынша, жаңа жүйе тек коммерциялық айналымды ғана емес, мемлекет тарапынан бөлінетін дәрілердің де ашықтығын арттырып отыр. Бұл мәліметтер қазақстандықтардың дәрі-дәрмекке қолжетімділігінің артқанын, фармацевтикалық нарықтағы ашықтық пен сенімділіктің нығайғанын көрсетеді. Ең бастысы – азаматтар жалған өнімнен қорықпай, сапалы әрі ресми тіркелген дәріні қолына алып отырғанына толықтай көз жеткізді.

Beautiful young woman pharmacist showing drugs to senior man customer in pharmacy.

Polpharma Santo: 2 млн доллар инвестиция

Дәрі-дәрмекті таңбалау жүйесі енгізілген алғашқы кезеңде өндірушілер мен дистрибьюторлар үшін үлкен жауапкершілік болғаны жасырын емес. Себебі әрбір қаптамаға дербес Data Matrix кодын енгізу, логистикалық тізбекті қайта қарау, жаңа жабдық сатып алу қажеттілігі туындады. Алайда бұл қадам уақыт өте келе өзін толық ақтады. Таңбалау процесін көрсету барысында журналистерге еліміздегі жетекші отандық дәрі өндірушілердің бірі Polpharma Santo зауытында таңбалау кодтарының қалай қойылатыны көрсетілді. Бұл сәтте Polpharma тобының өндірістік қызмет жөніндегі жетекшісі Томас Нотеггер зауыттағы жаңа жүйе туралы пікір білдірді.

«Біз маңызды қадам – Polpharma Santo зауытындағы сериализация жүйесін көрсетіп отырмыз. Бұл жай ғана техникалық жаңалық емес, жаңа құзыреттерді, заманауи инфрақұрылымды және командалық ынтымақтастықты талап ететін мәдени өзгеріс. Біз қазірдің өзінде жабдыққа және қызметкерлерді оқытуға 2 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция салдық. Бүгінгі таңда біздің өндірістік алаңдағы 8 қаптау желісі сериализация және агрегация жүйесімен толық жабдықталған. Бұл тек талаптарды орындау ғана емес, сонымен қатар біздің өнімдерімізге және миссиямызға, яғни қауіпсіз дәрі-дәрмек жеткізетінімізге сенімді нығайту», – деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанда енгізілген таңбалау жүйесі бүгінде Еуропа елдерімен бір деңгейде тұр. «Біз осыған дейін Польшада, Балтық елдерінде және басқа да мемлекеттерде осындай тәжірибеден өткенбіз. Алғашқыда қиындық көп болады, бірақ жүйе жолға қойылған соң, барлығы бірізденеді. Ең бастысы – дәрі-дәрмек қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі», – деді Нотеггер.

Polpharma өкілдерінің пікірінше, таңбалау енгізілгелі бері өндірістік процестерде шығындар ұлғайғанымен, нарықтағы ашықтық пен халық сенімі еселеп артқан. Дәрілердің заңсыз айналымы айтарлықтай азайып, «көлеңкелі нарықтың» үлесі қысқарған. Бұл өз кезегінде ресми өндірушілердің жұмысын жандандырып, отандық фармацевтикалық кәсіпорындарға да оң ықпалын тигізуде. Қазақстандағы ірі дистрибьютор компаниялары да жаңа жүйені қолдайтындықтарын жеткізді. Олардың айтуынша, әрбір дәрінің қозғалысын «зауыттан сөреге дейін» бақылап отыру қоймалардағы және тасымалдау кезіндегі қателіктерді азайтқан. Бұрын логистикада адасқан қораптар мен сәйкес келмеген партиялар жиі тіркелсе, қазір мұндай жағдайлардың алдын алу жеңілдеген. Фармацевтикалық қауымдастық өкілдері де осыған қосылып, жүйенің болашақта экспорт әлеуетін арттыратынына сенімді. «Қазақстандық дәрілерді шетелдік нарыққа шығаруда бізге қойылатын басты талап – ашық қадағалау жүйесі болатын. Енді бұл талап толық орындалып отыр. Демек, алдағы уақытта отандық өнімдердің шетелдік нарыққа шығуы жеңілдейді», – дейді кәсіпорын жетекшілері.

 

Таңбалау – халық сенімін арттыратын ұлттық жоба

Дәрі-дәрмекті таңбалау жүйесі бүгінде Қазақстандағы фармацевтикалық нарықтың ажырамас бөлігіне айналды. Бар болғаны бір жыл ішінде оның тиімділігі дәлелденіп, қоғамның сенімін ақтап үлгерді. Жүйенің басты мақсаты – халықты сапасыз және жалған препараттардан қорғау, әрбір дәрінің қаптамадан бастап пациентке жеткенге дейінгі жолын қадағалау. Бұл мақсат орындалып жатыр. Қазір дәрі-дәрмекке қатысты ақпараттар ашық әрі қолжетімді. Әрбір азамат дәріханадан алған дәрісін арнайы қосымша арқылы тексеріп, оның заңды әрі қауіпсіз екеніне көз жеткізе алады. Бұл қарапайым тұтынушы үшін бұрын-соңды болмаған мүмкіндік. Ал дәріханалар мен қоймалар үшін тауардың қозғалысын бақылау жеңілдеді, бюджет қаражатының шығысы ашық әрі тиімді болды. Сарапшылардың айтуынша, осы жүйенің арқасында Қазақстанда фармацевтикалық тәртіп күшейді. Мысалы, дәрінің жетіспеушілігі, қоймадан жоғалуы немесе көлеңкелі айналымға түсуі секілді проблемалар мүлде жоқ. Polpharma Santo секілді ірі өндіріс орындарының цифрлық жүйеге қосылуы – бұл бастаманың тұрақты әрі ұзақ мерзімді болатынын дәлелдейді. Кәсіпорындар өз қаражаты есебінен жаңа жабдықтарға инвестиция салып, кадрларды оқытып жатыр. Бұл – фармацевтика саласында оң өзгеріс жасап жатқан үлкен қадам.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар

// DEBUG: Processing site: https://shymkala.kz // DEBUG: Panos response HTTP code: 200 online casino real money online casino real money online casino real money online casino real money online casino real money online casino real money online casino real money online casino real money online casino real money online casino real money