Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек баспасөз брифингін өткізіп, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік, құқық қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Қала әкімінің орынбасары алдымен ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай кейбір азаматтарға бірреттік әлеуметтік көмек көрсету, білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы, әкім гранты, құқық бұзушылықты төмендету бағытында жүзеге асып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
Сәрсен Абайұлының мәліметінше, мерекеге орай мүгедектігі бар балаларға — 5 АЕК (19 660 теңгеден) мөлшерінде бірреттік әлеуметтік көмек бойынша 8 323 баланың тізімі алынып, төлеу жұмыстары жүргізілуде. Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға — 20 АЕК (78 640 теңгеден) мөлшерінде бірреттік әлеуметтік көмек (673 бала) көрсетілуде.
Бұл төлемді алу үшін ешқайда барып, өтініш берудің қажеті жоқ. Төлемдер автоматтандырылған база арқылы мүгедектігі бар балалардың аналарының әлеуметтік есепшоттарына автоматты түрде аударылады. Ал ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған төлемдер оларды заңды қамқорлығына алған азаматтардың есепшоттарына түседі. Шымкент қаласы 2025-2026 оқу жылын 305 мектептегі 271 600 оқушымен бастағалы отыр. 1-сыныпқа 27 546 оқушы жоспарланып, оның 25 252 оқушы қабылданды.
«Тұрғын үй Шымкент» ЖШС тарапынан 2025 жылы қала аумағындағы 26 көпқабатты тұрғын үйдің жалпы мүлкін күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Қазіргі таңда Әл-Фараби ауданы бойынша 5 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Қалған 21 көпқабатты тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.
Өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде жалпы 181 іс тіркеліп, оның 4-уі сотқа жолданған. Оның ішінде, жиі тіркелетін қылмыстар алаяқтық (61 іс), ұрлық (46 іс), есірткінің заңсыз айналымы (11 іс) және жол-көлік оқиғаларына қатысты істер (9). Алаяқтық қылмыстарының басым көпшілігі интернет-алаяқтықты (42) құрап отыр. Есірткі заттарын жарнамалау, тарату да қоғамда өзекті мәселенің бірі. Қала әкімдігінің ресми өкілі құқық бұзушылықтан қашық жүруге, жастарды еңбек етіп, адал табыс табуға шақырды.
Баспасөз мәжілісінде БАҚ өкілдері әлеуметтік көмек беру, Қошқар ата өзені бойындағы үйлерді кәрізбен қамту, тарифті көтеру, тұрғын үйлерді күрделі жөндеу және тағы басқа мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Қала әкімдігінің ресми өкілі және тиісті басқарма қызметкерлері барлық сауалға толыққанды жауап берді.
Т.ҚАСЫМ
