Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бір сөзінде: «Қалаларымыз – ел экономикасының тірегі ғана емес, халқымыздың өмір сапасын айқындайтын басты орталықтар. Сондықтан әрбір өңірдің дамуында жүйелілік, жаңашылдық және әлеуметтік жауапкершілік қатар жүруі тиіс» деген еді. Бұл ой, әсіресе, еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкенттің даму стратегиясына толық сай келеді.

Осы бағытта жұмыс істеп келе жатқан Shymkent әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) қала экономикасын әртараптандыру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдауда жүйелі қадамдар жасап отыр.
Шымкент – еліміздің үшінші мегаполисі ғана емес, инвестиция мен инновацияның тоғысқан орталығы. Бұл серпінді дамудың алдыңғы шебінде «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тұрғаны мәлім және жергілікті экономиканы дамытуға, бизнесті қолдауға және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталған аймақтық даму институты. Оның басты мақсаты – мемлекеттік және жеке секторды біріктіру арқылы тиімді, ұзақ мерзімді жобаларды іске асыру.
Корпорацияның жұмысы тек бизнес-жобалармен шектелмейді. Ол әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту, тұрғындардың өмір сапасын арттыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты қоғамдық маңызы жоғары міндеттерді қатар атқарады.
– Соңғы жылдары корпорацияның қолдауымен Шымкентте бірқатар ірі жобалар жүзеге асты. Индустриялық аймақтарды кеңейту – шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен жаңа зауыттар ашылды. Агроқұрылымдық жобалар – жылыжай кешендері, суармалы егін шаруашылығын дамыту бағдарламалары іске қосылды. Тұрғын үй құрылысы – әлеуметтік осал топтар мен жас отбасыларға арналған баспана жобалары жүзеге асты. «Жасыл қала» жобасы мегаполистің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған. Бұл бастама аясында жыл сайын ондаған мың ағаш отырғызылып, жаңа саябақтар мен жасыл аймақтар бой көтеруде. Standard Steel KZ шағын өнеркәсіптік аймағы – 6,3 гектар аумақта 17 өндірістік нысан бой көтеруде. 2025 жылдың мамырында іске қосылады. Бұл – болашақта жүздеген адамға жұмыс табатын өндіріс ордасы. Almar Logistic кешені – қаладағы ең ірі логистикалық хабтардың бірі. Жоба аймақаралық тауар айналымын жеделдетіп, кәсіпкерлер үшін тиімді инфрақұрылым қалыптастырады. A+ санатындағы заманауи қоймалар – тәулігіне 1 455 тонна өнім сақтауға қауқарлы тоңазытқыш және құрғақ азық қоймалары 2025 жылы толық іске қосылады. “Энерготранс-3” аймағы – 3,25 гектарға салынған өндірістік кешен қыркүйекте пайдалануға беріледі. Біз тек нысан салып қана қоймай, оған өмір сыйлайтын бизнес-ортаны қалыптастырамыз. ӘКК міндеті – инвестор мен әкімдік арасындағы сенімді көпір болу, – дейді басқарма төрағасы Данияр Ахметжанов.
Баға ауытқымаса, көңіл де алаңдамайды
ӘКК қызметі тек қаржы мен жобаны басқару емес, бұл – қала болашағын жоспарлау ісі. Ал тұрғындар қалтасына тікелей әсер ететін мәселе – баға тұрақтылығы. Бұл бағытта ӘКК-нің тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Мақсаты – әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын қадағалау, алыпсатарлықтың алдын алу. Қор азық-түлік өндірушілермен тікелей келісім жасап, жеңілдетілген несие беру арқылы дүкен сөрелеріндегі бағаны ұстап тұрады. Арнайы әлеуметтік дүкендер мен жәрмеңкелер арқылы халыққа өнім базар бағасынан төмен сатылады. Мұндай дүкендерде қант, ұн, күнбағыс майы, макарон, картоп, сәбіз секілді 19 атаулы әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасы нарықтағыдан 10–15% төмен. «Грамад» және «Магнум» секілді ірі дүкендерде де осы тәртіп сақталған. Қордың деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері қаладағы ірі сауда орындары мен базарларда 20 мың тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері тұрақты бағамен сатылған. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері мен жылжымалы сауда нүктелері де жұмыс істеп, тұрғындар сапалы әрі арзан өнім алуға мүмкіндік алды.
«Бұл жүйе – нарықтағы алыпсатарлықты тежеудің тиімді тетігі. Біз өнім өндірушілермен тікелей келісімшарт жасаймыз, сөйтіп, делдалсыз жеткізу арқылы бағаның негізсіз өсуін болдырмаймыз», – дейді Shymkent ӘКК өкілдері.
Алдағы уақытта тұрақтандыру қорының қоймалық қуаты артып, азық-түлік түрлері кеңейтілмек. Бұл қадам бағаны ұстап тұруға ғана емес, қаладағы азық-түлік қорының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де септігін тигізбек.
Тозығы жеткен үйлер жаңаруда
Биыл ақпан айында Шымкент қаласында тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңарту бойынша маңызды құжат – арнайы жол картасы бекітілген болатын. Бұл құжат тек ескі үйлерді сүру емес, қала келбетін жаңғырту, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған кешенді жоба.
– Бүгінгі күнге дейін жоспарланған 12 үйдің 11-і бойынша жұмыс аяқталып, 126 пәтердің иелері жаңа қонысына кіріп үлгерді. Көксай шағын ауданында орналасқан 8 үйдің (76 пәтер) тұрғындары мен қала ортасындағы Круговой, Әлімқұлова және 1 Мамыр көшесіндегі 3 үйдің (50 пәтер) тұрғындары заманауи талапқа сай салынған жаңа пәтерлердің кілтін алды. Бұл реновация – жай ғана баспана ауыстыру емес, адамдардың өмір сапасын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік беретін маңызды қадам. Бұрын едені шіріп, қабырғасы жарылған, қыс мезгілінде жылу жетпейтін үйлердің орнына бүгінгі қауіпсіз, жылы әрі жарық пәтерлер беріліп отыр. Жаңа үйлердің жанында абаттандырылған аула, балалар ойын алаңдары, жаяу жүргіншілерге арналған қауіпсіз жолдар қарастырылған, – дейді Данияр Ахметжанов.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, бұл – ауқымды реновация бағдарламасының тек алғашқы кезеңі. Жалпы, Шымкент бойынша 107 үй техникалық сараптамадан өткен. Оның ішінде апатты деп танылған ғимараттар кезең-кезеңімен сүріліп, орнына көпқабатты жаңа үйлер салынбақ.
Мамандардың айтуынша, реновация тек тұрғындардың тұрмысын жақсартумен шектелмейді. Бұл қала архитектурасын жаңартып, инженерлік инфрақұрылымды толықтай қайта құруға жол ашады. Ал бұл өз кезегінде қала көркін өзгертіп, шаһарға жаңа тыныс береді.
“Әділетті қоғам – әр азаматтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасайтын мемлекет” деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Шымкенттегі реновация бағдарламасы – осы сөздің айқын көрінісі. Ескі үйлердің орнына жаңа пәтерлер беріліп, тұрғындардың тұрмыс сапасы артуда. Бағаны тұрақтандыру қоры болса, базардағы бағаның шамадан тыс өсуіне тосқауыл қойып, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын қорғауда. Ал жаңа өндірістік және логистикалық жобалар қаланың экономикалық әлеуетін көтеріп, жұмыс орындарын ашып келеді. Бұл – тек ресми деректер мен құрғақ сандар емес, әр шымкенттіктің күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нақты өзгерістер. Бүгін жасалған бұл берік қадамдар – ертеңгі сенімді, әділетті болашақтың кепілі.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА
