«Қыстың қамын жаз ойла» дейді халқымыз. Иә, қазіргі уақытта Шымкентте қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Жылу желілері, қазандықтарды жаңғырту, көпқабатты үйлерді, әлеуметтік нысандардың дайындығын пысықтау – басты назарда тұрған мәселе. Құрылыс жұмыстары талапқа сай сапалы және өз мерзімінде орындалуы тиіс.
Шымкент қаласы мәслихатының уақытша комиссиясы жылу маусымына дайындық шаралары бойынша нысандарды зерделеу, пысықтау жұмыстарын жүргізуде. Қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов бастаған депутаттар бірқатар нысандарды аралап шықты.
Жуырда уақытша комиссия, БАҚ өкілдері Нұрсәт шағынауданындағы «АДЦ-160 Гкал» қазандығын жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Аталған іс-шаралар жылумен қамтамасыз етуді жақсартып қана қоймай, пайдалану шығындарын азайтады және жылу көзінің тұтынушыларға жақын орналасуын пайдалана отырып, жылыту режимін жылдам реттеуге мүмкіндік береді.
Аталған қазандық көпқабатты үйлерді және әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етеді. Биыл қазандыққа 12 көпқабатты үй қосылған. «Қуатжылуорталық-3» мекемесі өкілдерінің айтуынша, жалпы 350 үйге дейін резерв бар. Қазандықты қаланың солтүстік бөлігіне қосу жобасының екінші кезең жұмыстары аяқталған. Былтыр аталған нысанға бірқатар ескертпелер айтылған болатын. Атап айтқанда, резервті жылыту құрылғыларын іске қосу мәселесі. Егер газ тапшылығы болса немесе апаттық жағдай орын алса, уақытша дизельмен жұмыс істеп тұруы керек. Құрылғыларды сәйкестендіру бойынша былтыр бірқатар тапсырмалар берілген. Бүгінде жұмыстар жүргізіліп, мекеме басшылары 3-4 айда оны да ретке келтіретіні айтады. Негізінен, онда сапалы құрылғылар орнатылған. Қазіргі таңда қазандық 5 пайыз ғана жұмыс жасап, көпқабатты үйлерге ыстық су беріп отыр. Жалпы, мұнда 5 қазандық бар. Екеуінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Негізгі отын – табиғи газ. Резервтік отын – дизель. Айта кетсек, бұл қазандық 217 көпқабатты үй, 33 коммерциялық нысан, 11 бюджеттік мекемені қамтып отыр. Мекеме басшыларының айтуынша, 2015 жылы іске қосылған қазандықтан көпқабатты үй тұрғындарынан еш шағым болмапты.
Қала мәслихатының төрағасы баламалы қуат көзін қамтамасыз ету, пайдалану шығындарын азайту жұмыстарын күшейту қажет екенін міндеттеді. Нысанды жаңғырту бойынша тиісті қаражат мәслихат сессиясында қаралатынын айтты.
Жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы жылу және табиғи газбен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ерболат Мамырханның айтуынша, Шымкент қаласында 838,6 шақырым жылу желілері бар. Оның 63,86 шақырымы ішкі орамдық желілер, 150 шақырымы магистральді желілер. Жалпы 27 қазандық, 17 сорғы стансасы бар.
Қалада жылу маусымына дайындық жұмыстары сәуір айынан басталған. 463 бюджеттік мекеме, әлеуметтік нысандарда дайындық кесте бойынша атқарылуда. 2166 көпқабатты тұрғын үй бар. Оларға аудан әкімдіктерімен бірге қысымдау жұмыстары жүргізіліп, жалпы жылу желілері тексерілуде. 1 қазанға дейін толық аяқтау назарда тұр.
Қалада алдағы уақытта 33,3 шақырым ішкі орамдық жылу желілерін ауыстыру жоспарға енгізілген. Басқарманың мәліметінше, қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Тамыз айында жұмыстар басталмақ.
«АДЦ-160 Гкал» қазандығын жаңғырту жобасы бойынша 1,4 млрд теңгеге жұмыстар атқарылды. Алдағы уақытта 1,7 млрд теңге республикалық бюджеттен нақтылау күтілуде.
Жылу желілерінің тозу деңгейі – 37 пайыз. Ендігі кезекте осы жұмыстардың нәтижесінде аталған көрсеткішті 36 пайызға түсіру күтілуде.
Әлеуметтік нысандар басты назарда
Шымкент қаласында денсаулық сақтау мекемелерін жаңғырту, материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Шаһарда бүгінгі таңда екі ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес атқарылуда. Мұнда жылу жүйелері, желдеткіштер толығымен ауыстырылып, есік-терезелері жаңартылуда. Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.
№1 қалалық клиникалық ауруханасының ғимаратында жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен орындалып келеді. Бүгінде аурухананың А, Б, Г және шаруашылық блогында жөндеу жұмыстары аяқталған.
Мәслихат депутаттары кезекті аралау барысында жұқпалы аурулар ауруханасындағы жөндеу жұмыстарының барысын бақылады. Б.Нарымбетов мердігерлерге құрылыс жұмыстарын сапалы әрі өз мерзімінде орындау қажет екендігін айтты.
-Құрылыс жұмыстары уақытылы, сапалы жүргізілу керек. Қазір ауа райы да қарайласып тұр. Жұмыстарыңызға оң баға беруге болады. Бірақ мәселелер де бар. Аурухана, емханалардың дайындығын назарда ұстап отырмыз. Бұл ауруханада бүкіл жылыту жүйесі ауысып жатыр. Қарап шықтық, сапалы жұмыс жүргізілуде. 25-26 тамызда мәслихаттың сессиясын өткізуді жоспарлап отырмыз. Сол кезде дайындық жұмыстарын қорытындылаймыз, – деді Б.Нарымбетов.
Сондай-ақ, іс-шарада көпшілік 16 шағын аудандағы №41 үйді жөндеу, жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстарын пысықтады. Мәслихат төрағасы жалпы қала тұрғындары көпқабатты үйге өзінің меншігіндей қарап үйрену керек екенін айтады. “Төбемізден су ағады, терезесі ескірді, неге жарық қойып бермейді?” деген мәселемен әкімдікке айтудың қажеті жоқ. Пәтер иелері кондоминиум құрып, кеңесіп, өздері мәселелерін шешіп үйренетін уақыт келді. Былтыр суықтан қиналған тұрғындар бірлесе, көпқабатты үйді толық ретке келтіріп алды.
Жаңғырту бағдарламасы аясында қаржыны 15 жылға дейін пайызсыз бөліп төлейді. Бұл тұрғындар үшін зор мүмкіндік.
Ұлттық жоба жүзеге асырылуда
Шымкентте «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінде қалада тозығы жеткен инженерлік жүйелерді жаңғырту бойынша монополист мекемелерге қойылатын талаптар күшейтілді. Ұлттық жоба аясында 429 шақырым электр энергиясы, 17 шақырым жылу, 454 шақырым су және 161 шақырым кәріз жүйелері жаңартылатын болады. Сонымен қатар, түркиялық AKSA energy компаниясымен құны 700 млн АҚШ доллары болатын қуаттылығы 500 МВт бу газ қондырғысын салу жобасын іске асыру жоспарлануда.
Қала әкімдігінің мәліметі бойынша, бүгінде 29 шақырым жылу желісі және 330 шақырым электр желісі қайта реконструкцияланды. Қазандықтар жөнделіп, 50 электр трансформаторлары ауыстырылды.
Шаһарда 2027 жылға дейін «АДЦ-160 Гкал» қазандығына қосымша тағы жалпы қуаты 120 Гкал болатын 4 қазандық орнатуды жоспарлап отыр, бұл қалаға жылу беру көлемін 20%-ға арттырады.
Өңірдегі жалғыз ТЭЦ-3 стансасы қаланы 70% жылу және 30% электр энергиямен қамтамасыз етеді. ТЭЦ-3-тің қалаға дейінгі жылу желісінің жалпы ұзындығы 60 шақырымға жуық, ал олардың тозуы 90%-ды құрайды. Осыған байланысты, Ұлттық жобаға осы жылу желілерінің 17 шақырымын реконструкциялауға қосу туралы шешім қабылданды.
Т.ҚАСЫМОВ